Атамыз қазақ сақтансаң сақтайды деген

 Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Егіндікөл ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу және су тасқыны кезеңіне дайындығы жөнінде Егіндікөл ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Қамбатыров пен аудандық төтенше жағдай бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау инспекторы, подполковник  Данияр Құдайбергенов кеңінен баяндап берді.

Біріншіден, ауданда  су тасқынына қарсы жедел штаб құрылды.  −Ағымдағы жылдың 3 наурызында «Көктем 2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде осы сындарлы шаққа дайындығымыз тексерілді. Сондай-ақ, Егіндікөл ауылында арнайы-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді, оның практикалық бөлігі барысында елді мекендерден «Егіндікөл Су» мекемесінің күштері, жол қызметтері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдары қарды әкетуді, су өткізгіштерді тазалауды жүзеге асырды. Ақпан айында төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның 2 отырысы өткізілді. Оның нәтижелері бойынша бірқатар тапсырмалар мен ұсынымдар берілді,–деді Нұржан Қамбатыров.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда өңірдегі облыстық және аудандық маңызы бар барлық жолдар ашық. 2023 жылғы 24 наурызға дейін «Егіндікөл су Арнасы» мекемесінің және кәсіпкерлердің күшімен ауданның елді мекендерінен 25 мың текше метрден астам қар шығарылды. Биыл су тасқыны кезеңін апатсыз өткізу мақсатында осыған 15 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.

−Ауданда 12 эвакуациялау пункті әзір. Ең бірінші кезекте қажетті өнімдер мен дәрі-дәрмектер қоры дайындалды. Сондай-ақ медициналық қызмет ауыр науқастар мен жүкті әйелдерді күнделікті бақылауға алды. 170 тонна инертті материалдар және 1000 дана қап дайындалды. Аудан аумағында гидротехникалық құрылыстар жоқ. Жол картасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды жедел бақылау үшін «WhatsApp» қосымшасында чат құрылды,−деді Данияр Құдайбергенов.

Бүгінгі таңда аудан аумағында қандай да бір төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Жалпы, 2017-2022 жылдар аралығында Егіндікөл ауданының аумағында үйлерді су басқан, жергілікті және облыстық маңызы бар автожолдар су тасқынына тап болған оқиғалар тіркелмеген.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар