Мемлекеттік аудит жүйесі заңнамаларына өзгерістер енгізілді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Бауыржан Қабдрашев департаменттің 2022 жылы атқарған жұмысы және мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнамалардағы негізгі өзгерістер жөнінде айтып берді.

Өткен жылы өңірде ішкі мемлекеттік аудит департаментімен  174 аудиторлық іс-шара атқарылды. Аудит кезінде 12 891,4 миллион теңге қаржы көлемі аудитпен қамтылып, нәтижесінде 11 миллиард теңгеден аса қаражатқа, яғни, 98 пайызға жуық бұзушылықтар анықталған еді.

− Қаржы бұзушылықтары 3 878,2 миллион теңге, ал, мемлекеттік сатып алу заңы бойынша бұзушылық 2 481,7 миллион теңгені құрады. Есепті кезеңдегі аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша аудит объектілеріне 133 нұсқама жіберілген еді. Ол бұзушылықтар үшін аудит объектілерінің 131 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, есепті кезеңде лауазымды тұлғаларға 29,4 миллион теңге айыппұлға 379 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды,−деді департамент басшысы.

Аудит департаментінің маңызды тапсырмаларына жеке азаматтардың және заңды тұлғалардың өтініштерін дер кезінде қарау да жатады. Былтыр «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы 1 624 өтініш келіп түсті. Олардың 43,9 пайызға жуығы расталды. Өтініштердің негізгі үлес салмағы мемлекеттік сатып алу веб-порталына тиесілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында берген тапсырмаларына сәйкес Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу заңын одан әрі жетілдіру үшін тиісті шаралар атқаруда.  Осы бағытта атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2021-2022 жылдары заңға көптеген өзгерістер енгізілді. Оның басты мақсаты ашықтық, жемқорлық тәуекелдерін жою, бәсекелестікті ашықтандыру және адами факторларды азайту болып табылады.

Ішкі мемлекеттік аудит қызметінің негізгі іс-шараларының бірі веб портал арқылы камералдық бақылау болып табылады.

–Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу процесі толығымен автоматтандырылды. Республика бойынша порталда 100 мыңнан астам өнім беруші және 24 мың тапсырыс беруші тіркелді. Ағымдағы жылы жеткізушіні таңдау кезінде адами факторды алып тастауға мүмкіндік беретін «рейтингтік-балдық жүйені пайдаланатын конкурс» атты  сатып алудың жаңа тәсілі әзірленді, − деп атап көрсетті Бауыржан Қабдрашев.

Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу рейтингтік-балдық жүйесін пайдалана отырып, конкурс тәсілімен жүзеге асырылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесіне  құрылыс-монтаж бен жобалау жұмыстарын жатқызуға болады. Аталмыш жүйеде конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық комиссия құрылмайды және веб-портал конкурстық баға ұсыныстарын және оған әсер ететін критерийлерді автоматты түрде салыстырады, сөйтіп, кейін жеңімпазды анықтайды. Сондай-ақ, конкурс қорытындылары заңның 47-бабы тәртібімен шағымдануға жатпайды.

Қазіргі уақытта департамент қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің басшылығы қойған тапсырмаларды атқару шараларын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ,  облыстағы қаржылық бақылауды және мемлекеттік сатып алу процестерін үздіксіз қадағалап, барынша заң бұзушылықтарды болдырмау бойынша жұмыстарды іске асыруда.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар