Ел жастары – Отан қорғаны 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық әскери қызметтің имиджін арттыру, жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-үгіт-насихат жұмысының өкілдері Көкшетау қаласына арнайы жұмыс сапарымен келіп, облыс орталығындағы оқу орындарының оқушыларымен әскери-патриоттық бағытта ерлік сабақтары мен бірқатар танымы мол тағылымды тақырыптық іс-шаралар өткізді.

Солардың негізгісі Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында болып өтті. Аталмыш іс-шараға өңіріміздің орта және арнаулы білім беру мекемелерінен барлығы 400-ге жуық жастар жиналды. Жиын барысында «Жас сарбаз» ұйымының өкілдері, ұйымдастыру жұмыстарына ат салысқан патриот жандар Алғыс хаттармен марапатталды.

Мәдениет сарайында ұйымдастырылған негізгі іс-шара басталмас бұрын жиналған қауымның назарына әскери-тарихи мұражайдың экспозициялары, қару-жарақ пен әскери техника көрмесі ұсынылды.

Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталды. Ұлттық рухқа баулитын патриоттық кеш барысында ер азаматтың басты борышының бірі Отан қорғау мәселесі туралы жан-жақты баяндалды.

– Мемлекет басшысының Жолдауы аясында бүгінде бүкіл қоғам жаңа Қазақстанды қалыптастыру үшін бірігуі тиіс. Біз өз тарапымыздан өскелең ұрпаққа Отан қорғаушының жоғары миссиясын түсіндіруге басты назар аударамыз. Бүгінгі жастарымыз келешекте Қарулы Күштердің қатарын толықтыратынына сенімім мол, – деп атап өтті Бас штабтың тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің өкілі, полковник Бисен Жақыпов.

Жалпыға белгілі, ағымдағы жылдың 1 наурыз бен 30 маусым аралығында жас өрендерді әскер қатарына шақыру науқаны басталды. Жиынға жиналған әскери қызметшілер әскер қатарында қызмет етудің өз артықшылығы бар екендігін баса айтып, міндетті әскери борышын өтегендер үшін мамандық алып, оқуға түсу жеңілдетілгенін де алға тартты. Мәселен, Отан алдындағы борышын өтеп келген сарбаздардың екі жыл көлемінде  Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмай-ақ, жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі қарастырылған. Тағы бір ерекше екпін түсіре айта кететін жайт, әскерде жақсы көрсеткіштерге ие болып, белсенділік танытқан сарбаздар  грантқа түсуге құқылы.

Жиын соңы патриоттық әндермен әспеттелген әдемі концерттік бағдарламамен түйінделді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар