Балташ Дүйсенов атындағы республикалық турнир

Аудан орталығы Ерейментау қаласында жыл сайын өтетін бірнеше шаралардың ішіндегі бір ерекшесі, ұлттық ойын – тоғызқұмалақтан өтетін спорттық жарыс.

Жуырда тоғызқұмалақтан өткізілген республикалық жетінші турнир. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, қоғам қайраткері, елінің елеулісі, халқының қалаулысы, ғажап математик, тарихшы, бар салада ерен еңбегімен есте қалғанұлағатты ұстаз, бірнеше республикалық марапаттардың иегері Балташ Сыздықұлы Дүйсеновке арналып ұйымдастырылды.

Жарыс Ерейментау қаласында өткен желтоқсан айында жаңадан ашылған спорттық-сауықтыру кешенінде өтті. Бұл спорт кешені қазіргі заманауи талғамға сай әрленген екен, әрі бірнеше жаттықтыру залы, бассейні бар көрінеді.

Ұйымдастыру алқасын аудан әкімі Абай Әлжанов басқарып,осы шараның жақсы өтіп, елдің абыройы асқақ болуы үшін әкімдіктің лездемесінде әрбір қатысып отырған ұйым өкілдеріне нақты тапсырма беріп, жауапкершілікпен орындауды тапсырды.

Жарысқа бірнеше облыстан тәлімгерлерімен бірге жүздеген оқушы балалар келіп, кешен іші шаттық күлкіге толды. Өзі де өте тамаша турнир лайықты безендірілген. Келген қатысушылар Атырау, Ақтөбе, Абай, Павлодар, Қарағанды, Қостанай және жарысты өткізген Ақмола облысының балалары. Ашылу салтанатына жергілікті халықпен бірге, Балташ Сыздықұлының отбасы да қатысты. Ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде өтті. Ол аудан әкімінің жеткіншектерді құттықтауымен басталып, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды. Әрбір келген кішкентай қатысушылардың жүзінен қуаныштың белгісін көргендей болдым. Мына жаңа кешеннің басшысы Сәрсенбек Өтепов өз өңіріміздің азаматы. Әңгімелесіп отырғанда мені таңғалдырған сауалы, еңбек кітапшамда марапаттаулардан басқа екі ғана бұйрық жазылған, – деді, – біріншісі 1984 жылы Целиноград педагогикалық институтын бітіріп келіп, мектепке жаттықтырушы болып орналасуым, одан кейін спорт мектебінің директоры лауазымы қызметіне тағайындалуым.

Міне, азамат, өз елінің жастарын тәрбиелеп, сол атақ-даңққа риза болып отыр. Сәрсенбек Темірғалиұлының жарыс басталғаннан басы-қасында болып, барлық келген жаттықтырушылармен ішінара жақын араласқанының өзі үлкен адамгершілік.

Келген қатысушылармен таныса отырып, Қостанай облысының Жанкелдин ауданының тәлімгері Қайрат Аймағанбетовпен әңгімелестім. Павлодар облысындағы Ақсудан келген Гүлжан Сапарова өзінің ең жасы кіші Хабибасын мақтан етті, ол 2015 жылы туған екен. Жарыста Ақтөбе облысының Байғанин ауданының жаттықтырушысы Омар Жолдасбайұлы да болды. Әңгімелесе келе, Омар Ерейментауға төртінші рет келгеніне қуаныштымын дей келе, 2018 жылдан бастап шәкірттерінің бірінші және үшінші жүлделі орындарға ие болғанын және биылғы командасындағы үміткер Ақкенже Қуанышқызы екенін тілге тиек етті. Ол отбасындағы тоғыз баланың кенжесі, оқу озаты. Әкесі ұстаз, анасы мейірбике екенін айтты. Ақыры сол шынашақтай кішкентай Ақкенже осы жолы чемпион атанып кетті. Әрі мектептерінде тоғызқұмалаққа қызығушылық өте жоғары екенін мақтан етіп отыр. Мұндай жаттықтырушылар көп болсын, Омар Жолдасбайұлына болашақтада сәттілік тілейміз. Командасы барлық нәтижесі бойынша екінші орынға ие болып, ақшалай жүлдеге риза болып аттанды.

Тәлімгерлер арасында жасы үлкені, Ақтөбе облысынан келген Ғабит Ташкенбаев балалары үшін бар жылуын төгіп тұрғандай көрінді. Қыс ішінде жол жүру оңай емес,әрі бір бала емес, бірнеше баланың өміріне жауапты ғажап ұстаздарға осы жолы шынымен тәнті болдым. Бірінші орынды жеңіп алған Павлодар облысы, Ақсу қаласына лазерлі теледидар бұйырды, ал, екінші және үшінші жүлделі орындарды тиісінше Ақтөбе облысы мен Семей қаласынан келген жеткіншектер жеңіп алды.

Осылайша тамаша бір жарыс өтті. Қолдары қолдарына жұқпай, тастарын бір бөлімнен екінші бөлімге ауыстырып, тез-тезсанағандарына таң қаласың,үн-түнсіз бірімен-бірі ұғысқандай, әдемі ойындарын көріп, өзімді сондай бір ғажап көрініске тап болғандай сезіндім. Мәдениетті түрде, үлкен жауапкершілікпен өткен осы турнирдің болашағы зор болсын. Әзірге биылғы жарыс аяқталып, келген оқушылар өз өңірлеріне сапар шекті. Тәлімгерлерде, оқушыларда Ерейментаумен қимай қоштасты. Келесі жылы осы ұлттық ойыннан Ерейментауда алғашқы жарыстың басталғанына 20 жыл болады. Алғаш рет аудан, облыс көлемінде өтсе, биыл республика көлемінде жетінші рет өтуімен барлық қатысқан үміткерлерді, ұйымдастыру алқасын марқұм ағам Балташ Сыздықұлының отбасы атынан және өз атымнан құттықтаймын! Жерлестері ұлттық ойыннан осындай дүбірлі жарыс өткізіп жатқан ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері, елі ардақтысының жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, Алла жанын жәннатта ете гөр деп тілеймін.

Алыс-жақыннан келген балаларға, ұстаздарға дендеріңіз сау болсын, жақсылықпен кездесейік деген тілек айтып, қимай шығарып салдық. Осы елдің абзал перзенттері үшін үлкен іс атқарған аудан басшыларына да алғысымыз шексіз.

Балжан Сыздыққызы.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар