Бірлігімізге сенейік!  Президентімізді қолдайық!

 Қасым-Жомарт Тоқаев:
Аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге  зардабын тигізуі мүмкін.

  (Әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңестегі сөзінен.)

Бүгін (13 наурыз 2023 жыл) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңес өткізіп,  өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының  өзекті мәселелеріне,  Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттердің іске асырылуына және Президенттің бұған дейін берген тапсырмаларының орындалуына ерекше назар аударды.

Дүниенің қызуы көтеріліп тұр. Жер жарықтықтың да мазасы кетіп тұрғандай. Бір бірімен бейбіт қатар, тыныш  өмір сүргісі келмей жатқан адамзат баласын сілкіп-сілкіп алғысы да бар. Сілкініп-ақ жатыр…

Біз, қазақ елі сілкәніп жатқан дүниеге қарамастан « а, құдайлап» Жаңа Қазақстанды күтіп отырмыз!

«Жаңа Қазақстан қашан болар екен, қай жақтан кіріп келер екен?» деп  алаңдап, жол қарап  күтіп жүрген сол Жаңа Қазақстанның алғашқы бір нышандары қазірдің өзінде еліміздің әлеуметтік және саяси өміріне кірігіп, жұмыс істей де бастады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің президенттік қызметінің алғашқы сәтінен бастап, ең әуелі саяси жүйені  реформалауға айрықша мән беріп келеді.

Бұл бағытта жасалған ең әлеуетті қадам ол Қазақстан Республикасының Конституциясына толықтырулар мен өзгерістер енгізу мақсатында 2022 жылдың 5 маусымында өткізілген жалпыхалықтық референдумды ерекше атап өтуге болды!

Осы референдумның бастаушысы да, ой салушысы да, дем берушісі де Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі болғаны да анық! Бұл өз еліне, өз халқына, өзі басқарып отырған мемлекетіне деген шынайы жанашырлық пен шынай ниеттен туған бастама еді. Және де Мемлекет басшысы Конституцияны толықтыру мен өзгертулер үшін ұсынған барлық толықтырулар халықтың тарапынан қолдауға ие болды.

Бүгінгі кеңесте де Президентіміз  елімізде жан-жақты жүріп жатқан саяси жаңғыру процесі жайлы былай деді:

–  Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бір жылдың ішінде ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Билік жүйесін жаңа талапқа сай жаңғырту үшін бірнеше саяси науқан өткіздік. Маңызды мәселелерді талқылау үшін Ұлттық құрылтайды құрдық.  Мемлекеттігіміздің тұғырын және ел бірлігін нығайтатын жаңа идеологиялық тұжырымдар ұсындық. Наурыз мейрамын жаңаша атап өте бастадық. Республика күнін қайта жаңғырту тарихи қадам болды.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар өз еліміздің  ішінде ғана емес, шетелдерде де талқыланып жатқандығын айта келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев болашағымыздың айқын және  нақты жоспарымыздың  бар екендігін алға тартты.

Қазақстан Президентінің  қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселесіне баса мән беру керек екеніне ерекше тоқталғандығы біздің әрқайсымызды алаңдатып отырған мәселе екендігін айтқым бар. Қазақстанда сөз бостандығы бар әрине! Алайда сөз бостандығы бар және  ауыз өзімдікі екен деп жөнсіз-жосықсыз сөйлеу, білгішсіну, тіпті сәуегейсіну, былайша айтқанда бетімен сөйлеу етек алып барады.

– Елімізді дамыту үшін саяси жүйені ғана жаңғырту жеткіліксіз. Реформалар, ең алдымен, қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптастыруы керек. Сонымен бірге жаңа құндылықтарды орнықтыруы қажет,-деген Президентіміздің осы айтқан бір ауыз сөзінде терең мән жатыр.

Айтысып жатырмыз, тартысып жатырмыз! Елдіктен кетіп қалмай тұрғанда енді аптығымызды басайық та ағайын! Қазақ баласының айтысының соңы бірін бірі айдатып, атқызуға, жақсылары мен жайсаңдарын түп тұқиянымен құртуға барғандығын естен шығаратын сабақ па еді?! Неге ойланбаймыз?!

«Ең алдымен, қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптастыру керек» деген Президенттің осы айтқанын терең зерделеуге тиістіміз. Бізде расында да, жеке бастың мәдениеті жетіспей жатады. Мәдениет киген киімде ғана емес, өзіңді кез келген ортада ұстауда болса керек. Талай бір жиындарда, кездесулерде жастардың үлкен-кіші демей беттен ала сөйлеуі, әйелдердің шаптыға сөйлеуі, ер-азаматтардың даурыға сөйлеуі бой көрсете бастады.

Осы орайда     Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 8 мамырында

Facebook парақшасына:  «Менің түсінігімдегі әділет – заңның салтанат құруы. Мемлекеттік шенеуніктер де, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де – барлығы заңға бағынуы керек. Сондай-ақ, заңды ел азаматтары да сақтауы тиіс. Заң бәріне бірдей. Қандай да бір сын айту да заң аясында болуы тиіс» ,-деп жазғанын  біздің әрқайсымыз әрдайым ескеріп отырғанымыз абзал.

«Қандай да бір сын айту да заң аясында болуы тиіс!»

Президенттің осы айтқаны біздің әрқайсымыздың қоғамда жаңа  саяси мәдениет қалыптастырудың ендігі әліпбиіне айналғаны абзал.

-Геосаяси ахуал ушыққан кезде мемлекеттің және азаматтардың жауапкершілік жүгі артады. Аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге зардабын тигізуі мүмкін,-дегенді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жағдайдың тамырын дөп басып айтып отыр.

Біз кейде осы арада өз жауапкершілігімізді жете сезіне де алмай отырғанымыз анық. Өзіміз Қазақстанның азаматы бола тұра кей жағдайда өзге бір мемлекеттердің ішкі жағдайына араласамыз.Әрине пікір айту керек шығар. Бірақ та жаулық туғызатындай, халықтар арасына іріткі салатындай әрекеттерге жол беріп аларымыз аландатады.Кез-келген халықаралық жағдайдағы Мемлекеттің ұстанымы оның әр азаматының ұстанымы болғанына айрықша мән бергеніміз абзал болар!

Президентіміздің халқымыздың ұлттық бірегейлігі мен бірлігін нығайту мәселесін айтқаны өте орынды. Қазір бұл мәселе  қоғамды алаңдатып отырғаны анық.

– Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге Республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек,-деп орынды айтты.Кезінде сенатор болып жүргенімде, республикалық ономастика комисиясының мүшесі ретінде бір ой айтып, ұсыныс енгізіп едім.

-Ең әуелі Қазақстанда әр облыс бойынша  адамдардың аттарымен аталатын қалалар мен елді мекендердің, адамдардың есімдерімен аталған мектептер мен басқа да нысандардың тізімін жасайық!,-деп едім. Ұсыныс ұнағанымен, аяқсыз қалды-ау деймін.

Жасыратын несі бар, қазір кім-көрінгеге ескерткіш тақта орнату, көше, ауыл  аттарын беру қазақ қоғамының ең бір қызу жүріп жатқан шаруасының бірі болып тұр. Алауыздық та осыдын туып жатады.Тіпті, әлдебір адамды жаңа  ғана жерлеп,қабірінің топырағы кеппей жатып,   садақа асы үстінде шірене сөйлеп, «енді бұған көше беру керек» деп ортаға «ой» сала сөйлейтіндер де шықты.

Этносаралық қарым-қатынас және  рухани құндылықтарымызды сақтау маңызды екеніне  Президентіміз баса назар аудара отырып:

– Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазіргі уақытта дәстүрлі Исламға қарсы шабуыл күн сайын үдеп барады десе  де болады. Шошисың. Діни арандатушылық жүріп жатқандай. Егер де ұлттық салт-санамыздан айырылып қалмайық десек, жат діни ағымдарға Заңмен тыйым салатын кез келді деуге болады.

– Біз тұрақсыздыққа апаратын әрекеттерге жол бермейміз. Мұндай заңсыз әрекеттердің алдын алу қажет. Елге іріткі салып, қоғамдық тәртіпті бұзуға шақырған адамдар қатаң жазаланады. Арандатуға қарсы күрес заң аясында, жедел әрі жүйелі түрде жүргізілуі керек,-деді осы кеңесте Мемлекет басшысы. Орынды! «Екінші қаңтар болады»-, деп сәуегейлік жасап жүрген, бірі «украйншыл», бірі «ресейшіл»- топтарды, халықты наразылықтар мен билікке қарсы тұруға шақырып жүргендердікі сол тұрақсыздыққа апаратын әрекеттер емес деп кім айтар еді?!

-Ел бірлігі – реформаларды табысты жүзеге асырудың басты кепілі. Сондықтан ырысты ынтымақпен білек сыбана жұмыс істеуіміз қажет,- деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы барлық қазақстандықтардың ұстанымы  болуы керек! Әсіресе, қазақ біздің!..

 Жабал Ерғалиев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар