Тұғырлы тарихымыз болып тіл қатады

Ғалым Рахман Алшанов «Жиырма мыңжылдықтың құпиясы: ізденістер мен ашылымдар» атты кітабында көп жайттардың тереңіне үңілген.

Бұл – өте құнды еңбек.Екі тілде жазылған екен. Қолымызға енді тиіп жатыр. Пікір білдірейік. Ағамыздың  мына кітабын парақтап отырсам ішінде  едәуір бөлігі Зороастризм мен «Авестаға» арналған екен. Бұрын, біз оқыған кезде Авестаны тәжік-парсыларға тиесілі дүние, сол халықтардың  рухани мұрасы деп білетін. Оның тамыры қазақ даласынан тартылғанын міне, көріп, біліп отырмыз. Мінекей, Рахаң «Авестаны» қазақпен байланыстырып, толық зерттепті. Меніңше, өте қызық тақырып, өте мұқият оқу қажеттілігі байқалады. 2021 жылы аталмыш еңбек гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми-зерттеу деп аталып, Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік  сыйлыққа ие болғанын білеміз.

Жалпы, осы кітапта жер беті қалай пайда болды, оған физикалық құбылыстар қалай әсер етті деген сұрақтарға жауап беріледі. Әрине, бұл сұрақтарға жауап беретін физиктер, астрономдар, астрофизиктер, тарихшылар, өзге де мамандар бар. Алайда, олардың ғылыми жұмыстарын оқуға мүмкіндік бола бермейді. Оның үстіне, Кеңес Одағы дәуірінде тарих, генетика, астрофизика, тағы басқа салаларда қазаққа қатысты көп дүние зерттелмей қалғаны белгілі. Рахман Алшанұлының бұл еңбегі бірнеше ғылымның басын қосқан дүние. Әсіресе, дүниенің тереңіне бойлауда көне Авестаның жырларына да назар аударады. Мұның барлығы қазақ тарихын тереңдетіп, көне дәуірлердің қойнауына жетелейді.

«Авестаның» көне түркі дүниесіне ортақ екенін зерттеп, кітапта дәлелді деректерімен дәлелдей түседі. Жалпы, бұл кітапты оқу оңайға соқпасы анық. Оған арнайы дайындық керек. Жер жаратылғалы түрлі құбылыстар болғаны белгілі. Күн жер бетін қатты қыздырған, топан су басқан, жер қайта көктеген кезеңдерді бастан өткердік. Оның бәрінің ескі тарихқа қатысы бар. Міне, осы жайттарды түгел жүйеге келтіріп, дүниежүзі ғалымдарының материалдарын мысалға келтіре отырып, ойын, пайымын дәлелдеп, зерттеп жазылған үлкен еңбек дер едім. Бұл кітапта қазақ сөздерінің де түбіне үңіліп, ескі тарихпен байланыстырады. Күнделікті тілімізге сіңісті болып кеткен сөздердің мәнін ашып, оны байырғы заманның дүниетанымымен бөліседі.

Ол сөздердің көне жырларда кездесетін нұсқаларын да сәтті түрде мысалға алып отырған. Жалпы, қазақ тарихын осы деңгейде қарау, баяндау өте маңызды қадам деп есептеймін. Кітапты оқып отырып исламға дейінгі көптеген  сауалдардың жауабын тапқандайсың. Бұл кітапта қазақ тарихын тереңінен зерттегені қуантады. Бұл үлкен қозғалыс. Қазақты зерттей отырып, қазақтың арғы бабалары кім болған, олар қалай ойлаған деген идеяны қозғайды.

Тарихымызда ашылмаған беттер әлі көп екені белгілі, олқылықтар да баршылық, сондықтан да, кез-келген қомақты зерттеу қазақ тарихы туралы өте құнды да пайдалы. Ғалымдар «қазақтың жерінде болған оқиғаның бәрі «Авестада» жазулы» деп те жорамал айтуда. Сол сөздің жаны бар ма деп ойлаймыз. «Авестаның» сарынында біздің Асан қайғы, Қорқыт ата, Мәшһүр Жүсіп бабаларымыздың тіл үндестігі, рух үндестігі байқалады. Бұл мәселеге қазір назар аударып отырған мамандар, ғылыми орталықтар бар. Тіпті Авестаның түрікше нұсқасы да болған деген болжам бар. Мұның бәрі қайта зерттелетін, қайта қарастырылатын тақырыптар. Кешегі кеңестік дәуірде бұл тақырыптар тасада қалып қойды. Автор бізге ой тастайды. Менің ойымша, біз көне де байырғы тарихты зерттейтін, ескі тіл білетінмамандар дайындауымыз қажет. Көне жазбаларды, ежелгі тарихты зерттеу керек.

Бәріміз білеміз – жер ғаламның ажырамас бөлігі. Біз көп өзгерістердің себеп-салдарын жаһандық алапаттардың әсерінен қарастыруымыз керек дейді автор. Еңбекте  жердің жаратылысы туралы  біраз айтылады. Жер жаралғалы бірнеше апатты кезеңдерді бастан өткерген. Ол апат тарихын қарасаңыздар, бәрі де ғарыш заңымен байланысты екеніне көз жеткізесіздер. Заманында 500, 300, 200 шақырымға жуық жерлерді тұтас жауып қалған үлкен апаттар болған. Ол апаттың орындары қазір табылып жатыр деп пайымдайды.

Заратуштра туралы, яғни, көне парсы ілімі Авестаның негізін қалаушы туралы да көп айтылады. Заратуштра әділдік іздеуші, жақсылықтың жаршысы болуға үндейді, жамандықпен күресуге шақырады. Зороастризм дінінің қасиетті символы от болған. Осы тұрғыда профессор Алшанов  жалпы әлемнің пайда болу тарихындағы табиғи апаттарға тоқталып, зороастрлардың қасиетті деп танитын стихияның бірі отқа ерекше көңіл бөледі. Осы тақырыптарды зерделей келе, қазақ халқының дәстүрлі исламының зороастрлық элементтермен үндестігі бар екенін айқындауға тырысады. Заратуштраның ілімінше өмір ақ пен қарадан, жақсылық пен жамандықтан тұрады.

Сол жамандық құдайы − Анхра Майнью, жақсылық құдайы – Ахура Мазда. Анхура Мазда адамның жақсы қасиеттерін ашуға тырысса, Анхра Майнью жамандыққа, зұлымдыққа итермелеген деседі. Мұндағы сәйкестікті қазақ халқының діни сенімдеріндегі оң иықта отыратын періштемен сол иығында отыратын шайтанмен байланыстыруға болады. Ахура Мазданы ғалым Алма Қыраубаева – ақыры мазда – оттың лаулау үрдісі деп интерпретация жасайды. Анхра Майньюді –Аңыра-боздау, майна қой, маңыраған отар қой деп алады. Яғни, маздап жану деген мағына береді. «Маздау» ұғымы өшпес от алауын білдіреді. Зороастрлардың қасиетті символы, табынатын атрибуты − от. Авеста бойынша от қасиетті болып саналады. Қазақ тіліндегі «От» сөзіне назар аударсақ, парсы тіліне «отәш» деп аударылады.

Мағыналық жағынан да үндес, әрі екеуінің түбірі бір екенін пайымдауға болады. Осы тұста Қызылорда халқының тұрмыс-тіршілігінде қолданатын «отәшгір» немесе «әтешгір» сөзінің мағынасына тоқталсақ, отты қысып алатын «от қысқыш» немесе ауызекі тілдегі «қысқаш» сөзін мысалға алсақ болады. Бұдан шығатын пайым сонау Авеста кезеңіндегі сайын даланы мекен еткен тайпалардың мәдениеті мен тілдік ұқсастығы айқын.  Заратуштра шамамен үш мың жылдай бұрын Ұлы Тұран жазығында дүниеге келген. Ол әлемді Жаратушы Ахура-Мазданың аян беруімен отыз жасынан бастап, Ұлы Шындықты насихаттай бастайды. Заратуштраның уағыздарын дала көшпелілері қабылдамай, өзін қуғынға ұшыратады. Еділ бойынан бас сауғалай қашқан дала пайғамбары Бактрия (қазіргі Түрікменстан, Ауғанстан аумағы) билеушісі Виштаспаға барып паналайды. Осы тұрғыда назар аудара кететін маңызды жайт, Заратуштраның Тұран жерінде дүниеге келуі және қудалауға ұшырап, Иран тарапына жер ауып кетуі.

Кейіннен Иран патшаларының қолдауымен Заратуштра ілімі танылып, бірте-бірте ежелгі Иранға таралады. Заратуштраның діни уағыздары бірнеше ғасырдан соң ғана ескі парсы тіліне аударылып, «Авеста» атты кітап болып жинақталады. «Заратуштра» парсы тілінде «Зардошт» деп дыбысталады. «Осы сөзінің түп-тамырына келсек, парсы тіліндегі екі сөздің қосындысынан тұрады «шотор» түйе, «зард» сары деген сөздердің қосындысынан туған», – дейді Рахман Алшанов.Сонда  Заратуштра сөзін «Зар айтушы» мағынасында береді. Жалпы, келесі нұсқаға зер сала отырып, «Зар» сөзін тура мағынасында зар деп алсақ, «доштан» сөзін бар болу деп аударсақ, зары бар адам мағынасын береді. Кейбір ғалымдар «жаратушы» деген дыбыстық нұсқасы бар екенін де айтып жүр. Жоғарыда айтқанымыздай, оның уағыздарын, зарын Тұран даласының көшпенділері қабылдамады, қудалады, сол себепті зар айтуы мүмкін деген пайым бар. Осылайша Заратуштра Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан жерлерін аралап, әрі қарай Иран жеріне өтеді. Қазіргі қазақ даласындағызороастрлық салт-дәстүр, тілдік, мәдени ұқсастықтар сақталғаны соның дәлелі болса керек.

Автордың мына тұжырымы да өте қызық. Зороастрлықтардың екінші қасиетті сенімдерінің бірі «фраварх» немесе арвах яғни, қазақ тілінде «әруақ» мағынасын береді. «Фраварх» − әруақ, өлген адамның рухы деп аударылады. Зороастрлар аруақтардың келгеніне разы екендерін осы үй төбесіне от жағу рәсімі арқылы білдіреді екен.Сондай-ақ, қазақ мәдениетіндегі «От анасы» − әйел адам, «Отағасы» − ер адам деген түсініктер бар. Наурыз мерекесіне бір күн қалғанда от анасы алдын ала дайындалған ағашты ошақтың ішінен алынған қызыл шоқпен үй төбесіне алып шығады. Үй төбесіне бір ыдысқа су, жасыл-желең, көкөністер, май шам немесе балауыз, ыдысқа салынған жеміс-жидектер апарады. Отбасының барлық мүшелері үй төбесіне шығып, аруақтарды шығарып салу құрметіне арналған рәсімдерді орындайды. Жемісті аруақ жолына құрбан етіп, отбасы мүшелеріне теңдей бөліп береді.

Наурыз мерекесі келген күні Авестадағы мәңгі отты қорғаушылар «мабедтер» алау жағып, жаңа жылдың келгенінен халықты хабардар етеді, осы сәтте олар үй төбесіндегі оттарын тұтатып, шат-шадыман наурызды қарсы алады. Жанған от сөнгенше зороастрлар құдайларына сиынып, қалған шоқты әкеліп үйлерін аластап, қалғанын жергілікті «сөнбес алауға» немесе «аташкадеге» әкеледі. Міне, осылайша олар отпен бір жағынан үйлерін аластаса, екінші жағынан хош иісті ағаш шоқтарын жұпар иіс алу үшін пайдаланады. Осы тұстан шығатын түйін қазақ халқының аруақтарға бағыштап жеті шелпек пісіріп, иіс шығарып, өлген адамның рухына бағыштап құран оқуы мен отпен үйді аластауында өзара үндестіктің бар екенін байқауға болады.Келесі тоқталатын ұғым Авестада «Дию»қазақша «дию», «сиқыршылар». Диюлар алдындағы қорқынышты жою үшін зороастрлықтар ерекше жалбарыну сөздерін оқып, амулеттер мен талисмандар тағатын болған. Олар жанұя мен оның туыстарын жын, аурулардан сақтайтын болған. Ондай дәстүр, тұмар тағу, емдеу жолдары қазақ бақсыларының дәстүрлерінде де бар. Төлепберген бақсы қазір батыс өңірлеріндегі «Амал» мерекесі – «Көрісу күні» «Авестада» айтылғанын айтады. Бәріміз білеміз, бұл ерекше күн 12 наурыздан басталады, жылқы сойылып, ас беріледі, өмірден озған адамдардың киімдерін іліп қояды, бір-біріне кіріп амандасып шығады делінген. Қарасаңызшы, 4,5 мың жыл бұрынғы дәстүр сол күйі сақталып келе жатыр. Аяздан кейін наурызды, көктемді бізден басқа кім күтеді? Иранда, Ауғанстанда ондай ауа райы жоқ қой…деген қорытындыға келуі ғалымның, ойымызға да өте қонымды.

Сонымен қатар6 қазақ тарихы мен жеріне қатысты Қазығұрт тауы, Нұх пайғамбар, Топансу, Каспий, Арал теңіздері, өзен-көлдер, қырат-ойпаттар, Қазақстанда табылған қорғандар мен қоныстар, үңгірлер, көш жолдары, ежелгі тұрақтар, мамонт сүйектері, Бетпақдала, Үстірт, Арқайым қалашығы мен Ботай мәдениеті, қазақ ру-тайпарының шығу тегі, шежіре, антропология, этнография, топонимика, этимология, мифология мен фольклор, сал- дәстүрлер, оның ішінде түрік, иран, кавказ халықтарының тілі, мәдениеті кең дерекнамалық базада сипатталады.

Рахман Алшанұлы жаһандық апаттардың әлем халықтарына, табиғатқа, болашағымызға қаншалықты әсер ететіндігін талдай келе, адамзатты қоршаған ортаға, табиғи құбылыстарға, замана өзгерістеріне түсіністікпен, жауапкершілікпен қарауға, шешім қабылдауға, зерттеуге шақырады. Және автор абсолютті ақиқатқа, түбегейлі шындыққа ұмтылмайды, әлі де осы әлемдік мәселелерді, сол арқылы ұлттық тарихымыздың екшелеуге, маңызды да беті ашылмаған парақтарын жаңаша, тың деректер арқылы қарастыруға үндейді. Кітап сонысымен де өте құнды әрі маңызды деп айтуымызға толық негіз бар.

Аманай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының көмекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар