Заң арқылы жеке тұлғалардың банкроттық мәселесі қарастырылады

Достық үйінде Қазақстан РеспубликасыҚаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлерінің және тұрғындардың қатысуымен «Жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заңды түсіндіру аясында семинар болып өтті.

Бұл заң 2023 жылдың наурыз айында күшіне енеді. Саминарда Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Әсем Шәкірова, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы Ержан Қадес сөз сөйледі. Қарызы бар азаматтар 2023 жылдың наурыз айында банкроттық туралы арыз бере алады.  Заңда рәсімдердің 3 түрін енгізу ұсынылған. Соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін.Бұл рәсімді қолдану үшін келесі шарттар орындалуы тиіс. Алдымен, банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 5,5 миллион теңгеден, яғни, 1600 АЕК-тен аспауы керек. Сондай-ақ, өтініш берген күннен бастап қатарынан 12 ай ішінде міндеттемелері өтелмеген болуы шарт және мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлкі болмауы керек. Банкпен берешектер бойынша жұмыс жүргізіліп, банкроттық 7 жыл бойы қолданылмау қажет. Заңда 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар және 5 жылдан астам уақыт қарызы өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар қарастырылған.

Соттан тыс банкроттық «Электрондық үкімет» веб-порталында басталады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі. Мәселен, 5,5 миллион теңгеден асатын қарыздар және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады.

Сот банкроттығының мақсаты банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру болып табылады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды. Қалған өтелмеген сома, егер борышкердің белгілері болмаса есептен шығаруға жатады.

Семинарда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айбол Аманов, сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асыратынын жеткізді. Оның ішінде, заңды тұлғалар банкроттығы рәсіміндегі әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, Заң консультанттары, аудиторлар. Жалпы, барлық борышкерлер қаржы басқарушыларының қызметтерін төлей алмайтынын назарға ала отырып, заң жобасында, мүлкі жоқ, әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға мемлекет есебінен ақы төлеу көзделген. Сонымен қатар, үшінші рәсімде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру көзделген.  Ол үшін тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу барысында 5 жылға дейін сот тәртібімен бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылады.

Осыған орай, сауықтыру шаралары қаржы бақарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Спикердің мәлімдеуінше, бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» мәртебесін алмайды, сондықтан, банкроттық үшін көзделген салдар оған қолданылмайды. Сонымен, банкроттықтан кейін пайда болатын салдарға тоқталар болсақ, 5 жылға дейін несиелер мен кредиттер алуға шектеу қойылады, 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіну құқығы беріледі, ал одан кейін 3 жыл бойы қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады. Барлық үш процедураны борышкердің өзі ғана бастайды, яғни, несие берушінің борышкерді банкрот деп тануға құқығы жоқ.

Сондай-ақ, Айбол Серікұлы жиналғандардың назарын соңғы кездері әлеуметтік желілерде ақылы қызмет көрсету туралы жарияланымдарды орналастыру фактілері жиілеп кеткеніне аударды. Алаяқтардың азаматтарды банкротқа ұшыратуы үшін мұндай көздерге сенуге болмайтынын баса айтты. Өйткені, соттан тыс банкроттық рәсімі 5,5 миллион теңгеден аспайтын қарыздар бойынша мүлдем тегін рәсім болып табылады. Сондай-ақ, семинарда кей жастардың бей-берекетсіз несие алып, оны төлей алмай ата-анаға масыл болуы жан-жақты мысалдармен жеткізілді.  Осыған орай семинарға қатысқан өңірдегі жоғары оқу орындарының студент-жастары өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, мамандардан тиісті жауаптар алып, несие алудағы түйіткілді мәселелердің шешімін табатынына көз жеткізді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар