Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақ ниетті абзал жан - АРҚА АЖАРЫ

Ақ ниетті абзал жан

Баладай аңғал, адал да ақкөңіл, жалаудай желбіреген, ізетті де инабатты осы бір азаматқа жолыға қалсаң, қаумалаған  қалың ойдан сергіп, аспаның түнерген бұлттан ашылып, жадырап бір қаласың! Қымбатшылық қыспаққа алып, дәйек-дерегі жоқ алыпқашты әңгімелер өрттей қаулап, жақсыға күйе жағылып, таланттыға тас ату көбейген мына заманда ойлар ой аз ба, тәйірі? Сөйтіп келе жатқаныңда алдыңнан күндей күлімдеп Ерекең – Ерназар Тілеубергеновтей ағам шықса, дүр сілкініп, сергек қалыпқа енбес лажың жоқ! Әдебиет, мәдениет, тарих, саясат дегеніңнің қай-қайсысына да жүйрік, әлемдік даму үрдістерін баспасөз беттерінен қырағы қадағалап жүретін жігіт ағасы басқа білген түйткілдерді білмейді емес, біледі. Алайда, ол ел-жұрттың, жастардың ертеңіне сенеді. Өмірге сеніммен, үмітпен қарайды. Қашан болмасын өзіне тапсырылған істі ұят келмейтіндей етіп, бүге-шүгесіне дейін атқарады, Отанының, отбасының, бала-шағасының амандығын тілейді. Солардың амандығы оның бақыты, шабыт алар шыңы. Ол әлдекімдердей «анауым жоқ, мынауым жоқ, жетпейді» деп зар еңіремейді, «әлдебіреу жолымды кесті, көлденең өтті» деп күйіп-пісіп, кектенбейді. Сондықтан да, барға шүкір айтып, жан-жағына шуағын шашып, жадырап жүреді. Біреу-міреу көмек сұрай қалса, жас баладай елпең етіп, тұра ұмтылады. Бұл – Ерекеңдей ер мінезді ағамыздың туабітті мінезі.

…Адамды жақын таныстыратын, жетік білуге жетектейтін жол ғой. Үзеңгілес болып, бірге жүрсең, талай сырына қанығасың, мінез-құлқын көріп-білесің, ұғынасың. Мен де Ерекеңді бірге жұмыс жасағандықтан емес, әсіресе, алыс сапарларға бірге шыққаннан жақсырақ танып-білгенмін. Ол Көкшетау университетінің спорттық медицина Ғылыми-практикалық орталығының директоры, физкультура және спорт кафедрасының доценті болып жүрген кезінде (Мен спорт газетінің редакторы едім) спортшылармен бірге Киев қаласына, Ресейдің солтүстігіндегі қалаларға, еліміздің басқа өңірлеріне іссапарларға бірге шығушы едік. Сонда оның балаларға деген мейірбандығының, қамқорлығының куәсі болғанмын. Жол үстінде, басқа елде жүргенде Ерекең өзін тек қана дәрігер емес, кішіге аға, көпті көрген ақыл иесі ретінде көрсеткен. Әйтеуір, сол балалар жол-жөнекей бірдеңеге ұрынып қалмаса екен, түнде ашылып қалып, салқын тигізбесе екен, тамақтарын уақытымен ішсе екен, татамиге сенімді көңіл-күймен, сергек шықса екен деп тыным көрмейтін. Қазақшаға да, орысшаға да жетік, оқыған-тоқығаны көп дәрігер, балаларға тек дәрігерлік қана емес, психологиялық, рухани азық болар әңгімелерді де еміне қосып айтатын. Ал, балалар демалуға жатып, өзіміз шүйіркелесіп, шәй ішкен кезде, бейнебір дәрігермен емес, тарихшы, немесе әдебиетші, жазушымен әңгімелесіп келе жатқандай болатынбыз. Мұным, дәрігер мамандығын  кеміткенім емес, бәлкім, жақын білмегендігімнен шығар.

Ерназар Тілеубергенов 1953 жылдың 15 наурызында Қарағанды облысы, Жезді ауданы, Қарсақпай кентінде дүниеге келген. Әңгімешіл, шежірешіл болып өсуіне осы бір даңқы көпке тараған, әлем назар аударған тарихи өңірде өсуі себеп болды ма екен деген де ой келеді. 1975 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған. Оқуын бітірісімен 1980 жылға дейін Жезді ауданында мамандығы бойынша қызу қызмет істеген. Одан әрі Жезқазған облыстық туберкулез дипансерінде, «Бурабай»  тубсанаторийінде жұмысын жалғастырып, Қаз НИИТ-тің Көкшетау бөлімшесінде аға ғылыми қызметкер болады. Жауапкершілігі жоғары, ісіне атүсті қарай алмайтын, адамға жақсылық жасауға құштар азамат онан кейін де үлкен лауазымды қызметтерді ойдағыдай атқарған. Олардың қатарында Көкшетау облтубдиспансерінің бас дәрігері (1993-1999), Қазақстан  Республикасы  Қорғаныс  министрлігінің бас фтизиаторы, Ақмола облыстық наркологиялық орталығы мен облыстық тері венерологиялық диспансерінің  бас дәрігерінің орынбасары сияқты қызметтер бар. Олардың бәрін тізбелеуді жөн көрмедік.

Дәрігер Ерназар Тілеубергеновтің еңбек жолын баян еткенде айтпай кетуге болмайтын бір жетістігі, оның 1994 жылы «Қолайсыз өңірлерде тұратын балалар бойынан туберуллез дертін ерте анықтау және оның алдын алу» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғауы. Науқастармен қоян-қолтық жұмыс жасай жүріп, сол күнделікті ісінің нәтижесі, сараптамалары бойынша жазылған ғылыми жұмыстың тиімдігі жөнінде көп әңгіме айтуға болатыны түсінікті. Ешкімге, ештеңеге пайдасы жоқ тақырыптарға да кейде кандидаттық диссертациялар қорғалып жатады ғой.

Жұмысын ерінбей-жалықпай ғылыммен ұштастыру оның маман ретіндегі білім көкжиегін кеңейтті, білім-білігін арттырды. Көптеген өңірлік және республикалық медициналық ғылыми-практикалық экспедицияларды басқарды, елімізде, ТМД елдерінде өткен халықаралық конференциялар мен мәжілістерге қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады. 45 ғылыми мақала жариялады, әдістемелік көрсеткіштер дайындады. 43 жыл медициналық өтілімі бар дәрігер  медицина саласына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хатымен (2002 ж.), Құрмет Грамотасымен(2016 ж.), Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының және Көкшетау қаласы әкімінің  Алғыс хаттарымен (2016-2018 жж.) марапатталған.

Ерназар ағамыздың тағы бір қыры – оның қолына қалам алып, мақала жазуы. Кезінде «Көкшетау правдасы» облыстық газетінің штаттан тыс тілшісі ретінде осы редакциямен үнемі байланыста болып, 200-ге тарта мақалалар жариялаған.  Мақалалары тек облыстық емес, республикалық басылымдарға да жарияланып тұрған. Олардың дені тұрғындар денсаулығы, қауіпті аурулардың алдын алу туралы маңызды да мазмұнды мақалалар болған. Бұл тұрғыда біздің Ерекеңді «әріптес» деуге де хақымыз бар.

Міне, осылайша медицина саласында үлкен ізденіс үстінде талмай қызмет істеп, қомақты тәжірибе жинақтаған, биік жетістіктерге қол жеткізген ғалым дәрігер Ерназар Тілеубергенов өз тәжірибесін жас ұрпаққа үйрету мақсатында әлі де Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің медицина факультетінде  дәріс оқып жүр.

Ат үстінде жүрген азаматтың отбасында түтіні түзу ұшса, қосағы қолдап жүрсе, қанаттанып, тау қопарары сөзсіз. Жан жары, дәрігер Жұпар жеңгей Ерекеңнің осылай баладай аңқылдаған жайдары қалпында жүруіне бар жағдайын жасайды-ақ. Үйдегі шаруа өз алдына, тіпті, темір тұлпардың да тізгінін өзі ұстап, ағамызды апар деген жеріне жеткізіп жүретініне қалай риза болмассың!

Жаны нәзік, мейірбан ағамыз немерелері Ерхан мен Әнел туралы әңгіме бастаса тіптен жадырап, жаймашуақтанып кетеді. «Өмірдің бір қызығы бала деген» деген осы емес пе!

Ақ пейілді, ақ ниетті, ақ халатты абзал жанның әлі де ұзақ уақыт ұстаздық етіп, өзі аялаған аяулы отбасының, бала-шағасының қызық-қуанышына тоймай, жасай беруіне шын жүректен тілектеспіз!

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ақпарат салсының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар