Бурабайда биатлоннан әлем чемпионаты басталды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен Бурабайдағы заманауи биатлон стадионында жасөспірімдер арасында биатлоннан әлем чемпионаты басталды. Оған әлемнің 40-қа жуық елінен 500-ден астам спортшы қатысуда.

Әлем чемпионатының ашылу салтанатынаоблысәкімі Ермек Маржықпаев, Халықаралық Биатлоншылар одағының президенті Олле Даллен, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, Қазақстан Биатлоншылар одағының президенті Ермек Қизатов қатысты. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем чемпионатының ашылу салтанаты жоғарғы деңгейде өтті. Мұндай ауқымды спорттық іс-шаралар Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Халықаралық Биатлоншылар одағы өкілдерінің айтуынша, мұндай жарыстарды Бурабайда өткізудің бірнеше себептері бар. Ең алдымен, Бурабай баурайының молқары мен ауарайы қолайлы. Сондай-ақ, жас биатлоншылар арасындағы жарыстардың өзі Щучинск қаласындағы қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығында, барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және өткен жылы жоғары санатты лицензия алған заманауи биатлон стадионында өткізілуде.

− Ең біріншіден, сіздерді биатлоннан жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының ашылуымен құттықтаймын. Байрақты бәсекеде дүниежүзінің 40 елінен келген спортшылар бақ сынайды. Бұл спортшының мергендігі мен жүйріктігі қатар сыналатын қызықты әрі танымал спорт түрі. Елімізде биатлонға деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Жастарымыз әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысып, шеберлігін шыңдап жүр. Олардың жеңіске деген құлшынысы мен табандылығы көпшілікке үлгі-өнеге болды. Қазіргі уақытта елімізде бұқаралық спорт түрлерін дамытуға көп көңіл бөлінеді. Спортшыларымызға тек сәттілік пен шыдамдылықты тілеймін,− деді Сәрсен Құранбек.

Спорт нысаны қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді және оның Астана қаласының әуежайымен тікелей автомобиль және теміржол қатынасы бар.

− Еліміз үшін бұл өте үлкен, ауқымы кең іс-шара, өйткені, 2011 жылғы Универсиададан кейін қысқы спорт түрлері бойынша мұндай ірі жарыстар өткізілген жоқ еді. Аталмыш жарыстар қысқы спорт түрлерін, дәлірек айтсақ, биатлонды дамытуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Чемпионаттың алғашқы күндерінде микс-эстафета өткізіліп, кейін жеке жарыстар басталып, сайыс 4х4 эстафетамен аяқталады, – дейді Олимпиадалық дайындық орталығының директоры Ардақ Төлендин.

Облыс әкімі де спортсүйер қауымды елеңдетіп отырған халықаралық жарыс туралы өз пікірін білдіріп, жарыс жолына шығатын спортшыларға толайым табыс тіледі.

− Бүгінгі әлем чемпионатының ашылуы құтты болсын! Қазіргі таңда спортпен шұғылдануға шектеу жоқ. Спорт ұлттарды, елді, халықтарды жақындастырады. Ал, біздің елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.  Арнайы спорттық нысандар салынып, спортшылар үшін барлық жағдай жасалуда. Соның дәлелі ретінде біз жиналып отырған республикалық шаңғы базасын айтуға болады. Аталмыш нысанның аз уақыт ішінде халықаралық жарыстарды өткізуде үлкен тәжірибеге ие болғаны анық. Шығыс Еуропа кубогы және трамплиннен секіруден әлем кубогының жазғы кезеңдері сияқты жарыстар өткізілді. Алдағы уақытта, ересектер арасындағы әлем чемпионатының кезеңдерін Бурабайда өткізгіміз келеді, − деді облыс әкімі.

Бұл жарысқа еліміздің 20 биатлоншысы қатысып, бақ сынамақ. Чемпионат 12 наурызға дейін жалғасады. Қазақстан Биатлоншылар одағының өкілдері атап өткеніндей, бұл еліміздің осындай ірі спорттық іс-шараларды өткізуге дайын екендігін көрсетеді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар