Елін, жерін сүйген ер Амантай

Бүгін Біржан сал елінің Едігедей елім деп еңіреген атпал азаматы, Амантай Қамысбайұлы 80 жасқа толып отыр. Мен ел жанашыры, адал досым-аға, жарқын жүзді, ай келбетті, бауырмал, жаны мөлдір шықтай таза,сезімі пәк, әлі де ат үстінде жүрген жігерлі, мерейлі отбасының отағасы, көкірегі толы шежіре, алапат күштің иесі, жады мықты, тегі асыл Амантай ақсақал туралы сыр шертпекпін.

Ежелден ырыс дарыған ел – Көкше төріндегі киелі Біржан сал ауданы десек қателеспейміз. Бұл аудан – Қазақстандағы өркендеген, іргелі аудандардың бірі. Бұл аудан қонақжайлылығымен, ұйымшылдығымен, сыйластығымен аты шыққан елді мекен. Аудан тарихын тізбей-ақ, өз білетініміз, қасиетті  ауданның қаншама азаматтары Қазақстанға танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, ауыз толтырып айтатын беделді жандар баршылық.

«Атадан жақсы ұл туса, елінің оңы болады. Атадан жаман ұл туса, көшінің соңы болады» деген екен Қазыбек би. Елінің жоғын жоқтап, барын әспеттеуге бар күш-жігерін аямай, еңбек етіп жүрген жандарды көргенде сыртынан риза боласың. Осындай азаматтардың қатарында мен Аманжол  (Амантай) Қамысбайұлы Бекболатовты көрдім. Аманжолмен  1971 жылы 7 наурызда  танысып едім. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті, ағалы-інілі болып, қарым-қатынасымыз үзілген емес.

Аманжол Қамысбайұлы 1943 жылы наурыздың 15 күні Еңбекшілдер ауданы, «Восточный» кеңшарының Тассу бөлімшесінде дүниеге келген. Әкесі Қамысбай Бекболатұлы мал дәрігері болып ұзақ жыл қызмет атқарған. Анасы Бикен Байғожақызы ұжымдастыру кезінде, соғыс уақытында аянбай қызмет еткен, бейнетті көп көрген адамдардың қатарында болған екен.

Аманжол еңбек жолын 1958 жылы фермада жұмысшы болып бастады. 1962 жылы әскерге шақырылды.  Сол кездің өзінде жас жауынгер Отанға деген сүйіспеншілігін, әскери дайындығы мен саяси сауаттылығын көрсете білді.1965 жылы қатардағы жауынгер А.Бекболатов «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске жиырма жыл» мерекелік медалімен наградталды. Бұл мерекелік медальді біздің Аманжол ағамыз Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуковтың өз қолынан алды.

Аманжолдың атқарған қызметтеріне шолу жасасақ, қарапайым жұмысшы, шофер, бригадирдің көмекшісі, бригадир, баптаушы-шебер(мастер-наладчик) болып еңбек етті.

Аманжол барлық жұмысты ыждаһаттылықпен, аса үлкен жауапкершілікпен атқарды. Кәсіби шеберлігін әрдайым шыңдап отырды, жаңашыл, өнертапқыш. Алғашқылардың бірі болып «К-700» тракторын «баптаушы-шебер» мамандығын игерді және осы салада үлкен жетістіктерге жетіп, басқаларға үлгі бола білді, тәжірибесімен бөлісті. Шәкірттер тәрбиеледі.  Кеңащы ауылынан ешқайда табан аудармады. Еселеп атқарған еңбегі мен қол  жеткізген табыстары Үкімет, аудандық «Казсельхозтехника» бөлімшесі мен «Кеңащы» кеңшары тарапынан әрдайым  қолдауға және әртүрлі марапаттарға ие болды. Облыстың және ауданның  бірнеше рет Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары әрі ақшалай сыйлықтар, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше мерекелік  медальдармен наградталды. Көкшетау облыстық және Еңбекшілдер аудандық Құрмет тақталарына суреті сан рет ілінді, облыстық және аудандық Құрмет кітаптарына есімі алтын әріптермен жазылды,

Қазақстанның «Еңбек сіңірген баптаушы-шебері» атағы берілді. Социалистік жарыста талай рет жеңімпаз атанып, еселі еңбегі жоғары бағаланып, «Москич-412», «Жигули-2103» жеңіл көліктерін сыйға алды. Ауылдық Кеңеске бірнеше рет депутат болып сайланды. Бұл кісінің бір қасиеті жадының мықтылығында. Менің 1978 жылы сатып алған автокөлігімнің нөмірін осы уақытқа дейін ұмытпапты. Ал, енді баптаушы-шебер ретінде барлық ауылшаруашылығы машиналарының қосалқы жүздеген бөлшектерінің нөмірін жатқа білетінін замандастары аңыз ғып айтады.

Аманжол өмірлік жары Нұрпаза Серәліқызы екеуі бақытты отбасын құрды. Нұрпаза көп жыл есепші болып қызмет атқарды. Екеуі алты бала тәрбиелеп өсірген, немере, шөбере сүйген мерейлі отбасы. Ұлағатты ұядан тәлім мен тәрбие көрген ұлдары ұяда, қыздары қияда, әрқайсысы әртүрлі мамандықтың, бір-бір шаңырақтың  иелері болып отыр.  Бір өкініштісі дін жолын қатты ұстаған Нұрпаза Серәліқызы былтыр кенеттен қайтыс болды.

«Аманжол Қамысбайұлының  елге жанашырлығы жас кезінен байқалып тұратын»,– дейді ауылдастары.  Байлық, баршылықты мақсат тұтқан адам емес. «Кім бай болғысы келмейді – құдайы қаламайды, кім батыр болғысы келмейді – жүрегі дауаламайды» – дегендей, барына қанағат ете біліп, ашкөздіктен аулақ жүрген қолы таза, басқалардың болғанын, толғанын қызғанбайтын, басы артық сөзге барып, сыртынан біреуді ғайбаттамайтын, өрісі шалқар, пейілі кең, көкірегі ояу жан. Бір данадан жақсылық пен жамандық туралы сұрағанда:«Бұл дүниеде жамандық пен жақсылықтың сан түрі бар… Олардың бәрін айтып тауыса алмайсың. Әсіресе, жамандық–таудан тас домалатқандай жеңіл болса, ал, жақсылық – тауға жаяу өрмелегендей ауыр болады, әйтсе де екеуінің арасы бір-ақ қадам», – деген екен. Мен білетін Аманжол ағамыз маңайына жақсылық жасаудан танған емес, бойы тұнған адамгершілік пен адалдық, кішіпейілділік пен кісілік, бір басшының алдына барып еңбегін бұлдағанды ар санаған арлы азамат.

Мен Біржан сал ауданының құрметті азаматы ретінде еліне елеулі, халқына қалаулы, өзіміздің ауданнан табан аудармай, 48 жыл жан-тәнімен беріле қызмет еткен, маңдай терін төккен, адал еңбегімен еліне үлгі бола білген Аманжол Қамысбайұлына   «Біржан сал ауданының құрметті азаматы» атағын беруді сұраймын. Құрметті азматтардың қатарында жүзінен нұры тамып, маңдайы айдай жарқырап, әдемі келбетімен тұруға әбден лайықты текті азамат деп білемін. Ел ағасы Аманжол Қамысбайұлы қандай марапатқа болса да лайықты жан деп есептеймін. Аудандық мәслихаттың депутаттары мен Аманжолды білетін азаматтар менің ұсынысымды қолдайды деп сенемін.

ҚұрметтіАмантай Қамысбайұлы! Сыйлас, үлгі тұтар аға ретінде Сізді атаулы мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Алла деніңізге саулық, отбасыңызға бақ, береке нәсіп етсін! Адамгершілігіңіз бен құнды даралық қасиеттеріңізді бағалаймын. Амандық пен абыройлы ұзақ ғұмыр тілеймін! Осы көркем мінезді қалпыңыздан айнымаңыз. Алла екі дүние бақытын берсін!

Мұрат қажы ЫДЫРЫСҰЛЫ,
Біржан сал ауданының құрметті азаматы,
Қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар