Бар мақсат – көктемгі су тасқынын болдырмау

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Еркен Берлібеков, «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақмола облысы бойынша филиалының басшысы Бақыт Мақажанова  мен  табиғи ресурстар басқармасының су пайдалануды реттеу және ресурстарды қорғау бөлімінің бастығы Базаркүл Джаханова көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде айтып өтті.  

Қазіргі уақытта облыс бойынша гидрометеорологиялық жағдай тұрақты. Су объектілерінде тұрақты мұз жамылғысы бар.

−Өткен жылдардағы су тасқыны тәжірибесін ескере, сондай-ақ, гидрометеорологиялық мәндерді  талдай отырып, облыстың су тасқыны қаупі бар өңірлері тәуекел дәрежесі бойынша бөлінеді. Тәуекелдері жоғары өңірлерге Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау, Астрахан  және Шортанды аудандары жатады.  Облыстық инженерлік қорғау жоспарының жыл сайын орындалуы 128 елді мекеннің 113-інде су басу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік берді.  2022 жылдың жазғы кезеңінде 65 елді мекенде су тасқынына қарсы абаттандыру және жөндеу бойынша іс-шаралар өткізілді. Сондай-ақ, 34 су өткізу құрылыстары, ұзындығы 23,5 шақырым су бұру арналарын жайластыру, кеңейту және тереңдету, 5 шақырым өзен арналарын тазарту, үйінділерді нығайту және 6,5 шақырым бөгеттер салу бойынша жұмыстар іске асырылды, −деп тарқатты сөзін  Еркен Берлібеков.

Төтенше резервтерде, шұғыл шығындарға және төтенше жағдайдың  алдын алу және жою бағдарламаларына 2,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу көзделді. Облыс өңірлерінде жолдарды күтіп ұстауға және елді мекендерден қарды әкетуге қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда 36  пайызға  ұлғайды. Облыстық бюджеттен су тасқыны қаупі бар өзендердің арналарында жарылыс жұмыстарын жүргізу үшін 63,3 миллион теңге бөлінді.

 −Бүгіннен бастап мердігерлік ұйымдар «Көкше-Бур», «БВР техносервис» серіктестіктері   20 мың шаршы метрден  астам алаңда мұзды әлсірету бойынша 10 аудандағы 15 өзен учаскелерінде жарылыс жұмыстарын жүргізіп,  869 мың текше метрден  астам қар шығарды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларының талаптарын сақтамау бойынша құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша адамдарды әкімшілік жазаға  тарта отырып, рейдтік іс-шаралар жүргізілуде, −деді Бақыт Мақажанова.

Су тасқынына дайындықты бақылау мақсатында 175 елді мекенде 387 рейд өткізілді. Ағымдағы жылдың 20 ақпанынан бастап Есіл бассейндік инспекциясы гидротехникалық қондырғыларда көктемгі тексерулерін жүргізуде.  Көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайды жою мақсатында 2524 адам,  бір мыңнан астам бірлік арнайы азаматтық қорғау органдары мен құралымдарының күштері мен құралдары толық дайындыққа келтірілді.

 −Қосымша 60 адамнан тұратын 5510 әскери бөлімінің күштері мен құралдарын топтастыру көзделіп  отыр. Зардап шеккен халыққа көмек көрсету мақсатында  Щучинск қаласының базасында шатырлар, жылыту пештері мен төсек-орын жабдықтары дайындалды.  Қазіргі уақытта, Төтенше жағдай министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы академиясының 11 қызметкерінен және күндізгі оқу факультетінің 50 курсантынан, 5 техникадан тұратын  төтенше жағдайды жою үшін жиынтық жасақ құрылды,−деді Базаркүл Джаханова.

Сонымен қатар, көктемгі су тасқынының қауіп-қатері ұлғайған кезде департамент күштері мен құралдарын облыстың басқа өңірлерінен ықтимал аймақтарға көшіру жоспарлануда.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар