Қоғамда жаңару жүріп жатыр, тек оны сезіне білуіміз керек

Біз өзімізге мына саяси сабақты, тарихи түсінікті берік қабылдауымыз қажет. Жаңа да жаңарған Қазақстанды құру бір күннің немесе бір сәттің нәтижесі болмақ емес. Дамыған елдердің даму көші көрсеткеніндей, бұл  – өз кезегінде қоғамдық түрлендіру мен өзгерістердің терең және ұзақ жолы.

Еліміз мемлекеттік басқару үлгісін ауыстыруды ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік әрі қоғамдық көзқарастар жүйесінің өзгеруін де басынан кешіріп отыр. Қазір де аталмыш үрдіске нақты мағына беру үшін «Екінші республика» анықтамасын мемлекет басшысынан жиі естиміз. Расында да Екінші республика – ол әбден жақын әрі айтарлықтай сезіліп тұрған мақсат. Өйткені, Президент бастама көтерген саяси реформаларды жүзеге асыру осы жылдың ішінде іске аспақшы. Конституцияға енгізілетін түзетулер тәуелсіз Қазақстан тарихының келесі парағын, тағы бір жаңа кезеңін, «екінші республиканың» даму бастауының негізін көрсетіп отыр. Мұны Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды белес деуге болады. Өте құптарлық саяси да көреген қадам.

«Біздің мақсатымыз – барлық саланы жаппай реформалау емес. Мағынасыз диалогтың да ешкімге қажеті жоқ. Кез-келген өзгеріс халқымыздың тұрмысын жақсартуы үшін жасалуы керек. Мемлекеттігімізді нығайтып, әлеуетті арттыруды көздейтін ұсыныстарды ғана жүзеге асырған жөн. Бұл – мен үшін айқын ұстаным» деген еді ел Президенті.

Қарап отырсақ, кезіндегі келмеске кеткен Конституциялық сотты жаңғырту, мемлекет басшысының саяси партияларда болмауы, парламент өкілеттігін күшейту, қос палатадағы тың серпіндер, Ұлттық құрылтай құру мен Мәжіліске заң қабылдау құқығының берілуі, партияларды тіркеу мен сайлау үрдісіндегі өзгерістер, ел басшысының жақын туыстарының биік, мәртебелі лауазымда орын алуын шектеу, әкімдерді тағайындау жөніндегі ұсыныстар, қарапайым азаматтардың құқығын қорғаудың заңнамалық шаралары, сот, құқық қорғау жүйесіндегі оңтайлы өзгерістер, азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының маңызын арттыру, жер, табиғи байлықтың меншік иесі халық екендігі және тағы басқа халыққа жақын «еститін» шаралардың бәрі қоғам тарапынан қолдау тауып жатыр. Осы өзгерістердің іргетасы, кезінде, осыдан екі жылдай бұрын митингілер өткізу туралы заңның қабылдануымен басталғанына өзіміз куә болып едік. Қоғам талқысынан өтіп жатқан осынау оңтайлы да оң өзгерістер азаматтық қоғам құрамыз деп жатқан еліміз үшін өте маңызды әрі қажет. Сонау 2019 жылдың соңында бастау алған алғашқы саяси өзгерістердің бірінші кезеңі міне, төртінші сатыдан өтіп, келесі асуға бет алып отыр.

Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстан құру. Бұл нені білдіреді? Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен елдің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайтыны айдан анық емес пе?!

Референдум әр азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік берді. Жан-жақты демократия мен жаңа Қазақстан құру бағдарымызды нығайтады, қарапайым халықтың ресми билікке деген сенімін күшейтеді. Бұл біз үшін қазіргі күрделі де қиын геосаяси жағдайда өте маңызды. Сонымен қатар, Президент Қ.К.Тоқаевтың Конституциялық реформасының стратегиялық мақсаты бұрынғы саяси құрылымдық жүйеден мұраға қалған және де «Жаңа Қазақстанды» құруға мүмкіндік бермейтін кедергілерден арылу болып отыр.

Менің ойымша, әрдайым мына мәселені ескеруіміз керек, біздегі саяси реформалардың айналымызда орын алып жатқан аса күрделі саяси жағдайда жүріп жатқандығы. Сондықтан, біздегі көптен халық күтіп жүрген реформалар байыпты, байсалды жолмен, яғни, эволюциялық тәртіппен жүзеге асырылуға тиісті. Президент өзінің Түркияға жасаған ресми сапары кезінде билік жүйесін демократияландыру принциптерін тағы бір рет мәлімдеуі кездейсоқ емес. Қазақстанның нақты тәуелсіздігін нығайта түсу үшін ішкі қазақстандық қоғам мен Түркия сияқты бізбен мүдделес елдердің кепілдігі аса қажет. Болашақта Қазақстанда авторитарлық дара биліктің қайта орнауына жол бермейтін баптардың енгізілуі соның айғағы. Қазақстанда тек заң үстемдігі мен демократиялық басқару моделін қалыптастыру үшін қоғам мен билік арасындағы сұхбаттастықты мейлінше дамыта бергеніміз жөн.

Аманай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы
Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар