Алматы төріндегі төрт күн

Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейі Алматы қаласынатөрт күндік «Мәліктің рухы – халықпен» атты танымдық-тағылымдық экспедиция ұйымдастырды.

Бірінші күн.

 Ағалы-інілі қос батыр…

Іссапардың алғашқы күні экспедиция мүшелері Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінде  «Ағалы-інілі қос батыр, қияметтік дос батыр» атты танымдық кеш өткізді.

Кеш барысында Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллиннің өнегелі өмір жолынан сыр шертетін «Ғажайып өмір баспалдақтары» атты жылжымалы көрме таныстырылып, «Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлы арасындағы рухани байланыс кезеңдері» тақырыбында дәріс оқылды.

Көпшілік қауымға Мәлік батырдың «Қазақ баласы» қолжазбасы туралы баяндалды. Осылайша Көкшетаудағы Мәлік батыр музейінде «Жұлдызсыз батыр» атанған Бауыржанның тұлғасы қалай насихатталса, Алматының төрінде қос батырдың ерлігі мен достығын теңдей насихаттаудың сәті түсті.

Мәлік Ғабдуллин дәріптеген қаруластарының арасында әйгілі қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының орны ерекше. Мәлік Ғабдуллиннің эпистолярлық мұрасында Бауыржан Момышұлына жазған және Бауыржан Момышұлынан келген хаттардың саны біршама. Қазақтың қос батырының өзара рухани жақындығын, ағалық-інілік сыйластығын Бауыржан Момышұлының Мәлік Ғабдуллинге«Мәлігім», «Қара тентегім» деп еркелете жазғанынан, Мәлік Ғабдуллиннің Бауыржан Момышұлын «Қадірлі Баукем», «Бәукеш», «Жалбағай жаман бауырыңыз» деп өзімсіне хат жазуынан аңғаруға болады.

Екінші күн.

Мәлік пен Қаныш арасындағы рухани байланыс

Музей қызметкерлері академик Қаныш Сәтбаев музейінің экспозициялық залдарымен танысып, өзара тәжірибе алмасты.

Ғылым академиясының негізін қалаған Қаныш Имантайұлы Сәтбаев пен академик Мәлік Ғабдуллин арасындағы рухани байланыс сонау 1938 жылдан басталды. Екітұлға арасындағы қарым-қатынасты Бауыржан Момышұлына, қаныштанушы Медеу Сәрсекейге жазған хаттарынан да айқын  аңғаруға болады.

Мәлік Ғабдоллаұлы 1972 жылы 5 сәуірде жазған хатын былай бастаған. «Құрметті Медеу! Біз бір-бірімізді сырттай болмаса жақын жуысып білмейтін болуымыз керек. Оның оқасы жоқ. Мен бүгін Сізбен танысып алдым, сондықтан да осы хатты жазып отырғаным ғой.

Сізбен танысуыма себеп болған… «Жұлдыз» журналында… шыққан әңгіме – хикаяңыз болды. Ғажап дүние екен. Шын көңілден құттықтаймын, Сізге бұдан былай да жемісті еңбек тілеймін. Сюжет құруыңыз, тіліңіз әдемі екен.

Менің Сізге берер кеңесім: …шығармаңызды осы күйінде, әңгіме түрінде қалдырмаңыз. «Жизнь замечательных людей» дәрежесіне көтеріңіз. Қаныштың өмірін ең кем дегенде үлкен-үлкен екі том етіп жазыңыз (І кітапта: Қаныштың балалық шағы, оқудағы кезі, судьялық қызметі, студенттік өмірі т.б. ІІ кітап: Қаныш – Жезқазғанда, Қаныш – инженер, Қаныш – Қазақстанның кен байлығын зерттеуді ұйымдастырушы және бұл іске тікелей қатысушы. Қаныш – ғалым, академик, президент, мемлекет қайраткері, нағыз Азамат). Қанекең өмірі туралы материал көп қой. Соларды жинаңыз, зерттеңіз. Қысқасы, Қаныш жайында бір әдемі көлемді шығарма күтеміз Сізден», –делінген…

Бұл байланыс қос тұлға өмірден өтсе де үзілмей келе жатыр. Осы жолы рухани-мәдени шығармашылық байланысты нығайту мақсатында бірлесіп жұмыстар атқару туралы келісімге келіп, ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

 Үшінші күн.

«Жас ғабдуллиншілдер»

Экспедицияның үшінші күні Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектепте «Жас ғабдуллиншiлдер» клубына жаңа мүшелердi қабылдау рәсiмi өттi. Клуб жұмысы 2016 жылдан бері сәтті жүзеге асырылып, онлайн-офлайн форматта бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Осы уақыт аралығында клуб мүшелігіне Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарынан, Ақтөбе, Көкшетау қалаларынан және Батырдың туған жері Зеренді кентінен барлығы 300-ге жуық оқушы қабылданды.

Сонымен қатар, «Батырым Мәлік беренім, жүйрігім озған өренім» ашық тәрбие сағатына және «Сөз мергені» дебат клубына қатысқан көздерінде оты бар оқушылар экспедиция мүшелерін тамаша әсерге бөледі. Ал «Мәлік ғибраты» атты іс-шара аясында клуб мүшелері салтанатты түрде ант қабылдап, оларға арнайы куәліктер мен төсбелгілер табысталды.

Бүгінде республикамыздың әр жерінде орналасқан М.Ғабдуллин атындағы тоғыз мектеп музейдің тоғыз қанатына айналды.

Төртінші күн.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі дәріс-сабақтар

«Мәліктің рухы халықпен» экспедициясының қорытынды іс-шарасы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетіне қарасты Жамбыл Жабаев орталығының мұрындық болуымен Мұхтар Әуезов дәрісханасында өтті. «Мәлік Ғабдуллин әдебиеттанушы ғалым» тақырыбы және Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» кітабы бойынша музейдің ғылыми қызметкерлері,ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, PhD докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры, Ерболат Баят пен Эльмира Ержанова танымдық дәріс-сабақтарын өткізді.

Танымдық дәріске университеттің филология факультетінің кафедра меңгерушілері мен профессорлық-оқытушылық құрамы қатысып, ізгі тілектерін жеткізді. Кеш барысында студенттер тарапынан сұрақтар қойылып, өнерлі жастардың әсем әндері шалқыды.

Кездесу соңында музей күшімен түсірілген «Қансонар» деректі фильмі көрсетіліп, Мәлік батырдың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Ғажайып өмір баспалдақтары» атты жылжымалы көрме таныстырылды.

Осылайша төрт күнге созылған танымдық-тағылымдық іссапар сәтті аяқталды. Алда да мәнді де, мағыналы әрі нәтижелі осындай сапарларымыз көп болғай!

Аягөз МАХМЕТОВА,
М.Ғабдуллин музейінің аға ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар