Шағын және орта бизнес кедергісіз дамуы керек

Облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазановтың қатысуымен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және олардың жұмысына заңсыз араласудың алдын алу мәселелері талқыланды.

Жиын шымылдығын ашқан, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек бизнесті кәсіпкерлер қызметіне заңсыз араласудан қорғаудың, сондай-ақ, осы бағыттағы проблемалық мәселелерді шешудің маңыздылығын атап өтті. Ол құқық қорғау және қадағалау органдарымен, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен әріптестік пен өзара іс-қимыл аса маңызды екенін жеткізді.

Өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов ағымдағы жылғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың басым бағыттары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамадағы өзгерістер туралы айтып берді. Кәсіпкерлікті мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз араласудан қорғау сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тұрақты бақылауында. Бұл жұмыс кешенді түрде жүргізіледі, атап айтқанда, кәсіпкерлердің парасаттылығына жәрдемдесу бойынша шаралар қабылданады, бизнес қызметіне заңсыз араласудан қорғау тетіктері енгізіледі, өңірлердің ерекшеліктеріне байланысты кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне жедел ден қою жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Саян Ахметжанов кәсіпкерлер өз қызметінде  немен жиі бетпе-бет келетіні туралы да айтып өтті.

–Бұл көбінесе жер, сәулет және қала құрылысы, сондай-ақ, коммуникацияларға қосылу сияқты салалардағы әкімшілік кедергілер. Кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлық көріністерімен мемлекеттік қолдау шараларына ие болған кезде жиі кездеседі. Бұған жарқын мысалдардың бірі, ауыл шаруашылығында субсидия алу. Бүгінгі күні қабылданып жатқан шаралар бизнестің сыбайлас жемқорлыққа және мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз әрекеттерге қарсы иммунитетін арттыруға алып келуі тиіс. Өз кезегінде әрбір кәсіпкер өз бизнесін адал жүргізіп, оның ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. Біз үш бағыт бойынша бизнесті қорғауда  жүйелі жұмыс жүргіземіз. Олар парасатты бизнеске жәрдемдесудің тұжырымдамалық шаралары, мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудан қорғау тетіктерін енгізу, сондай-ақ, әрбір өңірдің ерекшелігін ескере отырып, бизнестің қажеттіліктеріне жедел ден қою. Біз бизнес тарапынан сұрақтар мен ұсыныстарға ашықпыз, – деді Антикор превенция қызметінің басшысы.

Қазіргі уақытта облыста шағын және орта бизнесті дамытудағы проблемалармен қатар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы стационарлық емес сауда объектілерін ұйымдастыру, бөлу және орналастыру бойынша жұмыстарды жалғастыратын болады. Стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын әкімдік бекітеді. Бөлшек сауданы жергілікті атқарушы органдар белгілеген орындардан тыс жүзеге асыруға жол берілмейді.

–Өңірде, оның ішінде Көкшетау қаласында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында сауда қызметі субъектілеріне көше саудасын жүзеге асыруға, яғни, өз тауарлары мен қызметтерін арнайы бөлінген орындарда стационарлық емес сауда объектілері, яғни, автоматтар, көше сөрелері, автолавкалар, шатырлар, павильондар, дүңгіршектер арқылы сатуға мүмкіндік беру маңызды деп санаймыз. Бұл реттеу отандық тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа жылжытуға ықпал етеді, сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілерінің уақытша және қаржылық шығындарын азайтады. Өкінішке қарай, бүгінде Көкшетау қаласында жаңа орындар әлі бекітілмеген және бұл тұрғыда жұмысты жандандыру қажет. Жақында көктем, жаз айлары да келеді. Бұл тақырып жылы мезгілде өте өзекті. Стационарлық емес сауда объектілері – бұл инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне, оның ішінде автоматтандырылған құрылғыға немесе көлік құралына қосылудың болуына немесе болмауына қарамастан, жермен тығыз байланысты уақытша құрылыс, – деп атап өтті өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов.

Бөлшек саудаға арналған орындар санының кеңеюі бәсекелестіктің дамуына оң әсерін тигізетін, азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежейтін фактор. Расул Сыздықов жоғарыда аталған шара кәсіпкерлік қызмет пен белсенділік ауқымын кеңейтетінін айтты. Көтерілген мәселенің маңыздылығын және әсерін ескере отырып, бұл тәжірибені облыстың басқа аймақтарына, жалпы елге ұсынуға болады.

Облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов мен Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Дәулет Жүнісов осы мәселе бойынша өз пікірлерін білдіріп, жер учаскелерін бөлудің және стационарлық емес сауда объектілерін орналастырудың неғұрлым оңтайлы жолдарын қарастыруға уәде берді. Елдос Рамазанов жергілікті органдардың бизнес ортаны заңсыз араласудан қорғау бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарына да тоқталды.

–Біздің өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оған қарсы іс-қимылдың үлгілік базалық бағыты енгізілді және ол табысты іске асырылуда. Облыс әкімдігінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірлескен жұмысының арқасында жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің қылмыстық құқық бұзушылық жасау деңгейінің төмендеуі байқалады. Өткен жылы 156 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды, оның 97-сі жойылды, қалғандары бойынша жұмыс жүргізілуде. Әкімшілік кедергілерді жою бойынша іс-шаралар атқарылуда, кәсіпкерлермен диалог жолға қойылды, мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылып жатыр. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен тығыз ынтымақтастық бар, оның алаңында біз кәсіпкерлермен жиі кездесеміз, проблемалық мәселелерді талқылаймыз, бизнестің пайдасына шешімдер қабылдаймыз, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Кәсіпкерлер бірқатар проблемалық мәселелер туралы айтып, бизнесті қорғаудың кейбір бағыттары бойынша өз пікірлерін білдірді. Сұрақтар негізінен, жер қатынастары, білім беру, экология және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты болды. Құқық қорғау органдары мен жергілікті билік кәсіпкерлермен бірге жолдары даулы жағдайларды да шешу мүмкіндіктерін талқылады.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар