Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ата-баба ізімен... - АРҚА АЖАРЫ

Ата-баба ізімен…

Ұлттық бірегейліктің бірден-бір көрсеткіші – халқымыздың жер-су атаулары болып табылады. Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ жер аты, тау атын әмәнда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер, су, жапан дүзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» десе, әйгілі шығыс зерттеушісі, академик-ғалым В.В.Бартольд: «Түркі тектес халықтар арасында жер-су атаулары өзінің қарапайымдылығымен, әрі тарихи деректілігімен жерлерінің қасиетіне сәйкес аттарын дәл тауып қоятын тапқырлығымен таң қалдырып отырады» деген екен.

Көкшетау төңірегіндегі жер-су, тау, шың атаулары соның жанды бір мысалы. Жазғы уақытта, айталық, Бурабай көлін көз жетер көкжиегіне дейін түгел шолып қарасаңыз, айдын беті ақ жамбыдай жарқырайды. «Мөлт еткен көз жасындай күміс көлім, майда ескен қоңыр салқын самал желім» деген сал Біржанның әніне арқау болуының  төркіні де осында. Немесе суға түскен суретінен-ақ үстінен ұшқан құстың қай құс екенін айыруға болатын ақ айдынды көлді, Шабақ көл емес, Айнакөл деу әлдеқайда үйлесімді. Ал, көктемнен бастап қашан қоңыр күз жеткенше көкшіл түсін өзгертпейтін Көкарал қандай, жағасындағы сыңсыған сары қамыстары мөлдір суына сары бояу беріп тұратын Сарыбұлақ өзенінің атауы тамаша емес пе?!

Жер-су атаулары – ата-бабамыздан бізге мұра болып қалған мәдени-тарихи, ұлттық құндылықтарымыз. Әр байырғы атау өн бойына ел тарихының, қазақ халқының рухани болмысы мен дүние-танымының, салт-санасы мен әдет-ғұрпының, табиғат құбылыстары мен айналысқан кәсібінің сан алуан сырын сақтаған.

Ежелден ата-бабамыз бүгінгі Бурабай көлін Әулиекөл, қазіргі кішкене Шабақтыны – Шабақкөл, үлкен Шабақтыны – Айнакөл деп атаса керек. Ал, Кеңес дәуіріндегі жаппай орыстандыру тұсында Көкшетау – Синегорье, Көкарал – Голубой залив, Шортанкөл – Щучье, Күркіреуік – Громотуха, Қарасу – Карасье, тағы сол сияқты болып шыға келген.

Өйткені, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ономастикалық жүйе қазақ даласы Ресей империясының құрамына енгеннен кейін түбегейлі өзгерістерге ұшырап, патша үкіметінің отаршылдық мүдделеріне, кейінірек кеңестік жүйенің тоталитарлық саясатына қызмет етуге мәжбүр болды. Қазақ елінің картасы аяусыз бұрмалауларға ұшырады. Тарихи терең тамыры бар көптеген қазақи атаулар біржолата жойылып кетті.

Кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаев ономастикаға қатысты бір еңбегінде «Жер тарихы – ел тарихы» деген қанатты сөзді соңғы кезеңде жиі қайталайтын болдық. Өйткені, халықтың ғасырлар бойына сапырылысқан болмыс-танымының ең бір талмау тұсы сол халық авторлығымен қойылған елді мекен, жер атауларында жатыр. Халық қойған әрбір жер атауы – сол жердің тарихи паспорты. Отаршылдар бодан халықтың үрім-бұтағының тарихи жадынан осы байырғы топонимдерді өшіру арқылы рухани мәңгүрттік, құлдық ахуал қалыптастыра алатындығын жақсы білген. Сондықтан да, халық санасынан елдік рухты мүлдем өшіруді ең алдымен жер-су атауларын өзгертуден бастағаны белгілі» деген екен.

Шыныменен тарихқа үңілсек, XVIII ғасырдың аяғынан бастап Ресей империясы қазақ жерін отарлау процесін географиялық атауларды өзгерту арқылы басқаруға болатынын және солай жасау қажет екенін, осылайша тарихи аумақтар туралы халықтың жадын автоматты түрде өшіруге болатынын түсініп, XIX ғасырдың екінші жартысында өзге тілдегі топонимдерді күштеп енгізе бастайды. Столыпин реформасы кезінде қазақ даласына жаңа жер іздеп қашқан шаруалардың жаппай  қоныс аударуы басталады. Жаңадан пайда болған қоныстар негізінен қоныстанушылардың есімдері мен тегінен қалыптасқан (Федосеевка, Николаевка, Дмитриевка, тағысын тағылар). Сондай-ақ, қоныс аударушылар көбінесе жаңадан құрылған елді мекендерге өздері көшіп келген жерлердің аттарын берді. Орыс діни мерекелерінің, шіркеулері мен ғибадатханаларының атаулары да көрініс тапты.

Идеологиялық топонимдердің келесі толқыны Кеңес Үкіметі тұсында, Қазан төңкерісінен кейін пайда болды, олардың бұрынғы атауларына «красный» сөзі жалғанды (Красный Кордон, Красный яр). Революциядан кейін Октябрьское, Советское, Первомайское атаулары берілді. Қаншама елді мекендер Ресейдің көсемдерінің атымен аталды (Карл Маркс, Энгельс, Ленин, әрі қарай осылай кете береді).

Бұдан кейінгі тың игеру саясаты географиялық нысандарды жаппай қайта атау үрдісіне алып келді. Географиялық нысанды қайта атаудың идеологиялық ықпал етудің, белгілі бір атауларды, оқиғалар мен тарихи шындықты халықтың жадынан саналы түрде өшірудің қуатты құралы болғандығы бесенеден белгілі.

Еліміз егемендік алғалы ономастика республикадағы ұлттық тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі ретінде ғылыми-практикалық, мәдени-тарихи ғана емес, сондай-ақ, қоғамдық-саяси маңызға ие болды. Ел-елде, жер-жерде кезінде белден басып таңылған орысша атауларды ауыстыру жұмысы асқан құлшыныспен, таза патриоттық ынта-жігермен жүргізілді.

Сол алғашқы лекпен мысалы бір ғана Щучье ауданында 1993 жылы Фрунзе атындағы кеңшар Абылайхан ауылы, Александровка селосы Кенесары ауылы, «Щорс» кеңшары Наурызбай батыр ауылы атына ие болды. 1997 жылы аудан орталығы Щучинск қаласының  Ленин, Карл Маркс, Энгельс, Дзержинский көшелері Абылай хан, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Д.Қонаев көшелері болып, Бурабай кентіндегі Ленин көшесі Кенесары көшесі болып өзгертілді. Келесі лекпен 2005 жылы ресми түрде Боровое – Бурабай, Климовка – Атамекен, Дорофеевка – Ақылбай, Черноярка – Қаражар, Вороновка – Баянбай болып бірқатар елді мекендер қазақшаланып, қалыпқа келді. Ал, 2009 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Щучье ауданының атауы табиғи келбеті мен тарихи танымына сай Бурабай ауданы деп өзгертілді.

Тәуелсіз Қазақстанда тарихи топонимдерді қайтару мақсатында әкімшілік-аумақтық бірліктердің, қалалардың, ауылдардың және еліміздің табиғатын, тарихын, мәдениетін танытатын географиялық нысандардың байырғы атауларын қалпына келтіру әлі де саяси, психологиялық және экономикалық сипатта белгілі бір қиындықтармен бірге жүруде. Осы орайда, «Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бастамасымен және қолдауымен «Ақмола облысының тарихи-географиялық атауларын зерттеу және қалпына келтіру» жобасы аясында 2021 жылы «Ақмола облысының тарихи топонимдері» атты құнды кітап қазақша, орысша екі тілде жарық көрді (авторы И.Бекзатқызы). Кітаптың құндылығы, Ақмола облысында әлі де аяқ алып жүргісіз орыс тілді атаулардың көп болу себебіне және қазақ тілді ежелгі атаулардың ұмыт болуына алып келген өзге тілдегі атаулардың пайда болу процестеріне ерекше мән берілуінде. Кітапта облыстың елді мекендерінің атауларына қатысты архивтік және ескі топографиялық карталар негізінде тарихи деректер келтірілген. Мысалы, нақты деректерге сәйкес Бурабай ауданына қарасты Райгородок – Шыбындыкөл, Дмитриевка – Жанпейіс, Успеноюрьевка – Арықбалық, Новоандреевка – Кеңащы, Златополье – Құмдыкөл тәрізді бірқатар елді мекендердің байырғы атаулары анықталған.

Кітапта ономастика мәселесімен айналысып жүрген мамандар іздеп жүріп, тауып алып оқитын, жұмыс барысында басшылыққа алатын, әр жылдары жарық көрген бірталай қазақстандық ғалымдардың еңбектері аталған. Айталық, А.Әбдірахманов (1959 ж.), Г.К.Қоңқашбаев (1963 ж.), О.А.Сұлтаньяев (1971 ж.), А.Ф.Дубицкий (1992 ж.), К.Әмірқызы (1993 ж, 2001 ж), К.Д.Каймулдинова (1998 ж.), Омарбекова (1999 ж), А.Е.Аяпбекова (2002 ж.), А.У.Маканова (2004 ж), К.Т. Сапаров (2010 ж), А.Әбдірахманов, О.А.Султаньяев (2015 ж.), А.Е.Егінбаева (2017 ж.), С.Қ.Иманбердиева, Ж.А.Ағабекова (2021 ж.), Ж.О.Артықбаев (2020 ж.)

Ономастика жұмысын жүргізуге жауапты әр адамның білімі мен біліктілігін қажет ететін бұл істі, жоғарыда аталған ғалымдардың еңбектерін зерделей отырып, асқан табандылықпен атқару қажет, өйткені, бұл тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы күрделі процесс. Жергілікті әкімдіктердің елді мекендерге байырғы атауларын қайтарудағы жұмысы дау-дамай тудырмай оң нәтиже беруі үшін тіл, ономастика саласына қатысты қолданыстағы заңнамалық құжаттарды басшылыққа ала отырып, архив құжаттарының мәліметтері мен географиялық-этнографиялық деректемелерді, арнайы зерттеу қорытындыларын негізгі арқау ету қажет.

Жасанды аттарды жою мен байырғы тарихи атауларды қайтару – тек қазақтың ғана немесе қазақ тілділердің ғана емес, жалпы қазақстандықтардың азаматтық позициясын танытатын игі іс. Бұл келер ұрпақ алдындағы, ұлт алдындағы жауапкершілікті түсінетін, елдің, жердің тұтастығын көздейтін басшының да, қосшының да білек шеше бірлесіп атқаратын міндеті.

                                        Марал ЖАҚЫП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар