Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Күрмеуі көп көктемгі егіс, өтпей тұрған астық, қымбаттаған нан бағасы... - АРҚА АЖАРЫ

Күрмеуі көп көктемгі егіс, өтпей тұрған астық, қымбаттаған нан бағасы…

Астықты өңір қалыптасқан дәстүр бойынша қарбаласы мол көктемгі егіске дайындала бастады. Үстіміздегі жылы диқандар жалпы көлемі 5,2 миллион гектар жерге дәнді дақылдар тұқымын сіңірмек.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы құрылымдары егіске қажетті тұқымдарын дайындап, дер кезінде тыңайтқыш алуға келісім-шарттарын жасасып, қамдануда. Өткен жыл өңір диқандары үшін біршама табысты болды. Жаздың жауынды-шашынды болуы, күздің мейлінше құрғақ әрі жайлылығы диқан еңбегінің ақталуына септігін тигізді. Өңірдегі егістік алқаптың 75 пайызы немесе 3,4 миллион гектары жақсы өнім берді. Сөйтіп, көктен иіп, жерден беріп, 5 миллион 455 мың тонна астық қамбаға құйылды. Бұрнағы жылмен салыстырғанда, гектар берекесі де толымды болды. Орташа есеппен 11,7 центнерден айналды.

Егін орағының уақытылы өткізілуіне ауыл шаруашылығы құрылымдарының материалдық-техникалық базасының жақсартылуы да айтарлықтай ықпал етті. Өткен жылы өңір диқандары жалпы құны 73,9 миллиард теңге болатын 1909 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның ішінде 467 трактор, 227 сеялка, 87 егіс кешені бар. Биылғы көктемгі егіс жұмыстарына 15,1 мыңнан астам трактор, 16,6 мың сеялка, 1,5 мың жоғары өнімді кешен қатыстырылмақ. Шынтуайтында, бұл өте үлкен күш. Қарымы қаптал жеткеннен кейін қар кетіп, жер дегдісімен диқандар межелеген уақытта тұқым сіңіріп үлгереді.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында жалпы құны 3,7 миллиард теңгені құрайтын 73 ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Осылайша жыл өткен сайын өңірдегі диқанның әлеуеті біртіндеп артып келеді. Осы орайда, мемлекет тарапынан диқандарда көл-көсір қамқорлық жасалып отырғандығын екпін түсіріп айта кетелік. Тек өткен жылы ғана субсидия есебінде ауыл шаруашылығы құрылымдарына 45,6 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығына 12,9 миллиард теңге қарастырылды. Қаржы болғаннан кейін мүмкіндіктің де молая түсетіндігі белгілі. Бүгінгі таңда техниканың дайындығы 85 пайызды, топырақ өңдейтін құрылғылардың дайындығы 87 пайызды құрайды. Ал, тұқым себетін кешендер түп-түгел дайын.

Әне бір жылдары сапалы тұқым қасқалдақтың қанындай таптырмай, диқандарды әуре-сарсаңға салатын жайлар да кездескен. Қазір көктемнің жайын күзде ойлап, күні бұрын қамданатын болды. Ағымдағы жылғы көктемгі егіске қажетті 532,8 мың тонна тұқым қоры бар. Бұл жалпы қажеттілікті толығымен өтейді.

Тәп-тәуір дайындық болғанымен, өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының көңілін күпті етіп отырған да жай бар. Мәселен олар өткен күзде жинаған сапалы, мол өнімін тиімді бағаға өткізе алмай, діңкелері құрып отыр.

Қияпат еңбекпен өсірген ақық дәннің бағасы бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген қарқынмен арзандауда. Өткен күзде «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы жұмсақ бидайдың сатып алу бағасын сапасына орай әр тоннасын 121 мың теңгеден 125 мың теңгеге дейін белгілеген болатын. Ал, нарықтағы баға керісінше жаңа жылдан кейін арзандай бастады. Бір тонна бағасы қосымша құн салығын қоса есептегенде, 115 мың теңгеге дейін төмендеді. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында 105 мың теңгеге түсті.

Бидай бағасының құлауының негізгі себептері астық тасымалдайтын вагондардың тапшылығы, қажетті локомативтердің жетіспеуі. Ендігі бір себеп, солтүстіктегі көршіден арзан бидай заңды-заңсыз жолмен тасымалданып келіп жатыр. Көптеген трейдерлер Ресей астығын Қазақстан арқылы Орта Азия елдеріне жөнелтуде. Осылайша, біздің нарықты жаулап алғаннан кейін экспорттың бағасы төмендеп кетті.

2023 жылдың басынан бастап Қазақстан темір жолы өздеріне қолайлы бағытта ғана тапсырыс қабылдай бастады. Дәлірек айтсақ, олардың талабы бойынша бір орыннан тиелетін бидай көлемі 48 вагоннан кем болмауы керек  екен. Мұншалықты вагонға шамамен 3350 тонна астық сияды. Ал, біздің өңірдегі көптеген элеваторлардың мұндай көлемдегі астықты артуға қауметі жете бермейді. Сондықтан да шағын және орта трейдерлердің жұмысы тоқтап қалды. Тиісінше, ірі компаниялар ғана жұмыс істеп, бидайдың сатылу бағасының төмендеуіне әсер етуде.

Астықтың бағасы толымды болмауынан ауыл шаруашылығы құрылымдары зиян шекпек. Көктемгі дала жұмыстарына қауырт дайындалатын уақыт болып қалғанымен, өткен жылдың астығы қоймаларда тұр. Диқандар үшін тиімсіз баға өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізіп, дағдарысқа ұшыратуы мүмкін. Фермерлер қаржы тапшылығына байланысты тыңайтқыш сіңіруді, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуды қысқарта бастайды. Өсімдік қорғайтын арзан химикаттарды пайдаланады. Өйткені оларға болашақ өнімнің өзіндік құнын қайткенде де арзандату керек.

Ал, ауыл шаруашылығының табысының төмендеуі әлеуметтік-тұрмыстық салаға бөлінетін көңілге де селкеу түсіруі әбден мүмкін. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы құрылымдары елді мекендердің ажарын кіргізіп қалып еді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете түсінген олар өңірдегі мектептер мен мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жүргізіп, әлденеше шақырым жолдарды жаңғыртты.

Дәл осындай жағдай 2011 жылы орын алған болатын. Сол жылы елімізде бидай бітік шықты. Астық мол болғаннан кейін әр тонна бидайдың бағасы 9-10 мың теңгеге арзандады. Мәселенің мәнісін байыптаған үҮкімет дұрыс қадамға барып, 5 миллион тонна астықтың әр тоннасын 25 мыңға бағалап сатып алды. Осылайша, бидай бағасының арзандауынан сақтап қалды. Сол жылдың сәуір-мамыр айларында бидай бағасы көтеріліп, мемлекет сатып алған бидайын қосымша шығынын қоса есептеп, қайта сатты. Жұмсалған қаражат орнына келді.

Биыл да «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы әр тоннасы 125 мың теңгеге бағалап, жалпы көлемі 3 миллион тонна астықты сатып алса, бидай бағасының арзандауына жол берілмейді. Әлемдік баға саясатын сараптасаңызмамыр-маусым айларында астықтың бағасы міндетті түрде өседі. Арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін ең оңтайлы жол осы!

Астықты өлкеде нан бағасы үздіксіз өсе түсуде. Осы бір жай мүлде түсініксіз. Мәселен, бір тонна бидайдан 700 келі ұн шығады. 30 пайызы кебек болсын деңіз. Сонда әр келі ұнның өзіндік құны шамамен 130 теңгеден айналады екен. Ал, қазір өңірдегі азық-түлік дүкендерінде ұнның келісі 450-500 теңгеден сатылуда. Демек, еккеннен гөрі сатқан пайдалы болып тұр ма?!

Жоғарыда мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы құрылымдарына 45,6 миллиард теңге қаражаттың субсидия есебінде төленгенін ескерсек, қыруар қаржыдан қарапайым халыққа ешбір жеңілдік болмай жатқандығын аңғарар едіңіз. Демек біздегі бағаның өсуі шынайы есеппен сәйкеспейтіндігі шындыққа айналып тұрған жайы бар.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар