Мәулітбай Кәрімов

Бұл өмірдің баянсыз екендігін өз басым бір адамның ғұмырынан танығаным бар. Бақ пен дәулет  адам баласының басына cол адамның ниеті мен адал көңіліне бітер болса, біздің ағамыз Мәкең, Мәулітбай  Кәрімов мына жалған дүниеде  ең дәулетті және ең  бақытты адам болуы-ақ керек еді. Алайда, бақсыз-талайсыз болды деп те айта алмас едім. Қалың елге сыйлы болды. Мәкеңнің бәлкім, мына жарық  дүниеде, өз ғұмырында  бар  жиған-терген  дәулеті мен бағы да осы болар!

Әлқисса… Қатарымен он бір  жыл бойы Көкшетау өңірінің білдей бір ірі де дамыған ауданының бірінші басшысы бола жүріп, қысқы соғымына бір жылқының етін алмай кеткен Мәкең, Мәулітбай Кәрімовтің  тазалығы жайлы аңызға бергісіз ақиқат бар екендігін айтар болсақ, оған бүгінгі заманның адамының сене қояры да неғайбыл!

Бұрынғы Көкшетау облысының бұрынғы Рузаев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданы) Мәулітбай Кәрімов  басқарған Рузаев ауданы өз кезінде Қазақстанды қойып, астық өндірісі жөнінен Кеңес Одағының озат өңірлерінің бірі болатын. Және де кезінде елді мекендерге қатты жамылғылы  жол салуды жақсарту  жөнінен республика бойынша бастама көтерген де осы Мәулітбай Кәрімов басқарған Рузаев ауданы еді.

Мәулітбай ағамыз бұл ауданды 1969-1980 жылдары, яғни, он бір жыл бойы басқарды. Басқарып қана қойған жоқ, елді басқарудың, шаруашылықты жүргізудің және кез-келген адам баласын сыйлай білудің тамаша өнегесін, басшылық жасаудың мәдениетін  қалыптастыра білді. «Мәулітбай Кәрімов»  десе осы қалың елдің кәрі мен жасының және түрлі ұлт өкілдерінің балалары да  ішкен астарын жерге қоятын дейтіндей шынайы көңілмен құрметтеп жүрді.

Және де бұл аудан сол кезде Қазақстанның Министрлер Кеңесінің төрағасы болып отырған Бәйкен Әшімовтың, Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің, кешегі Зілғараның Әлібегінің ұрпағы Құбайдолла Әшетовтің, әдебиетші Айқын Нұрқатовтың, жазушы Нығмет Ғабдуллиннің  және өзге де елге танымал жақсылар мен жайсаңдардың даңқты елдері болатын.

Былайша айтқанда, Мәулітбай Кәрімовтің  өзін де, ісін де сырттан және биіктен қарап отыратындар мен бақылаушылар аз емес-ті.  Алайда Мәкең үшін ең үлкен бақылаушы да әділ баға беруші де халық болатын. Осыны ол өзінің бар саналы ғұмырында сезініп өтті. Мәкең өз халқын, халық Мәкеңді құрметтеп, ардақтап өткені аян!

Ағамыздың өмірінің соңғы жылдары Көкшетау қаласында өтті. Сол жылдары осы Рузаев ауданының жөн мен жол білетін жандары, әсіресе, үлкендер жағы сонау жер қиянынан «Мәулітбайдың сыбағасы» деп бір табақ еттерін,қарынға салған сары майларын, ірімшік-құрттарын  өздері, болмаса Көкшетауға  қатынаған өзге жан баласынан беріп жіберіп жататындықтарын  көрдік, білдік. Бұл арада Мәкеңнің ас-сусыз отырмағандығын, құдайға шүкірлік дейтіндей өз дәулеті де бар еді. Алайда, Мәкеңе деген рузайлықтардың  көңілдері мен ниеттері елден келіп жататын осы  елдің «сыбағасы» арқылы анық сезілетін, анық байқалатын. Қазір Рузаев кентінің орталық бір көшесі Мәулітбай Кәрімовтің есімімен аталады.

–Аға, осы жұрт Сізді бір ауданды он жыл  басқарып тұрып, тұтас бір соғым алмапты деп жүр ғой! Сол рас па?, – деп сұрадым бір күні.

Жүзі бал-бұл жанып, нұрланып шыға келген Мәулітбай ағам кеңкілдеп бір күліп алды да:

–Рас ол… шыны сол,-деп әңгімесін бастап кетті.-Бірде қыстың ішінде үйге келіп кешкі асымды алдыма алғаным сол еді,  есік қағылды. Ашсам, іргедегі «Бірлік» совхозының бас зоотехнигі екен. Амандық-саулықтан кейін, жөн сұрадым.

–Сізге совхоз директоры Левандовский қысқы соғымыңыз деп бір жылқының етін жіберіп еді, соны қайда түсірейін, – деп тұр әлгім!

Мәулітбай ағам тағы бір кеңкілдеп күліп алды да, сөзін жалғастырды.

–Ой, жарады! Алайда тұра тұр, соғымның еті  қайда өзі?

–Ет  пе… ет… машинада тұр,-деп бас зоотехник жылпылдап тұр.

–Ет қайда қашар дейсің, тұра тұрсын! Сен ең әуелі үйге кіріп  дәм тат,жылынып ал, – деп ет әкеліп тұрған зоотехникті дастархан басына отырғызған Мәулітбай ағамыз өзінің кең пейіліне салып, әріден сөз қозғап, әңгіме айтып, бас зоотехникке өз қолынан жақсы бір коньяктан құйып, әбден риза қылады.

–Әлгі пақырың, бірінші хатшының үйінде отырып және сол бірінші хатшының қолынан коньяк ішкеніне мәз болып, кең жайылып, неге келгенін де ұмытып кетті-ау деймін!

Аға осыны айтты да, тағы да кеңкілдеп бір күліп алды да: – Ал, енді ана машинаңдағы етті совхоздың қоймасына сол қалпында апарып түсір, сонда тұрсын. Кейін өзім хабарласамын, керегінде алғызамын, рахмет, – деуім мұң екен маған соғым әкелген зоотехнигім «ләм-мим» деместен машинасына мінді де, жөнеп кетті,–деп Мәулітбай аға осының өзін әсерлі етіп айтатын-ды.

Осы оқиғадан соң таң құлансәріден ауданның бірінші хатшысы Мәулітбай Кәрімовтің алдына «Бірлік» совхозының директоры Левандовский келіп, жік-жапар болғаны бар.

–Мәулетбай Каримович, бір соғым бере алмасам, менің кім болғаным?! Неге алмадыңыз, неге қайтарып жібердіңіз? Маған сенуіңізге болады ғой, екеуміз де бір ауданның азаматтарымыз, жерлеспіз ғой, – деп Антон Генрихович ағынан жарылғаны бар.

Совхоз директорының «біз жерлеспіз ғой» деп тұрғаны Левандовский де Чкалов ауданының Петровка елді мекенінен болатын. Ол өзі басқарған шаруашылықты Көкшетау облысындағы ғана емес, Одақтағы  іргелі озаттардың қатарында ұстады. «Бірлік» совхозы өз кезінде Ленин орденімен марапатталып, ал Антон Генрихович Левандовский Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды!

***

Уақыт озған сайын көмескіленіп бара жатқан жарықтық Мәкең, Мәулітбай Кәрімовтің бейнесін өзінің тіршілігінде жасаған игі де ізгі істерімен және кім көрінгенге сеніп айта бермеген көптеген сырларын жадымыздан да, қағазымыздан да суыртпақтап айтар  осы сәтте, қазақтың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жыл сайынғы орақ кезінде осы Мәулітбай ағамыз басшылық жасайтын Рузаев ауданына келіп тұратыны бар еді.

Жазушы Әбекең келді дегеніңізше, кейін кесек-кесек очерктер одақтық «Правда» газетінде басылып жататын. Тіпті одақтық  «Огонек» журналының кітапханасы сериясымен де Мәулітбай Кәрімов жайлы басылған кітапшаны да білетін едік. Қаламға да, кейіпкер таңдауға да тым кірпияз қарайтын Әбекең, Әбдіжәмил Нүрпейісов сынды қаламгер өз кейіпкері Мәулітбай Кәрімовті тектен текке таңдамаған да болар. Мәкеңнің  кісілігі, тектілігі, адами қасиеттері жазушының  кемел де терең ойынан шыға  білсе керек.

***

Ал, енді әңгімені әріден тартып,  ендігі сөзді шыққан тегі жағынан өрбітетін болсақ, Мәулетбай ағамыздың ұлы атасы Атығайдың Даңқой (Дәулетбек) бұтағынан тарайтын Кенжеболат Ақылбай баласы өз кезінің беделді де дәулетті болғандығын айтайық. Ал, Ақылбай бабамыздың кім болғандығын Бурабайдағы «Ақылбай асуы», «Ақылбай кордоны» және «Ақылбай (бұрынғы Дорофеевка) ауылы» жер бетінде сақталып қалған осы бір атаулардан-ақ аңғаруға болар.

Ақылбай  Қанай бидің шөбересі Жаңабатырдың күйеу баласы еді.

Бірде Кенесары Атығайдың ардақты байы Ақылбайдың жылқысын алдына салып айдап, өзін байлап алып кетеді. Атығайдың игі жақсылары жиналып, Жаңабатыр биге келген екен де:

– Кенесарыға біз бара алмаймыз, Ақылбайды тірідей әкетіп еді, сіз барып ханмен сөйлесіп, тірі болса өзін, өлі болса сүйегін әкеліп беріңіз. Қанша жігіт, қанша мал керек, бәрін береміз, – дейді атығайлықтар.

Ақылбай Жаңабатырдың күйеу баласы, әрі ауылы аралас, қойы қоралас отырған ағайынның санатында еді.

Жаңабатыр біраз ойланып: – Кенесары жаңада ғана хан болған адам, оның үстіне қаһары тым қатты, көп адаммен барсам жауласуға келді-ау деп жаман ойлап қалар. Атығай, сендерден ат та, адам да алмаймын, Қарауылдың балаларынан  жолшыбай жолға жарайтын жиырма шақты жігіт алармын, – деп көп аялдамастан Ұлытаудағы Кене ханның ордасына аттанады.

Жаңабатыр би бастаған біраз аттылы хан ордасына жақындағанда: – Ей, кімсіңдер, жаумысың, доспысың? – деген дауыс естіледі.

Сонда Жаңабатыр би: – Уа, жау біздей бола ма екен! Абылайдың жер қылған жерінен, ел қылған елінен келеміз. Мына Кенесары кеше қолымызда өскен бала еді. Бұқардан тоғыз жыл оқу бітірді дегенге бір қуансам, қара қазаққа хан болды дегенді естіп, екі қуандым. Осыған қайырлы болсын айтайын деп, қуанышым қойныма сыймай әдейі келіп тұрған кешегі Қасым төренің жолдасы Жаңабатыр деген мен боламын.

Мұны естіген Кенесары: – Бабамның атын атап, ат арытып алыстан келген ақсақалды сыйламасам, хандығыма сын болар, – деп Жаңабатыр бидің алдынан шығады. Құшақ айқасып табысып, қоналқыға үйге түсіреді. Қонағасыға ақ байтал сойылып, құрмет көрсетіледі. – Жәке, ат соғып шаршап келген боларсыз, тынығыңыз, – деп хан ордасына кеткен екен.

Астау толы ет алдарына келгенде Жаңабатыр би: – Ас иесімен тәтті деген, мынау астан хан әуелі өзі татсын, біз содан кейін барып жейміз, – деп даяшы жігітті жібереді. Жігіт барып  ханның табағын әкеледі. Жаңабатыр би әрбір мүшеден бір-бір кесіп, хан табағын өзіне қайтарады. Хан астан ауыз тиеді.

Сонда Кенесары қасындағыларға қарап: – Ей, мұндарлар, менің бабамның ел қылған елінен келген мынау ақсақалдың өзім берген қонағасыммен өзімді сыйлағанын қарашы! Осындай істі қалай ұмытасың?! Сендердің араларыңда хан болғалы қанша жыл, бірақ бірде біреуің мұны істей алған жоқсыңдар, – дейді.

Жаңабатыр биге де керегі осы еді. Кенесары қолы Ақылбайды шауып, көп жылқысын айдағанда Қалқұтаңды (Колутон) басып өтіп, Мырзалы және Түзей деген екі кісінің біреуінің тезек тере жүрген келінін, біреуінің айғыр үйір жылқысын қоса айдап кеткен екен. Бұл екі кісі де бимен бірге еріп барған екен. Ертеңінде Жаңабатыр би Ақылбайдың өлі-тірісін білмей, дағдарып, алаң-елеңде далаға шықса, дарға асылып тұрған біреуді көреді. – Япыр-ай, мына шіркін Ақылбайды тірі бермейін деп асып тастағаннан сау ма өзі? – деп бір жігітті жібереді. Бірақ ол Ақылбай емес екен.

Тынши алмаған Жаңабатыр би хан ордасына барса ханның оң жағында аузы-аузына жұқпай, бір ұзын сары кісі отыр екен. Ол кішілік қылып орын да бермейді. Амандық-саулықтан кейін хан: – Жәке, шаруаң болса айта отыр, – дейді.

– Уа хан ием, бір білместік білгеннен де, білмегеннен де кетеді деген. Бір ақымаққа бола бабаңның ел қылған елінен айырыламысың? Атығай әрі көршім, Ақылбай әрі күйеу еді. Тірі болса Ақылбайдың өзін бер, өлі болса сүйегін бер, – дейді Жаңабатыр би.

Кенесары хан Ақылбайдың тірі екенін айтады.  – Пышағыңды берсең қынымен қоса бер дегендейін, өзін берсең малымен бер, – дейді Жаңабатыр би. Қасындағы екі ақсақалдың да дау-шарын айтады. Бар жәйтті тыңдаған Кенесары бір төленгітін шақырып алып: – Осыларың рас па? – дейді. Төленгіт «рас» дейді. – Онда қайтарыңдар, – дейді хан.

Ханнан сұрағанын алған адам дәстүр бойынша «Алдияр тақсыр, құлдық» деп ханға ізет етуі керек еді. Бірақ Жаңабатыр би оны істемейді. Соны баққан әлгі ұзын сары сұрағанымызды ала алмап едік. Мынау бір сұрағанда үш қалағанын бірдей алып отырып, басын имегені қалай? – дейді.

Сонда Жаңабатыр би: –Ей, Кенесары! Жер шоқтығы Көкшетаудай жерім бар, сегіз ата Қарауыл, он екі ата Атығай елім бар. Хан әділ болса, ел бастаса, оны қостайтын бізде де сенім бар, – деп бабам Бекболат ақ киіздің бір бұрышын ұстап, Абылайды хан көтергенде, Абылай: – «Өзім өлгенше оң тізем Бекболат сенікі, соны кейінгі ұрпақтарыма өсиет етіп тапсырармын. Ұрпағымның оң тізесі сенің ұрпағыңдыкі болсын» дегені бар-ды. Мына менің орнымды бермей әрі маған мін тағып отырған мынауың кім? – деген екен.

Кенесары әлгі сарыға: – «Тұр, орын бер» –депті. Осылайша Жаңабатыр би алыстан сермеп, қиядан қисын табатын ақылмен қаһарлы хан Кененің де алдын орап үш дауды да бітіріп, еліне қайтқан екен деуші үлкендеріміз.(Бұл дерек Баян Жанғаловтың «Үш кезең» кітабында да айтылады. Ескерту: Автордікі).

***

Енді менің қолымдағы шежіреде таратылғанындай, Тілеп баласынан Ақылбай, одан Кенжеболат, сол Кенжеболаттан Қадыр, Кәрім, Ғалым және Сәлім деген  төрт ұл тарайды да, Кәрімнен Ғазиз, одан Мәулітбай мен Ризабек, ал, Мәулітбай ағамыздан Шалқар туып еді. Шалқар  ертерек  қайтыс болып кетті.

Шалқар қайтыс болғаннан кейін біраз күннен соң Көкшетауға Зерендіден арнайы келген Баян Жанғалов пен Мәулітбай ағамды Көкшетаудың мұсылмандар зиратына  апарғаным бар. Машинаны өзім жүргізіп келемін. Артқы орында отырған екі абыздың әңгімесіне құлақ түріп қоямын.

–Әй, Мәулітбай! Сен де құлақтан қалғансың ба? – деді бір кезде Баян ақсақал даусын созыңқыраған қалпымен.

–Иә, Бәке, қалдық қой құлақтан… естімейтін болдық қой, – деп жабырқау көңілмен Мәулітбай ағам жауап қатты.

–Е… несін айтасың?!  Кезінде  екеуміз де  талай сөзді естідік қой! Қалған ғұмырымызда енді  естімегеніміз де дұрыс шығар, – деді Баян аға.

–Жөн… жөн,  Байеке! –деп жабырқау отырған Мәкең де құптап жатыр.

Өз тірішіліктерінде қатты сыйласып өткен осы екі абыз қарттардың, Баян Жанғалов пен Мәулітбай Кәрімовтің  бір-бірімен әңгімелері  де, көңілдері де, әзіл-қалжыңдары да жарасып өтті.

Соның бірін айтайын, – деді бірде Мәкең. –Бірде Байекеңнің ауылдағы ағайыны қайтыс болып, Жамантұзға  топырақ салуға бардық. Қыстың іші, күн аяз, қақап тұр. Біз қаладан үстіміздегі «драп пәлте» мен аяғымыздағы қысқа қоныш бәтеңкемен барған, зират басында жаурап қалдық. Байекең болса, (Баян Жанғалов) аяғында саптама етік, үстінде қасқыр ішігі бар былқ етер емес, – деп Мәулітбай аға осы бір әңгімесін жүзіндегі күлкісімен әсерлендіре айтатын.

Хош, сонымен, мәйітті қойып, жаназаға қатысушылар ауыл үйдің біріне ас ішуге түсіріледі. Қазақы үстел жасаулы тұр екен.  Жаңа піскен бауырсақ пен сары май да қойылыпты. Қолдарын жуып, жасаулы тұрған үстелдің  төрдегісіне  Баян аға мен Мәкең қатар жайғасады.

–Қайдан білейін, – дейді Мәулітбай аға жылы жымиып. – Өзіміз тоңған, қарнымның ашқаны және де бар, жалма-жан бір бауырсаққа  май жағып,  аузыма салып жібердім ғой, – деп күлетін еді жарықтық. – Майлы бауырсақты шайнап, жұтып үлгерместен Байекең саңқ ете қалды:

–Тәйт,әрі! Үлкен тұрғанда мынаның дастарханға бірінші қол салғанын қарашы,– деп Баян аға жасының үлкендігін алға тартып әрі ежелгі сыйласы Мәкеңді бір састырып алғысы келсе керек.

Дастархан басындағы бір қауым ел елең ете түссе керек.Бауырсағын шайнап, жұтып алғаннан кейін Мәулітбай аға:

–Байеке-ау, жұрт осы ауылдан Баян аларын алып, ішетінін ішіп, жейтінін жеп болды деп еді ғой, әлі де қалып қойғаны бар ма еді? – деп жылы бір бауырсақты Байекеңнің қолына ұстата бергені бар.

***

Дүние есігін ашып, 1928 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Чкалов ауданындағы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы) Жарқайың ауылында туған Мәулітбай Ғазезұлы Кәрімов өзінің көзі тірісінде өзі шыққан тегі жайлы көп сыр аша қойып, айта да бермейтін. Алайда, елдегі ағайындарымыздың үлкендері қашан болсын «Мәулітбай ағаңа бардың ба, сәлем бердің бе?»  деп үнемі сұрап отыратын еді де, кейде бір Мәулітбай ағаның тегі жайлы айтып отыратын-ды.

Тарихта Ақылбай бай… Кенжеболат қажы…

Қолымдағы  жеке архивімдегі мына бір құжаттарға ерекше назар аудара беретінім бар.  1952 жылдың 6 ақпанында «Өте құпия» деген белгі соғылған Көкшетау облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Боговийцкидің атына жазылған  анықтамада Чкалов аудандық партия комитеті тексерісінің нәтижесінде 1928 жылы Жарқайың ауылында туған Мәулітбай Кәрімовтің байдың тұқымынан екендігін, әкесі Ғазез Кәрімов 1930 жылы кәмпескеленгендігін, атасы Кәрім 1930 жылы Совет үкіметі органдары тарапынан тұтқындалғандығын, әкесінің 1930 жылы қайтыс болғандығын жазыпты. Осы анықтамаға Чкалов аудандық партия комитетінің хатшысы Мартыненко қол қойыпты.

Екінші бір осындай «құпия» деген белгісі бар құжатты 16 сәуір 1953 жылы тағы да жаңағы Боговицкийдің атына Еңбекшілдер аудандық партия комитетінің хатшысы К. Құрманбаев толтырыпты. Бұл кезде Мәулітбай ағамыз Мәскеуде Бүкілодақтық комсомол (ВЛКСМ)  орталық комитеті жанындағы мектепте оқып жүрген екен.

Жаңағы құпия құжатта «Мәскеу қаласында  ВЛКСМ Орталық комитетінің мектебінде оқып жүрген Мәулітбай Кәрімовтің әйелінің әкесі Мұқамеджанов Нүкіш антисоветтік сөзі үшін тұтқындалған» делініпті.

Біз бұл  арада осы  құжаттарға  қол қойып отырған Мартыненконы да, Құрманбаевты да айыптаудан аулақпыз. Сол кездің тәртібі мен талабы бойынша «бай-құлақтардың, халық жауларының» және дін өкілдерінің ұрпақтарына деген сенімсіздік сталиндік кезеңнен кейінгі хрущевтік «жылымық» басталғанға шейін жалғасқаны анық болатын.

Тіпті, «халық жауының» ұрпағы деген таңбадан арыла алмай кеткен жандарды да білеміз. Соларға жала жауып, домалақ арыз жазушылар соны өте тиімді пайдаланып та отырған кезінде. Осы орайда көкшетаулықтар жақсы білетін Арап Темірбеков деген ағамыздың «халық жауының» ұрпағы ретінде талай бір қиянатты көргендігін айтып отырушы еді.

Көкшетау қаласында қазірЗарап Темірбеков көшесі бар. Ал енді осы Зарап Темірбеков кезінде «Лениншіл жас» (қазіргі Жас алаш) газетінің тұңғыш редакторы болған адам. Отызыншы жылдары халық жауы есебінде ұсталып, атылып кетті де, кейін ақталды. Осы Зарап Темірбековке Көкшетау қаласынан бір көше беру мәселесімен  Арап ағамыз екеулеп айналысып, әйтеуір, бұрынғы Киров атындағы көшенің атын алып едік. Сол кезде Арап ағамыз өзі туралы да,  өзгелер жайлы да біраз әңгіме айтып кетіп еді.

–Білесің бе, мен Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Клещев дегеннің көмекшісі болып бір-ақ күн істедім ғой, – деп күлуші еді жарықтық Арап аға.

–Неге?– деймін  Арап ағаның әңгімесін қызықтап.

–Неге дерің бар ма? Бір күні таңертең бірінші хатшыға көмекші болып тағайындалдым. Бірден іске кірісіп, жұмыспен танысып, көңілім өсіп, келесі күні ертелетіп жұмыс орныма келіп отырғаным сол еді, бірінші хатшы шақырды,– дейді Арап аға.

Жүзіндегі әлдебір абыржушылықпен Клещев маған мынаны айтты: «Арап Жанабилович, сіз кешіріңіз! Көмекшім болып жұмыс істей алмайды екенсіз. Сізді «халық жауының» ұрпағы деп біреулер Мәскеуге,  ЦК-ға (партияның орталық комитеті) жеделхат жіберіпті. Бар мәселе осында болып тұр. Ренжімеңіз!

«Несіне ренжиін, кімге ренжиін?!» деп іштей торықтым да, бірінші хатшыға алғысымды айтып, жөніме кеттім.

Қынжыласың, сөйтесің де Абай хакімнің жиырма төртінші қара сөзіндегі

«Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді-біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз»,– дегенін қынжыла еске аласың.

«Бірімізді-біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз!» Әлі де сол!..

Әңгіменің осы тұсын  1955-1960 жылдары Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған  Алексей Ефимович Клещев  жайында бір қайра кетейік. Клещев кім болды десек, ол  1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Белоруссиядағы Пинск облыстық құпия партия комитетінің хатшысы, Пинск партизандар отрядының командирі, генерал-майор шені бар атақты адам еді.

Партизан қозғалысын ұйымдастырудағы асқан ерлігі үшін Алексей Клещев 1944 жылдың 1 қаңтарындағы Совет Одағы Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Совет Одағының Батыры атағына ие болған-ды.  Және де  осы  адам жайлы «Құпия обком» (Подпольный обком)  атты кинофильм де түсірілген еді.

Міне, қазақ баласының бірі – Арап ағамыздың басынан өткен осындай жайға Мәулітбай ағамыз да әр қадам басқан сайын кезігіп отырғаны да анық. Бұл сөзімізге Мәулітбай Кәрімовтің ата-бабасының кәмпескеленгендігі және әйелінің әкесінің совет үкіметіне қарсы сөз айтқаны жайлы қол қойылып, мөр басылған анықтамалар айғақ болғандай. Осындай анықтамалар Мәкең қай жерге, қандай қызметке барса да соңынан «еріп» барып отырса керек.

– Сонымен аға, бір ауданда он бір жыл бірінші хатшы болып, бір соғымның етін алмай кеттіңіз? Осы аудандағы қызметіңізден соң Көкшетау облыстық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болған жоқсыз ба? – деп Мәкеңді әңгіме желісіне салдым.

– Солай болды. Сен оны қоя тұр! Мен әуелі саған осы «Рузайдан» қалай кеткенімді айтайын, – деді.

– Әрине… әрине!.. Айтыңыз, иә ол қалай болып еді?

–Ақыры, бірінші хатшылықтан кететінім анық болды да, қағаздарымды жиыстырып, өзге де құжаттарымды қарастырдым. Сейфімде жататын баяғы ақша салып жинап отыратын кітапшамды (сберкнижка) қарасам, жиған-терген 400 сом ақшам бар екен, – деп бар дүние байлығын бауырына басып алғандай ағам мәз болып отыр.

Шіркін, адалдық пен тазалық деп осыны айтарсыз! Мәкең жаңағы 400 сомды банктен түгендеп қолына санап алады да,сол ақшаға кетерлік дастархан жаяды.

–Төрт жұз сомның екі жүз сомын шопырыма бердім де, баяғы Левандовскийден ет алғыздым да, қалған екі жүз сомына өзге де ас-су алдырттым да, дастархан жайып, кетерлік жасадым,– деп Мәулітбай ағам бір сәт үнсіз қалды да, әңгімесін қайра бастап кетті.

–Менің кетерлік дастарханымның басында райкомның аппарат қызметкерлерімен бірге  күзетшісі мен от жағушысы, еден жуушысынан  бастап бәрі де болды. Солай болсын деп тапсырған едім. Барлығыңызға үлкен ризашылығымды білдіремін. Бірлесіп, жұмыс істедік. Біреулеріңізді ренжіткен жерім болса, кешірім сұраймын. Он бір жыл осы ауданда бірінші хатшы болдым. Мен осы ауданнанеш нәрсе алып кетіп бара жатқан жоқпын. Міне, бар жиған-тергенім  400 сом екен, – деп «книжкамды» көрсеттім де, сол төрт жүз сомға міне,сіздерге дастархан жайып, құрмет көрсетіп отырмын. Енді осы «сберкнижкамды» міне, көздеріңізше жыртамын, – деп сол арада ортасынан айырдым да, қоқысқа тастадым.

***

Мәулітбай ағаның Көкшетау облыстық халықтық бақылау комитетіндегі басшылық қызметі мазасыздау басталды. Жиі хабарласып тұрдық, кейде өз жұмыс кабинетіне шақырып та алатын. Сол кезде  өзі бірінші хатшы болған Рузаев ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы совхоздың малын санаған кезде, қыруар, үш жүзге жуық ірі қара мал есептен кем шығады. Шаруашылықтың директоры – атақты  Қабдолла Нұғыманов. Және де ол Совет Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты.

–Еркін-ау, мынаған қол ұшын берейік! Қабдолла істі болып кете ме көз алдымызда, – деп Мәулетбай ағаның  Торғай  облысының  бірінші хатшысы болып отырған Еркін Әуелбековке телефон соғып, шынайы жанашырлық танытқанына да куә болған едік.

–Апыр-ай, мыналар қалай ұйықтайды? Сотталады ғой, – деп бір күні Мәулітбай ағам кабинетіме абыржи кірді.

–Әуелде түсініңкіремей қалып: – Кімді айтып отырсыз?  Сотталатын кім? –деп сұрап жатырмын.

–Бұл тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Елімізде жаппай жекешелендіру басталып, қолында барлардың қолына тигенін меншіктеп алып жатқан кез. Былайша айтқанда халықтың маңдай терімен тірнектеп жиналған дүние атаулы ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетіп жатқан кез.

–Ой, аға, қызық екенсіз! Бүгінгінің адамының бәрі сіз деп пе  едіңіз?  Ендігілер бір нәрсені «жемеген» күні, бірнәрсені  ала алмай қалған күні ұйықтай алмайды, – деп едім, жарықтық «тауып айттың-ау» деп күлсін-ай келіп.

***

–Мен саған Қонаевтың бір кемеңгірлігін айтайын,– деді Мәкең ендігі бір әңгімесінде.

–Мәскеуден, комсомол мектебін бітіріп келіп, Щучинск қалалық партия комитетінің екінші хатшысы қызметінде жүрмін. Жаспыз. Ой көп. Сондай бір жағдайда Мәскеуге  ЦК-ға (Совет Одағы коммунистік партиясының орталық комитеті) хат жазумен болдым. Осылай да осылай… біздің Көкшетау облысында Бурабай деген табиғаты керемет сұлу жер бар. Осы араға Совет халқы дем алып, тынығып  емделетін көптеген шипажайлар салу керек» деймін ғой баяғы.

–Біздікі сол баяғы патриотизм ғой, – деп күлді Мәкең.–Бір күні Бурабайға Қонаев келді. Қарсы алушылар арасында жүрдік. Сол сапары кезінде оңаша бір сәтте: –Мәулітбай-ау, қайтесің соны жаза беріп?! Мәскеудегілер бұл арада Бурабайдай жер бар екенін білмей-ақ қойғаны да дұрыс. Бурабайдың берекесін алады ғой!–деп ерекше бір жылылық пейіл танытты.

Өз тіршілігінде Мәулітбай ағамыз Дінмұхаммед Қонаевтың басына күн туып, негізсіз қаралана  бастаған кезде жаны да, жүрегі де ауырып, Қонаевтың арын да, абыройын да барынша қорғап, ұдайы жақсы айтып жүрді.

Өзіміз куә болған бір жиын үстінде Қонаевтың атына лайықсыз сөз айтқан бір адамға:

–Әй… не деп тұрсың! Шаршы топтың арасынан Қонаев мені көріп қалса, «Мәулітбай-ау, келсейші» деп шақырып алып, құшағына алғанда менің басым Димекеңнің иығында жататын, ал, сен өзің андағы бір қарыс бойыңмен Қонаевтың қай жерінен келетініңді білесің бе?», – деп жарықтық өзінің терең мағыналы осы бір ауыз сөзімен Қонаевтың биіктігін, даралығын жеткізе айтып еді.

***

Осы күні өзімізді өлместей көреміз. Өлместей болып жүрміз. Абай хакімнің «Сағаттың шықылдағы емес ермек, Һәмишә өмір өтпек ол білдірмек. Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас, Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек», – дегенін терең зерделей біле алсақ, қазір жер басып тірі жүрген әрқайсымыздан секунд сайын өмір өтіп жатыр…

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңісінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар