Қауіптің беті қайтқан жоқ

Көкшенің кең көсілген даласында қасат қардың көбесі жаңа сөгіле бастады. Осыған орай, қызыл судың қаупі еселене түсуде.

Қардың күрт еруі қашанда қауіпті. Қоңыр күзден бері қарбаласа қамданғанмен, жылға іздеген топан судың қай тараптан құйыларын күні бұрын болжап білу әсте мүмкін емес. Облыс орталығын жарып өтетін Қылшақты өзеніндегі су деңгейі лықси толқып, арнасынан асып кетуге шақ тұр. Жекелеген аудандарда су басу қаупі бар. Қазір коммуналдық қызмет су тасқынына қарсы тиісті шараларды атқаруда. Арықтар мен суөткізгіш құбырлар тазартылып, өзендегі мұз қопсытылуда. Кейбір жер үйлердің жанында пайда болған қызыл су сорылып, тазартылып жатыр.

–Бұл су өзен аңғарымен емес, құба жоннан ылдилай құйылып келді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев, – қазір бақылау бекеттері арқылы қадағалаудамыз.

Облыс орталығының көшелері қардан арылғанымен, иен даладағы тау-теңіз қардың мұрты бұзыла қойған жоқ. Қазіргі таңда Астана маңындағы Қоянды, Шұбар, Қараөткел, Талапкер, Рақымжан Қошқарбаев ауылдарында қызыл суды қауіпсіз аймаққа ағызып жіберу жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындар көшелерді көлкіген судан арылту хақында өтініштерін жиі түсіруде.

Егіндікөл және Астрахан аудандарында біршама қауіп бар. Астрахан ауданының Ескі Колутон, Ягодное, Жаңа тұрмыс, Жалтыр және Қоскөл ауылдарында көлкіген көк су мол. Қауіп те жоғары. Себебі, бұл елді мекендер су айдындарына жақын орналасқан.

–Жергілікті бюджеттен көктемгі су тасқынын алдын алуға 8 миллион теңге қарастырылған, – дейді Астрахан ауданы әкімінің орынбасары Руслан Мұқанов, – сол қаражатқа қажетті инертті материалдар мен жанар-жағар май сатылып алынды. Аудан әкімшілігі алдағы уақытта сексенге жуық арнайы техника сатып алуды жоспарлап отыр.

Сулы, нулы Қорғалжын ауданында 8 елді мекенді су басу қаупі бар. Оның ішінде Нұра өзенін жағалай қонған Ұялы мен Өркендеу ауылдарының тұрғындары да алаңдап отыр. Қауіпті аймақта 194 үй мен 13 маңызды нысан бар.

–Біздің өңірде автомобиль жолдарын да су басып қалуы мүмкін. Мұндай жолдардың қашықтығы 800 метрді құрайды. Былтыр Қорғалжын ауылының Мадин Рақымжан және Шоқмет Әубәкіров атындағы көшелердің бойындағы арналар кеңейтілді. Өркендеу мен Ұялы ауылдарындағы өзен аңғарлары нығайтылды, – дейді Қорғалжын ауданы әкімінің орынбасары Ғабды-Сабыр Мұхамедди.

Сабынды, Ұялы, Өркендеу ауылдарында С-28 электр дабылқаққыштары да орнатылыпты. 117 жоласты су өткізу құбырлары қардан аршылған. Қызыл судың қаупінен сақтану жұмыстары Аршалы ауданында да жүргізілуде. Елді мекендерден 528 669 текше метр қар шығарылған. Түрген ауылының жанын жалай өтетін Есіл өзенінің үш аңғарында жарылыс жұмыстары жүргізіліп, ағын судың жолы ашылды. Жібек жолы ауылында 300 тонна, Батпақкөл су айдынының жағалауын бекіту үшін 400 тонна инертті материалдар әзірленген.

Күн қабағына қарағанда көктем күшіне еніп келеді. Көкшенің сай-саласы да қызыл суға мелтектей толатын уақыт алыс емес. Сондықтан, мейлінше сақ болған жөн.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар