Президенттің Іс Басқармасы Медициналық орталығының мамандары – Көкшетауда

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цоймен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Бұл сапардың басты мақсаты – аурудың алдын алу, диагностикалау, емдеу және жалпы сауықтыру саласында тәжірибе алмасу, сондай-ақ, Ақмола облысының медициналық мекемелерімен ғылыми-клиникалық ынтымақтастықты кеңейту, заманауи әдістерімен бөлісу болып табылады.

Делегацияның құрамында Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының және Орталық клиникалық аурухананың жоғары білікті мамандары, оның ішінде нейрохирургтер, кардиохирургтер, аритмологтар, онкохирургтар, барлығы 35 дәрігер маман бар. Олар өңірдің емдеу мекемелерінде шеберлік сабақтарын өткізіп, халыққа практикалық және консультациялық-әдістемелік көмек көрсетіп, күрделі оталар жасайтын болады. Орталықтың жетекші мамандары ақмолалық 340 тұрғынға тегін медициналық көмек көрсетуді жоспарлап отыр.

Жиын барысында сөз сөйлеген өңір басшысы Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген құрметті қонақтарға алғысын айтып, жылы лебізін білдірді.

–  Ақмола облысына қош келдіңіздер! Біздің Ақмола облысы сіздер болатын өңірлер тізімінде Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысынан кейін үшінші тұрғаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасының Медициналық орталығының өңірлерге озық тәжірибені таратуға бағытталған қадамы қуантады. Бұл ең алдымен, халыққа медициналық көмек көрсету сапасын жақсартады. Бүгінгі кездесуіміз біздің одан әрі ынтымақтастығымыздың берік негізі болатынына сенімдімін, – дей келіп, облыс әкімі өңірімізде медицина саласының дамуы туралы қысқаша мәліметтерді де тілге тиек етті.

– Өткен жылдың өзінде екі көпсалалы облыстық аурухананың базасында жоғары технологиялық медициналық қызметтердің 23 түрі бойынша шамамен 328 ота жасалды, ағымдағы жылы 350-ден астам ота жасау жоспарланған. Сондай-ақ, облыстың шалғайдағы ауылдық елді мекендерінде инфрақұрылымды және медициналық қызметтердің қолжетімділігін жақсартуға көп көңіл бөлінуде. Мәселен, соңғы жылдары облыста 10 медициналық мекеме іске қосылып, 42 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Алдағы екі жылда 38 бастапқы буын нысаны салынып, жаңа жабдық сатып алумен ауданаралық ауруханалар жаңғыртылады. Мұның барлығы 240 мыңға жуық ауыл тұрғындарына шұғыл әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда өңіріміздің 17 денсаулық сақтау нысаны Ұлттық телемедициналық желіге кіреді.

Телемедицинаның енгізілуімен шалғай аудандар мен ауылдардың тұрғындарында облыстық және республикалық деңгейдегі мамандар ұсынатын білікті медициналық көмек қолжетімді болды. Сондай-ақ, озық әдістер мен технологияларды белсенді енгізу және тарату саласындағы негізгі басымдықтардың ішінде ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, жаңа инновациялық тәсілдерге ерекше назар аударылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында: «Цифрландыру – бұл сән үрдісін ұстану емес, ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі құралы», – деп атап өтті. Бүгінгі таңда біздің дәрігерлер инновациялық ақпараттық жүйелерді де табысты пайдалануда, – деді Ермек Маржықпаев.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.  Орталықтың атқарып жатқан ауқымды жұмыстары баяндалған арнайы бейнеролик көрсетілді. Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқару Медициналық орталығы еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің көшбасшысына айналып отыр. Алты мыңға жуық жоғары білікті мамандар жұмыс істейтін ұйымдарда Joint Commission International, ISO, GPP, IIac-mra стандарттары бар.

Сонымен қатар, орталық клиникалық аурухананың Президенті Асхат Бралов баяндама жасады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығы ауруханасының директоры Рустам Албаев та өз баяндамасын ортаға салып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы тарқатып айтып берді.

Бұдан кейін облыс әкімі  Ермек Маржықпаев пен Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Өзара ынтымақтастық меморандумы облыс тұрғындарына дәрігер кеңесін алуға, курорттық санаторийде емделуге, оңалту қызметтерін және қажет болған жағдайда ауыр сырқаттарға ем-дом алуға  зор мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылдың 28-30 наурыз аралығында   Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген медициналық орталықтың қызметкерлері тәжірибелік және теориялық бөлімде өз тәжірибелерімен, білімдерімен, білікті дағдыларымен дәрігерлерімізбен бөліседі. Барлығы 33 бірлескен іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

Кездесу соңында құрметті қонақтардың қатысуымен жаңадан салынатын көпбейінді облыстық аурухана құрылысының таныстырылымы болып өтті.

Сапар барысында орталық басшысы Алексей Цой Көкшетау қаласында орналасқан ауруханаларға арнайы барып, медициналық мекемелердің  техникалық базасымен танысты.

                                                          Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
                                                            «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар