Біздегі қуаныш!

Кеше «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жуырда 75 жастың биігінен көрінген Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің ардагер фототілшісі, есімі елімізге кеңінен танымал фотообъектив шебері Советбек Мағзұмов пен 60 жастың асқарына шыққан осы басылымның бас редакторының бұрынғы орынбасары, бұл күнде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі болып жемісті қызмет атқарып келе жатқан Байқал Байәділовке өмірлеріндегі осы бір қуанышты оқиғаға байланысты құрмет көрсетілді.

Салтанатты шара барысында сөз алған серіктестік директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев қос азаматтың да өнегелі өмір және еңбек жолына, қазақ баспасөзіне қосқан елеулі үлестері мен сіңірген еңбектеріне, азаматтық келбеттері мен қалам қарымына тоқтала келе, мерейлі жасқа толуларымен қызу құттықтап, иықтарына шапан жапты, сондай-ақ, ұжымның құттықтау хатын тапсырды.

Осы қуаныш үстінде сөз алған газеттің бас редакторы Қайырбай Төреғожа, журналист-ақын Ұлмекен Сәдуақасова, тағы басқалары  мерейлі жас иелеріне айтылған жылы лебіздерге қосыла отырып, қос азаматтың да жастарға үлгі-өнеге боларлық адамгершілік асыл қасиеттерін, фотообъектив және қалам қуатымен елге тигізіп келе жатқан мол шарапатын, өз ортасында алар үлкен орындарын тебірене, риясыз көңілмен жеткізе түсті.

Шара соңында ұжым мүшелері қос газет майталманына да одан әрі зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жаңа шығармашылық шабыт тіледі.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар