Ержүрек азаматын еске алды

Таяуда Қорғалжын ауданында  бокстан жасөспірімдер арасында табиғат жанашыры, осы өңірдің   тумасы, браконьерлердің қолынан қапылыста қаза тапқан айтулы азамат Ерлан Балғабекұлы Нұрғалиевті еске түсіруге арналған турнир болып өтті.

Оған бірнеше аудан мен елді мекендердің балғын спортшылары қатысты. Жарыстың жүлде қоры да қомақты болды. Жеңімпаздарға 100 мың теңге, екінші орынға 50 мың, ал үшінші орын алған боксшыларға  30 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық тағайындалды. Сонымен қоса асыл азаматтың кескіні бейнеленіп, аты жазылған  алтын түстес белбеу қоса табысталды.

Сондықтан болар шаршы алаңға шыққан жас өрендер аянып қалмады. Дүбірге толы дода барысында Целиноград аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері намысты қолдан бермеді. Атап  айтқанда, 30 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Саян Қайрат қарсыластарының бәрін бет қаратпай ұтып, бас жүлдені жеңіп  алды. 34 келі салмақта сынға түскен Әлібек Нұргелді  мен оның тағы бір командаласы Дәлелғазы Нұрасыл екінші орынға табан тіреді.

Жалпыкомандалық есепте астаналық ауданның жас спортшылары  жүлделі үшінші орынды  лайықты иеленді. Бұл әрине, жаман көрсеткіш емес. Ал, Ғалымжан  Әлижан жарыстың үздік төрешісі деп танылды.

Аталған  сайысты өткізудегі басты мақсат елін, жерін, оның табиғатын шын сүйген  Ерлан Нұрғалиев сынды асыл азаматты еске алып, жастардың санасында отансүйгіштік  және  патриоттық  сезімдерді  ояту болып табылады.

Жыл сайын дәстүрге айналғалы отырған осынау доданы ұйымдастыруға құт қонған Қорғалжын аймағындағы Тінәлі руының азаматтары мұрындық болғандығын  айта кеткен ләзім.

Талғат ТӘШКЕЕВ.

Қорғалжын  ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар