«Амантайдан абай болыңыздар!» демеске лаж жоқ…

Кең қолтық, дархан мінез ауыл қазағының жас баладай аңқаулығына таң қалмасқа болмайды. Ақкөл ауданына қарасты бірнеше ауылдардың малсақ қауымы айдың-күннің аманында қыруар малынан айырылып, қан қақсап отыр.

Қарасай селолық округіне қарасты Қына ауылындағы «Табыс» шаруа қожалығының иесі Ботажан Дәуей қазан айының 10-ы күні семіртіп отырған төртбас қара малын 560 мың теңгеге бағалап, ғұмыры бет-жүзін көрмеген Амантай Багазат есімді азаматқа тапсырып жіберген. Амантайдың куәлігінің көшірмесі қолында. Екеуара жасаған келісім-шарттары да бар. Алушы он күннің ішінде уәделескен қаражатты әкеліп беремін деп ант су ішкен. Содан бері ұшты-күйлі жоқ. Іргедегі Саздыбұлақ ауылынан да жүзге жуық мал алыпты. Індете іздесек, бір емес, жеті ауылдың, осы ауданның Аңғал батыр, Қына, Бектау, Степногорск қаласы маңындағы бірнеше елді мекен тұрғындарының малын алған.

–Аудандық полиция бөліміне шағымдандық, – дейді Ботажан Дәуей, – бірақ, арызымызды қабылдамады. Күн көрісінен айырылған ауыл адамдары Амантайды іздеп шапқылап жүр, әзірге таптыратын емес. Біз бұл малды бейнетпен бағып отырмыз. Жайылымымыз жоқ, шабындық жер екі бастан. Мал азығын жыл сайын сатып аламыз. Қазір сиыр суалған. Жазда сүттің литрін 150 теңгеден тапсырамыз. Тұқымы азған жергілікті мал болған соң бір сиырдан 7 литр ғана сүт шығады. Осыншама бейнетпен өсірген малды көлденең көк аттыға тапсырып, алданып қалуымыздың басты себебі, мал етін сату қиын. Ақшасын әкеліп беремін деп тұрған соң Аллаға тапсырып, өз қолымызбен көлігіне артып бердік қой…

Осы арада тақырыпқа тікелей қатысы болмаса да, малсақ қауымға шыр бітірмей тұрған азап туралы аз-кем айта кетелік. Шаруа қожалығы басшысының айтуына қарағанда, қазір сапасы көңілден шықпайтын шөптің 250-300 келілік бір бумасы он мың теңге тұрады. Арпаның 35-40 келілік қабы 5000 теңге. Малға жұғымы аздау 20-25 келілік кебектің өзі үш мың теңгенің маңайында. Не жайылымы, не шүйгін шабындығы жоқ бұл төңіректегі малсақ қауым тегіс мал азығын сатып алуға мәжбүр. Қисынға келмейтін бір жері ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, дәл іргеде 3-4 мың гектар жер тусырап бос жатыр  екен. Иесі болғанымен, игерілмеген жерге мал түсіп кетсе, жоқтаушы табылып, айыппұлын арқалатып жібереді. Не өздері пайдаланбайды, не елге септігі жоқ.

–Бұқаралық ақпарат құралдарынан кәдеге аспай жатқан құйқалы жерлер ел игілігіне жаратылып жатыр деген ақпаратты оқыған сайын дәмеленіп қаламыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – бірақ, сол жақсылықтың шарапаты бізге тимей тұр. Біздің шаруа қожалығы ғана емес, осы төңіректегі ат тұяғы жететін ауыл-аймақтың бәрі осылай әупірімдеп күн кешуде. Жайылым мен шабындық болса мал шаруашылығын дамытуға әбден болар еді. Дала төсі мыңғырған малға толса, бәсекелестік пайда болып, мал өнімдері де арзандай түседі емес пе?!

Енді келіп осынша бейнетпен өсірген малды сату жаңағы мал баққан азаптан да ауыр екендігін айта кетелік. Тығырықтан шығатын жол бар, тек тиісінше жағдай жасалмай отыр. Мәселен, қап-қап мал етін арқалап Астана аспаған күннің өзінде іргедегі Степногорскіге өткізуге болар еді.

–Мал сатудың азабы көп, – дейді Ботажан Дәуей, – Астанаға барып келген кісілер енді ондай базарды желкеміздің шұқыры көрсін деп отыр. Ал, Степногорск қаласы дәл іргемізде, егер қала басшылары базардан орын берсе, екі жаққа да тиімді болар еді.

Күн көрістің қамымен мал өсірсем деп талпынып отырған адамдар аз емес. Мәселен, Степногорск қаласының іргесіндегі Қырыққұдық ауылында «Алдаберген» жеке кәсіпкерлігі бар. Кәсіпкер Алдаберген Сагшан қазір 150 жылқы, 80-ге жуық қара мал, бір отар қой бағып отыр. Мал иесінің айтуына қарағанда, Қырыққұдықта да мал жаятын жайылым, мал азығын дайындайтын шабындық жоқ. Өз ісін 2012 жылы бастап, өз төлі есебінен мал басын көбейтіп келе жатқанкәсіпкер осы жолы жоғарыда біз атын атап, түсін түстеген, қаншама адамның жүздеген малын жинап алғанымен, қаражатын қайтармай отырған Амантайға 6 сиыр, бір құнажын, 9 торпақ, 8 жылқысын тапсырған. Берешегі 7 миллион 540 мың теңге.

Мал иелері бірігіп, Амантайдың Целиноград ауданына қарасты Малиновка ауылында тұратын Багазат есімді әкесіне жолыққан. Әкесі баласының не істеп жүргенінен хабарсыз. «Кәмелетке толған адам болғандықтан кейін өз ісіне өзі жауап береді, менің қандай қатысым бар» деп ат-тонын ала қашып отыр. Ал, Амантайдың із сорабын шығарғанымен, өзін тауып жолығу мүмкін болмай отыр. Танитындардың айтуына қарағанда, пәтер жалдап тұратын көрінеді. Мал иелері аудандық полиция бөліміне шағым айтып барғанымен, арыздары қабылданбаған. Айтатын уәждері, алушының тұрғылықты жеріне, яғни, Малиновкаға апарып беру керек екен. Ондағылар сіздердің малдарыңыз жергілікті жерге тіркелген, сол себепті өз аудандарыңызға барып, арыз беріңіздер деп шығарып салатын көрінеді. Осылайша, жүздеген малдың иелері қазан айының 20-сынан бастап табанын тоздырып, шапқылап жүргенімен, Амантай ұшты-күйлі жоқ.

Ақкөл ауданындағы Саздыбұлақ ауылының тұрғыны МұратбекҚадыр да алданып, аузы күйгендердің бірі. Ол алты бас қара малын қазан айының 10-ы күні 1 миллион 380 мың теңгеге бағалап, Амантайға өткізген екен. Алушының уәдесі бойынша бір жұмадан кейін қолына қаражат тиюі керек еді.

Алушының Мұратбек Қадырмен жасалған келісім-шартының көшірмесі қолымызда, онда малдың саны, салмағы, тиесілі қаражаты тайға таңба басқандай көрсетілген.

–Қазір ол ақшадан бізге аспандағы бұлт жақын шығар, – дейді әбден күдерін үзген МұратбекҚадыр, – бірінші жолы 8 бас мал алған, кешіктірмей 1 миллион 980 мың теңгесін әкеп берді. Екінші жолы сол себепті сеніп қалдық. Ауылға мал іздеп келген адам, бұрын-соңды көрген кісім емес. Осы ауылда жұмыс істеген бір ақсақал әкеліп таныстырып, ақыларыңды жемейді деген соң беріп едік. Ауылда мал баққанмен бұлдап өткізуі қиын. Оның үстіне бізге алушының бағасы тәуір болып көрінді. Мәселен, біз малымызды сойып, базарда сататын болсақ, келісін 1700 теңгеден өткізер едік, ал, Амантай бізге әр келісіне 2200 теңгеден төлеймін деді. Ауыл тұрғындары малдың салмағын көзбен мөлшерлеп бере салады емес пе? Біз де сөйттік. Енді бала-шағаны ырыздығынан айырып отырған жайы бар. Іргедегі Қына ауылының малынан айырылған төрт отбасы, Саздыбұлақтың төрт отбасы қосылып, Ақкөл аудандық полиция бөліміне тапсырыс хат арқылы арызымызды жөнелттік. Арада қанша уақыт өтсе де жауап жоқ. Жанымызға бататыны, қарапайым адамдардың мүддесін ешкімнің қорғамайтыны. Кеткен мал кетті, «шығасыға иесі басшы» дегендей кінә өзімізден болды.

–Мал алушының қылмыстық ісі көзге көрініп  тұр, – дейді малсақ қауымның жоғын жоқтап жүрген адвокаты Алексей Телицын, – тек құқық қорғау органдарының әрекетсіз отырғандығына қайран қаласың. Жалғыз Ақкөл ғана емес, Шортанды, Зеренді аудандарынан да мал жинапты деген  дерек бар. Ақадал малынан айырылған ауыл тұрғындары қол ұшын беретін жанашыр таппай, жандары күйзеліп отыр. Бір-екеу емес, жүздеген малдың сұрауы болмағанымен, обал деген ұғым бар емес пе еді. Құзырлы органдардың құдіретінің жүрмей тұрғандығы жандарын күйзелткен соң «мал ашуы жан ашуы» дегендей, ақырып әділдік сұраса, айыбы да жоқ қой.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар