Бір күн дәмдес болғанға…

Дархан даланың даналығын көкірегіне қаттап жинаған арыдағы қазақта «бір күн дәмдес болғанға, қырық күн сәлем бер» деген аталы сөз бар. Түрі басқа болғанымен, тілегі бір адамдарды бір-біріне жақындастыратын адал дәмнің құдіреті екен.

Әуелі ауыл-аймақтың амандығы сұралған. Дастархан басындағы дидарласу елдің қытымыр қыстан қалай шыққандығы жайында өрбіді. Сәлден кейін астау толы дәм келген. Үй иесі, осы төңіректегі елдің шежіресін жатқа білетін, көшелі ел ағасы Марат Оспанов буы бұрқырап тұрған астаудың жарымын алып жатқан кішігірім тайдың қазысындай қыртыс байланған ұзын омыртқаны төрде отырған Станислав Ивановичтің алдына қойды да:

–Өзіңе сақтаған дәм, – деді жылы жымиып, – қысқы соғымның соңғысы.

Көптен бері жергілікті жұртпен тонның ішкі бауындай араласып жүргендіктен қазақы қалжыңды жақсы түсінетін болуы керек, Станислав Иванович риясыз бір күліп алды да қарымтасын қайтарды.

–Бұл кісі ылғи осылай, «осы соңғысы» дейді де, қай уақытта соқсаң да сары майдай сақтаған сыбағаңды асып береді. Бірақ, өзі жылына бір-ақ рет арнайы шақырады. Жол-жөнекей соққандағы татқан дәм есеп емес, ол жол үстіндегі жолаушының несібесі. Ал, біз болсақ жылына он мәрте шақырамыз.

Екі тамырдың бір-біріне жандарына тимейтін жағымды әзілдерінен кейін қаумалап отырған алқалы топ жадырап сала берді. Қарбыта қаужаңдаған меймандар сәл саябыр тапқан кезде Марат аға ұлы достықтың ежелгі бастауы туралы ағынан жарылып, ақтарыла айтып берді.

–Біздің атамыз Оспан Тілембаев Мезгіл, Шалқар болыстарында 29 жыл болыс болған кісі. Мыңды айдаған бай, босағасына береке үйірілген, дастарханы ырыздықтан кемімеген адам болса керек. Кейін кеңес заманында болыс пен байды көп күстәналады ғой. Ал, шын мәнінде көнекөз қариялардың айтуынша, Оспан атам болыс болып тұрған уақытында Сандыбайдың Ыбырайына, Қорамсаның балаларына көп шарапаты тиіпті. Келген сайын астарына ат мінгізген, иықтарына шапан жапқан.

Ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда да кең қолтығында паналатқан. Ол туралы белгілі өлкетанушы Тортай Сәдуақасовтың «Ел мен жер» атты жинағының 72-інші бетінде баяндалады. Сандыбайдың Ыбырайы деп отырғаным, қазақтың ән әлеміне мол олжа салған атақты Үкілі Ыбырай, ал, Қорамса әйгілі Ақан серінің әкесі. Міне, осындай ел ішіндегі жақсы мен жайсаңды алақанына салып әлпештеген Оспан болысты жамандауға жұрттың аузы бара ма? Ал, мынау Станислав Ивановичпен ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан арқауы мықты, діні берік достықтың тұма бастауы туралы бір ауыз айта кетейін.

Марат ағаның сәтімен сабақтаған сөзі естіген жанның ет жүрегін елжіретердей ыстық ілтипатқа тұнып тұр еді. Арқа төсін жайлаған 1930 жылдардың басы болса керек, қылышынан қан тамған, саудырап қалған ақ сүйектің үстіне жаңа өкімет тұрғызамыз деп төрт құбыласын тегіс қызыл қанға бояған қызылдардың қаһарынан қаймығып, Оспан болысқа қарайтын әлденеше ауыл, ет жақын ағайын, тілектес жұрт амалсыздан Түменге асыпты. Сібірдің ит тұмсығы өтпейтін қалың қарағайлы орманын пана тұтқан. Біраз жұрт жаратқанның салғанын туған жерде көріп аламыз деп елде қалыпты. Бірақ, арадағы байланыс үзілмеген.

Түмен асып кеткен туыстар мұндағы жұрттың қамын ойлап, азық-түлігін жеткізіп беріп тұрған. Бір жолы үйірімен жылқы да айдап келіпті. Міне, дәл осы уақытта бұрынғы Мезгіл болысының жалпақ даласына, қолдың саласындай ақ қайыңдар көмкерген, құт-береке дарыған өңірге неміс, поляк, украин жұрты көшірілген. Арып-ашыққан адамдар. Бұрын Оспан болыс тәрізді қордалы байлардың қарасыны өшкен. Тіпті, тігерге тұяқ қалмаған. Міне, осы кезде жанарлары жаутаңдап, ашыққан, азық-түліктен тарылған, құла түзге қоныс аударған қаншама жұртқа өз ауыздарындағы несібесін жырып беріп, Түмендегі туыстар жіберген аз ғана азық-түліктерімен бөлісіп, көмек көрсеткен екен. Станиславтың әкесі Иван сол шарапатты көргендердің бірі. 1960 жылдары Южный елді мекенінде диірменші болып жұмыс істеген.

–Қазақта «аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген сөз бар ғой, – дейді Марат аға, – сол сөз шын. Осы Станиславтың әкесі біздің әулетпен, оның ішінде біздің әкемізбен жарты бидайды жарып жеген дос болып кетті. Орта бойлы, қайыңның безіндей шымыр, күлімдеп тұратын көк көзді, ақсары кісі еді. Біздің ел ол уақытта Сасықкөлді жайлайды, Южный 25 шақырым. Біз, балалар велосипедпен-ақ бара беретін едік. Иван атамыздың жары Полина әжейдің дәмін сағынатын болуымыз керек, жарықтық балажан кісі еді. Арқамыздан қағып, маңдайымыздан сүйіп қарсы алатын. Бізді баласынбай, бар дәмін алдымызға қоятын. Иван атамыз диірменші болғаннан кейін ұны мол. Барған сайын нарттай болып қызарып піскен каравай деп аталатын нанын жеуші едік. Қайтарда үйлеріңе ала барыңдар деп қоржынымызды толтырып жіберетін. Сол кездегі ұн сапалы болды ма, әлде Полина әжейдің бар мейірін төгіп пісірген соң ба, керемет дәмді еді. Әлі күнге дейін аңсап жүретінім бар.

Жаймашуақ әңгіме барысында өрбіген өрісті әңгіме, келісті сұхбаттан ұққанымыз, қарапайым адамгершілікпен басталған ажарлы достықты үш ұрпақ үзбей жалғастырып келеді екен.

– Біздің аталарымыз жергілікті жұрттың жақсылығын молынан көрген, – дейді бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына қарасты Горький селосында тұратын Станислав Соболевский, – Марат ағаның ауылы Ақмола облысына қарағанымен, ежелгі көрші, тамыры бір туыс. Өзім жетекшілік ететін өндірістік копператив жыл сайын Наурыз мерекесін өткізеді. Біздің селода қазақтар аз тұрғанымен, ел иесі, жер иесі Марат ағам емес пе?! Сондықтан, тәрбиелік мәні мол, тағылымы зор ұлттық салт-дәстүрді сақтап, сақтап қана қоймай, жандандыруымыз керек. Мысалы, мен өзім жергілікті жұрттың дәстүрін тәп-тәуір білемін. Егер атаммен достығы жарасқан осы шаңыраққа келгенде арнайы қазан көтермесе, кәдімгідей қомсынып қалатыным бар. Жергілікті жұрт оны қалай айтады, базына деуші ме еді. Табақ тартылысымен омыртқа мен жал-жаяны іздеймін.

Станислав Ивановичтің әлгі әңгімесі өзгеше әсер еткен. Ойы ортақ сұхбатқа біз де араласып:

–Келген сайын омыртқа тілейтін дәмеңіз зор екен, – дейміз әзілдеп.

–Ойын ғой, – дейді Станислав Иванович, – әйтпесе ұлы достықтың шапағаты тұнып тұрған бұл шаңырақтың табалдырығын аттағанда, қара су ішсек те қарын тоғаяды. Адам жегенінен емес, ниетінен қуат алады емес пе?!

Әне бір жылы Марат ағаның балалары шаруашылықпен айналыспақшы болыпты. Егін екпек. Көкшенің даласынан көктемнің иісі шыққанда, қажетті тұқым табу қиын шаруаға айналған. Салып ұрып барып Станислав Ивановичке бұйымтайын айтпай ма?

–Отыз тонна тұқым керек, –депті Марат аға.

–Е, ала ғой, – деседі ежелгі дос.

Тұқымды көлікке артып жатып қолхат жазып берейін десе, әзірге ешқайда көшейін деп жатқан жоқпын, сондай сөздің не қажеті бар деп өкпелеген көрінеді.

–Қазақтың өзі бір-біріне қарыз болғанда «әзірге ешқайда көшейін деп жатқан жоқпын» демей ме, өздерінен естігенімді айтқаным ғой, – дейді аталары дос болған соң іргелері ажырамай отырған ежелгі тамыр.

Өткен жылы іргедегі Қараөзек ауылы алғашқы қазығын қаққанына жүз жыл толуын ат шаптырып, балуан күрестіріп атап өткен. Станислав Иванович те ел тойына қосқан үлесім деп бір жылқы апарыпты. Өз айтуына қарағанда, көрші отырған соң шоқ жұлдыздай шағын ауылдың шапағатты шаруасынан сырт қала алмаған. Ынтымағы жарасқан ежелгі дос-жарлардың арасында дорба да, жорға да жүрсе, жарасымды емес пе?!

Дәм қайырған соң Станислав Ивановичтің жары Алла «Дудар-ай» әнін бастап кеткен. Кәдімгі қазақ тілінде. Құтты Мәриям Жагорқызының өзі тәрізді. Сарытап сағыныш, мөлдір махаббатқа тұнып тұрған ойлы да нұрлы ән бір дастарханның басында тоғысқан сан ұлт өкілдерінің баршасын терең ойға батырған.

Мәриям Жагор деген орыс қызы,

Он алты, он жетiге келген кезi,

Қазаққа Дудар деген ғашық болып,

Сондағы Мәриямның айтқан сөзi!

Сұлу ән самалдай желпіп Көкше тауларын көктей өтіп, ақшарбы бұлтты бауырлай бар қазақ даласына тарап бара жатқандай. Бұл да тамыры тереңге кеткен ұлы достықтың діңіне нәр беретін сәт емес пе?!.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар