Сессияда маңызды мәселелер көтерілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген кезінде бірқатар маңызды мәселелермен бірге, азық-түлік қауіпсіздігіне де назар аударды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпақ жұрттың көкейінде жүрген өте өзекті мәселелерге мейлінше көңіл аударып отырғандығын бірден айта кетуім керек. Соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі айрықша маңызды. Сәл таратып айтатын болсақ, өңірде ет және ет өнімдерін өндіру сын көтермейтіні де рас. Оның бірнеше себептері бар. Мал сүмесімен күн көретін ауыл тұрғындары жайылым мен шабындық жердің жоқтығынан қанатын кеңге жая алмай отыр. Осы орайда, өз басым бастан кешіріп отырған қиындық туралы айта кетпекпін. Софиевка селолық округінде орналасқан «Шахман» серіктестігі 2017 жылы құрылды. Әуел баста мал шаруашылығымен түбегейлі айналыссақ деп бел будық. Сол кездегі селолық округ әкімі егер мал қорасын талапқа сай салатын болсаңыздар қажетті жайылымдық және шабындық жер бөлінеді деп сендірді. Шығыны көп қара малды баққаннан кейін шаруа жалғыз ет өндіріп алысқа бара алмайды. Жұмсаған қаражаты қайтып, табыс табуы үшін сүтті де кәдеге асыру қажет. Бұл екі жаққа бірдей тиімді. Тұтынушысы мол Астананың төңірегінде малсақ қауым ет пен сүтті молынан өндіріп, талапқа сай өңдеп, сапалы өнімін ұсынып жатса, жергілікті азық-түліктің бағасы бүгінгідей көтеріліп кетпес еді. Өнім мол болған сайын әділ бәсекелестік туындайды емес пе? Бірақ, осындай ойымыз оңынан оралмай тұр.

Елу бас сауын сиыр сатып алдық. Округ әкімі талап еткен мал қорасы салынды. Бірақ, содан бері алты жыл уақыт өтсе де, біздің серіктестікке жарты гектар да жер бөлінген жоқ. Біз малды өз төлі есебінен көбейте алар едік. Жалғыз біз ғана емес, осы төңіректегі шағын қожалықтардың көріп отырған күні осы. Төрт түлік малдың басы өссе, игілік те үйірілер еді ғой. Шабындық жер болмағандықтан жыл сайын мал азығын сатып аламыз. Өткен күздің күні 15 келілік шөп бумасы 1200 теңге тұрды. Қыс ортасында қымбаттады. Дәл осындай қалыппен бір бас қара малды қыстан аман алып шығу үшін қаншама  қаражат қажет. Міне, ауыл шаруашылығының адымын алға бастырмай тұрған ең бірінші мәселе осы.

Бүгінгі күні өңірде пайдаланылмай жатқан жер қайтарылып жатыр деген қуанышты хабарды жиі естиміз. Бірақ, осы арада ашықтық керек тәрізді. Ол жерлер кімге беріліп жатыр, қандай тәртіппен, қандай ережеге сәйкес, ол жағы беймәлім. Жергілікті билік бұл тақырып төңірегінде ауыз ашар емес.

Сүт өндіреміз деп талпынып, 150 миллион теңге қаражатымызды құйып, сүт цехын салдық. Қажетті техникаларымызды қамдадық. Бірақ, солай бола тұра, ісіміз алға жылжитын емес. Осы саланың азабын тартып жүрген адам ретінде айтарым, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен ауылдағы мал бағып отырған қауымға шабындық пен жайылым жеткілікті әрі әділ бөлінуі керек. Әйтпесе, тірнектеп тіршілік етсек деген ынта бар. Жол-жөнекей кезіккен осындай кедергілер ауылдың көсегесін көгертер емес. Қазір байыптап қарап, ақыл таразысына салсаңыз ешбір қиындығы жоқ тәрізді. Бос жатқан жер Софиевка селолық округінде де бар. Жомарт жердің тусырап бос жатқанынан гөрі елдің игілігіне жаратылғаны жөн емес пе?!

Ел Президентінің бүгінгі тапсырмасынан кейін үміт оты тұтанғандай. Алдағы уақытта да біз тәрізді ауыл шаруасының ахуалын түзейміз деген адамдарға жағдай туғызылса жақсы болар еді.

Әділхан Шахманов,
«Шахман» серіктестігінің басшысы.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар