Аналар барлық құрметке лайық

Мереке қарсаңында облыс әкімі Ермек Маржықпаев 2022 жылы 16 қарашада Астана қаласында шыққан өрт барысында адамдарды құтқаруға қатысып, қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің анасы Бибігүл Забикулинаның үйіне барып, көктем мейрамымен құттықтады.

Асқар дене күйігінен ауруханада қайтыс болды, қаза тапқаннан кейін І дәрежелі «Айбын» орденімен және «Жыл батыры» аталымы бойынша «Алтын Адам» сыйлығымен марапатталды.

–Сіздің ұлыңыздың ерлігі батылдық пен ержүректіктің үлгісі болып табылады. Бұл ерлік қадам біздің халқымыздың есінде мәңгі сақталады. Біз балаңызды ерекше мақтан тұтамыз, – дей келе, Ермек Боранбайұлы батырдың анасына зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тіледі. Облыс әкіміне өзіне көңіл бөлгендігі үшін алғысын білдірген Бибігүл Қабдуәлиқызы төрт баланың анасы және сегіз немеренің  әжесі болып табылады. Үй жұмысы, бала тәрбиесімен қоса, супермаркетте сатушы болып жұмыс істеуге де уақыт тауып жүр.

Бұл күні Батыр ана Дәмелі Баймағанбетова да облыс әкімінің құттықтауы мен алғысын қабылдады. Дәмелі апа 1933 жылы туған, он баланы өсіріп тәрбиелеген. 12 немере мен 19 шөберенің әжесі. Батыр ана банк жүйесінде 42 жыл еңбек еткен өзінің жұбайы Бекболат атаймен 55 жыл тату-тәтті өмір сүрді.

Облыс әкімі үлкен де ынтымақты отбасының қалай тұрып жатқандығын сұрастырып біліп, шаңырақ ұйытқысын алда келе жатқан мерекемен құттықтады.

–Көктемнің жарқын мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Сізге зор денсаулық, отбасы бақытын және ұзақ ғұмыр тілеймін, –  деді ол.

Бұдан әрі облыс әкімі Надежда Щербаның үйіне барды. Надежда Ивановна 1935 жылы туған. Ол – тыл ардагері. 1955 жылы біздің облысымызға тың және тыңайған жерлерді игерісуге алыстағы Ростов облысынан келген. Содан бастап Қызылту, Чкалов аудандарының шаруашылықтарында экономист болып еңбек етті. Жұбайы Петр Дмитриевич Щерба Қызылту аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып ұзақ жылдар жемісті қызмет атқарды.

–Сіздің барыңыздың өзі бізге қуаныш. Өмірлеріңізді алып қарасақ, тұтас бір дәуір. Сондықтан, бәрімізге де өздеріңізден алатын үлгі-өнеге аз емес, – деп тілегін арнаған Ермек Боранбайұлы сөзінің соңында еңбек ардагеріне зор денсаулық, отбасына амандық тіледі.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.    

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар