«Қаракөздің» көзіндей, шын өнердің өзіндей

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапхананың өнер әдебиеттері бөлімінде «Өңіріміздің өнер майталмандары» жобасы аясында «Өмір серігін өнер жолынан тапқан» атты кездесу өткізілді.

Жоба өңіріміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына өз үлестерін қосып жүрген өнер саңлақтарының өмір жолдарыноқырман қауымға, жастарға жақыннан таныстыру мақсатында жүргізіліп отыр. Өнер майталмандарымен кездесудің кезегі танымал әнші, дарынды композитор Болатбек Есмұханов және осы ағамыздың жары, әнші Мара Есмұхановаға арналды.

Болатбек Есмұханов республикалық саяси әндер конкурсының жүлдегері, Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты, аты аңызға айналған «Қаракөз» ансамблінің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының құрметті азаматы, Жезқазған қаласының құрметті азаматы, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Сағыныш», «Махаббат мұңы», «Оянған махаббат», «Сен кінәлі емессің», «Жарығым-ай» сияқты ғажайып туындылардың авторы. Болатбек ағамыздың жары Мара Есмұханова әнші, Жүсіпбек Елебековтың шәкірті, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Екеуінің де өнер саласында атқарған еңбектері ұшан-теңіз.

Жақында ғана Болатбек Есмұхановтың туған жері Жезқазған өңірінде 75 жылдық мерейтойын ел болып тойлап, «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» атағы беріліп, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталып келді. Кеш барысында сол мерейтойда дайындалған бейнематериалдан Жезқазған музыкалық колледжі театр студиясының студенттерінің құттықтауы, «Қаракөз» ансамблінің әндері тыңдалды. 2015 жылы ансамблі қайта құрылғанда оның құрамында өнер көрсетіп, продюсерлік жасаған Жаңабай Сәтжанның жіберген жүрекжарды құттықтауы экраннан берілді.

Өнерден өмір серігін тапқан мөлдір махаббат иелері бүгінгі күні екі ұлы Қамбар мен Абылайдан немерелер көріп отыр. Осы кештің барысында Алматыдағы үлкен немересі Сұңқар өзінің ыстық лебізін жолдап, ата-әжелерін тағы бір марқайтты. Кешке арнайы келген қонақтар игі тілектерімен, әдемі естеліктерімен мерейтой иесінің бітім-болмысын жан-жақты аша білді. Болатбек, Мара Есмұхановтар қонақкәде жасап, Мұқағали Мақатаевтың және ақын, журналист және Алмас Темірбайдың сөздеріне жазылған «Жарығым-ай», «Ауылға кеткім келеді» әндерін орындап берді.

Жастарға үлгі-өнеге мақсатында өткізілген бұл кеште жастар өнер иелерін жақыннан танып, кеш қонақтарына Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледждің студенттері өздерінің әсем ән шашуларын жолдады.

Бостангүл ЕРМАНОВА,
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының
өнер әдебиеттері бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар