Жақсының мәңгі сөнбес шамшырағы!

Абыройлы ел ағасы болған Жаңбыршы Есетұлы Нүркенов жәнеолжайлы«Жаңбыршы. Ер тасыса еліне» және ««Жанбыршы. Жизнь во благо Родины» атты қазақ- орыс тілдерінде жарық көрген қос кітап тұтас бір дәуірдің  сырын  шерткендей.


 
Сарыарқаның  кең жазиралы даласын бауырына басып, әлдиге бөлеп жатқан жерлер баршылық. Солардың бірі – Қорғалжын өлкесі. Ежелден бері қарай Арғынның Қуандығынан тарайтын Қарпықтан өрбіген Тінәлі, Көзей, Мәмбет, сосын Өмірден тарайтын Темеш, Берші, Қалқаман  рулары мекен етіп келе жатқан осы өлкенің тарихы бай, тамыры терең. Тылсым сырлы таңғажайып өлке!

Жаз  болса сары жазығын сағым буып, самала желі  сарайыңды ашып,  Қорғалжын көлінде дамыл табатын  қызыл қоқиқаздардың қиқуыменсабатты өлкені ән мен дуға бөлеп жатар еді. Бұл өлкеде небір баһадүрлер мен бағландар өткен.  Олардың ісі мен өнегесі кейінгілерге үлгі-өнеге болып, тарихта қалды. Бұл ел сонау замандағы Кенесарының  көтерілісіне үн қосып, қаймана қазақтың тәуелсіздігі үшін болған күресте  аянбаған жұрт еді. Әмсе көбісі өр мінезді, кесімшіл, сертке берік, асау болып келетіні де сондықтан болар дейсіз!

Ежелден еркіндікті сүйген, ел өмір базарын  ойын-тоймен, сауық-сайранмен қыздырып, шырқалған ән мен төгілген күйден барқадар табатын еді. Бұл Қорғалжын елі Қосымжан, Есімжан, Үлебай  секілді салдардың әніне елтіп, Дәулеттің күйіне құлақ құрышын қандырып, қобыздың  қоңыр үнімен бірге өскен өнерпаз жұрт болатын.

Қобыздың шанағынан төгілген талай күй талай қазақтың шер-шеменін қозғағаны белгілі. Өзге жұртқа қарағанда қазақтың пәлсапашыл, сертшіл, ойлы, мәрт болатыны содан да ма екен? Жақсы бір қасиет пен дегдарлық барша қазаққа ортақ десек те, әр өлкенің өзіне тән кесек тұлғалары болады. Солар сол өлкенің  қорғаны болып, қызғыштай қорып, шежіре тарихта   жақсы аттарымен қалады және сол  арқау үзілмей атадан балаға жалғасып, өмір көшін тоқтатпай алға сүйрей береді.

Біздің осы әңгімемізге арқау болып отырған Жаңбыршы Есетұлы туралы да осыны айтуға болады. Арқа жұртына, одан асса алты алашқа аты танымал Жаңбыршы Нүркенов туралы жазылған қазақ тілінде «Ер тасыса еліне» және орыс тілінде «Жанбыршы. Жизнь во благо Родины»  деген кітаптарды парақтап, оқып отырғанда  осындай ой келді.

«Тектіден текті туады» дегендей Жаңбыршы ағамыздың арғы қалпы да жай адамдар болмаған екен. Арғы бабасы Құттымбеттен тараған осы әулетте  не бір даналар  мен аруақты адамдар  болған. Соның бірі Айнабек әулие. Ол кісінің көріпкелдігі, әулиелігі жайында ел ішінде айтылған не бір әңгімелер бар. Ел ортасында Айнабек қажы атанған адам. Сол Айнабектің Майқан, Нүркен, Тәшкен, Ыдырыс атты төрт ұл туады. Сол Майқан мен Нүркеннен ұрпақ өрбіген. Нүркеннен Есет, одан осы Жаңбыршы ағамыз туған екен.

Әлбетте «Жаңбыршы» деген кісі есімі көп қойылмайды, аз естиміз. Ескілікті есім екені рас. Анау «Қырымның қырық батыры» жырының бір тармағы болып саналатын Жаңбыршы ұлы Телағыс деген жыр бар екенін білеміз. Жаңбыршы – кіші жүздің Берішінің бір атасы болып саналады. Есеттің жаңа туған ұлына Жаңбыршы деп ат беруінің де сыры бар екен. Қазақ тегінен балаға ат беруге аса мән берген халық. Жаңа туған шақалақтың есімін  құран аштырып, ауылдағы аузы дуалы адамдарға қойғызу  дәстүрлі болған.

Ауылдағы Қали молла азан шақырған да және Алланың нұры – жаңбыр жауып тұрғанда тілеген екі тілек-дұға қайтарылмайды деген, ел ырысын көбейтер жаңбыр жауып тұрғаны мынау. Олай болса, бұл сәбидің аты Жаңбыршы болсын  деп атын қойған екен.

Бұл – 1946 жылдың маусым айы болатын. Бұл кез соғыстан кейінгі ауыр кезең еді, ел енді ғана ес жиып, еңсесін тіктеуге бет бұрған-ды. Әкесі Есет – Ұлы отан соғысында болып, қолынан жаралы болып оралған майдангер еді.

Жаңбыршының балалық шағы Терісаққан мен Нұра өзендерінің сағасында өтеді. Орта мектепті бітірісімен Баршында тракторшы, аға шопан болып істейді. Еңбекке ерте араласқан жас 1965 жылы сол кездегі Целиноградтағы ауыл шаруашылығы институтына агроном мамандығы бойынша оқуға түседі.

Қағылез де қайратты жас жігіт институтта оқып жүргенде өзінің алғырлығымен, жақсы қасиетімен, елпек мінезімен, көпшіл көңілімен оқу орнында таныла бастайды, қоғамдық істерге белсене араласады, институттың комсомол комитетін басқарады.

Қажырлы жасында ертерек  танылған жас маманды осы өлкенің  партия-совет басшылығы назарға алып,  алдағы уақытта өсетін  жас кадрлардың қатарында қарай бастайды. Сөйтіп, Жаңбыршы Есетұлы оқу бітірісімен комсомол мен партияның жетекші ұйымдарында басшылық етумен өмір жолын бастайды.

1986 жылға дейін Целиноград аудандық комсомол комитетінің хатшысы, Астрахан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің  төрағасы секілді жауапты лауазымды жұмыстарды абыроймен атқарады. 1986 жылдан табаны күректей 11 жыл Целиноград облысының  құрылыс және  ауылшаруашылығын  жүйелі түрде сумен қамтамасыз ететін өндірістік бірлестігінің екінші басшысы болып қызмет атқарады.

1997-1999 жылдардың аралығында Қазақстан Республикасының Су ресурс комитетінің Есіл су шаруашылығы бірлестігінің  басшысы болып абыройлы жұмыс атқарады.  Жаңбыршы Есетұлы қай жерде болмасын ұйымдастырушылық қабілетімен, жайсаң мінезімен, ізгі қасиетімен танылып, көпшіліктің алғысына бөленеді. Жұмысына тиянақты, сөзге берік, шешімге әділ болды. Нені істесе де, қандай шаруаны басқарса  да ынта, ниетімен жасайтын. Көпіртіп  көбік сөйлеу ол кісіге жат еді, ол өз ортасына аса сыйлы болды  – дейді жақын жүрген азаматтар.

Су шаруашылығының ұңғыл-шұңғылын өте жақсы білетін, тәжірибесі мол маман болған себепті Жаңбыршы Нүркенов  2000 жылы  «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның бас директоры лауазымына  тағайындалады. Сол кездегі Астана қаласының инфрақұрылымына, инженерлік жүйесіне қатысты басты мәселенің бірі болып тұрған сала астананың су жүйесін жаңартып, оны заманауи талапқа сай жасақтау болатын. Осындай күрмеуі қиын, күрделі шаруаны басқаруға Жаңбыршы Нүркеновтің білімі мен әлеуеті жететініне ел басшылығы сенген болатын. Жаңбыршы Есетұлы сол үдеден шыға да білді.

Ол басқарған 10 жылда «Ақмола су арнасы» кәсіпорны түбегейлі өзгерді десе де болады. Осы жылдарда астаналықтарды таза, жылы сумен үздіксіз қамтамасыз ету, оның қауіпсіздігін сақтау, кәсіпорынды озық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, жаңа технологиялар енгізу, кәсіпорын жұмысшыларының әлеуметтік жағдайын жақсарту секілді  іргелі істер бір ізге түсті. Осы істердің басында Жаңбыршы Нүркенов тұрды. Ол кісі астаналықтардың әлеуметтік және тұрмыстық жағдайына да көп көңіл бөлді, қол ұшын созды.

Есілдің жағасында бой көтерген Астана сынды жаңа қаламен бірге Жәкең де тұлғаланып, іріленіп, мақсат жолын айқындап, биікке өрлеп бара жатты. Қарапайым қызметкерден қайраткерлік деңгейге көтерілді. Бір сөзбен айтқанда Астананың өсіп-өркендеуі мен көркеюі Жаңбыршы Есетұлының көз алдында өтті. Ол Астананың дамуына бір кісідей еңбек сіңірді және соны өзі де мақтан етіп өтті дүниеден.

2000  жылы Жаңбыршы Есетұлы халықтың зор сеніміне ие болып, Астана қалалық мәслихатының депутаттығына сайланды. Осының өзі біраз мәселелердің дұрыс шешілуіне көп септігін тигізгені айқын еді.  2010 жылы құрметті зейнеткерлікке шыққанға дейін осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңды десе де болады.  Осы еңбегі ескерусіз қалмады. 2019 жылы Жаңбыршы Есетұлы Нүркеновке  «Астана қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Ер қадырын  ел біледі деген осы да!

Өзінің саналы ғұмырында Жаңбыршы  Нүркенов тек басшылық қызметтерді ғана атқарып  қойған жоқ. Ғылым саласына да ден қойып, техника ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәрежеге ие болды. Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы ауыл шарушылығы университетінде  дәріс беріп, аталмыш  университеттің  «Құрметті профессоры» атанды.  Ұзақ жылғы еңбегіне сай мемлекеттік марапаттарға да ие болды. Былайша айтқанда ел-жұрты төбесіне көтеріп, төріне шығаратын  қадірлі, сыйлы азаматы, ардақты да абыройлы   ел ағасы болды.

Атқа мініп, ел тізгінін ұстаған азаматтың барынша абыройлы болмағы өзінің отбасы мен жан серігі жарына тығыз байланысты. Біздің Жаңбыршы ағамыздың өз тіршілігіндегі бар жетістіктері мен абырой-беделінің   арғы жағында  жан жары Шамшырақтың  зор  ықпалы болғаны даусыз еді.

Жаңбыршы ағамыз  осы ғұмырында өнегелі де қамқор әке, жақсы жар болды. Құдай қосқан қосағы Шамшырақпен бақытты да берекелі отбасының ошағын жағып, керегесін кеңге жая білді, ұл-қыз өсірді. Өнегенің үлкені – отбасындағы татулық пен  сыйластық. Одан асқан үлгі мен өнеге болмас! Сондай бір сыйластық пе қимастықтың үлгісін ерлі-зайыпты Жаңбыршы мен Шамшырақ Нүркеновтер  көрсете білді.

Жаңбыршы Есетұлы бір естелігінде жан жары Шамшырақ туралы былайша  толғаған екен: «Өмір сайрап жатқан сара жол да, бәрін үйіп-төгіп қолыңа ұстата беретін қыдыр да емес. Соған көзім анық  жетті. Оның кедірлі-бұдырлы, соны-соқпақтық жолдарын да бастан кешірдік. Соның мектебінен өттік. Жасаған жақсылығын көрдік, берген дәм-тұзын, сыйын  таттық. Жанұямызда жарқын шақ мол болды. Отбасы, ошақ қасы болғасын қайғымызды да, қуанышымызды да бірге өткердік. Бірге қуандық, бірге қайғырдық. Ең бастысы, осылардың бәрінен Шамшырағым ақылды әйел, асыл жар, аяулы ана ретінде жол бастап отырды. Имандай  шыным бұл!»

Бұл отағасының жан сыры. Жәкеңнің сөйткен Шамшырағы 2018 жылдың  2 қаңтарында мәңгілікке сөнген екен. Ұзақ ауырған. Даусыз дерт. Ақыры осы болған.

Жақсы, жарық күндердің бәрі көрген түстей болып қалғаны анық.  Осыны оқып отырғанда ақын ағам Кәкімбек Салықовтың:

Қалқиды аққу айдында қалқымайды,
Баяғыдай бой жазып шалқымайды.
Сыңарынан айырылып қалған күні,
Бұл өмірдің қызығы жартылайды, –
деген жыр жолдары еріксіз есіме оралды. Күрсіндім. Өмірдің заңы солай. Жәкең сол естелігінде бақытты, думанды шақтары жайында, «1980 жылы Астрахань ауданына әнші Рабиға Есімжанова апамыз келіп, халыққа бір күн, бір түн ән айтты. Шамшырақ екеуіміз күні-түні жанында болдық. Әлі күнге дейін апамыздың әндері құлағымнан кетпейді. Марқұм менің шешем екеуі түйдей құрдас еді. 1941 жылы туған. «Жалғыз аршаны», «Көкем-айды», «Әпитөкті» жақсы көріп айтатын. Менің інім, марқұм Өмірбек әнші еді, шешейге тартқан, ал, әкей әу деп айтпайтын. Арғы нағашы атамыз Бәлен әнші, домбырашы болған» деп сағынышпен еске алған екен.

«Бақыт деген тамаша сәттер ғана» деген рас-ау деймін! Жан-жары Шамшырақ дүниеден озғаннан соңғы уақыт  әншейін жылусыз, мәнсіз күндердей көрінген де болар.  Жәкең де көп ұзамай, 2019 жылдың 29 тамызында өзінің жан-жары Шамшырақтан кейін, мына жарық дүниеде көп жүре алмады. Былайша айтқанда араға бір жыл салып, бақиға аттанып жүре берді.

Жарықтық Кәкімбек ағамыздың «бірге жүрген күндерді сыйлайықшы, біреу ерте, біреу кеш, бір құлайды» деген әнінің сөзінде  өмірдің шындығы мен пәлсапашыл ойы, қадірі мен қимастығы қалай сыйысып кеткен десеңізші?! Өмірдің соқпағы солай…

Жаңбыршы Есетұлы мен Шамшырақ Қабиденқызы жаққан шырақты ұлы Нұрлан мен қызы Айгүл жағып, ұрпақ сабақтастығын жалғап, немерелері өсіп  келеді. Әкесіне тартқан Нұрлан Жаңбыршыұлы да  ерте жастан атқа қонған абыройлы азаматтарымыздың бірі. Анау жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары  лауазымын абыроймен атқарғаны бар-ды. Қазір де  ат үстінде. Тәуелсіз Қазақстанның ертеңін қалап жатқан осындай азаматтарымыз аман болсын деген жақсы бір тілек айтамыз!

Жақсы адамның шамшырағы мәңгі сөнбейді деген бар еді. Сол рас екен!..

Жабал Ерғалиев,
 жаушы-драматург,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі.
 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар