Биыл еліміздің тергеу қызметіне 60 жыл толады

Ішкі істер органдар жүйесіндегі тергеу аппараты кезінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1963 жылғы 6 сәуірдегі Жарлығымен құрылған еді.  

Талай жылдар бойы Ақмола облысының ішкі істер органдарының тергеу бөлімшелері қалыптасу кезеңінен өтіп қана қоймай, көптеген эксперименттер мен қайта құруларды да бастан кешті. Осыған қарамастан, өңірдегі ішкі істер департаментінің тергеу аппараты әлі де жетілдірілуде. Бұл  құрылымның өзінің кәсіби тарихы мен дәстүрі бар. XXI ғасырдың жағдайында тергеу аппараты кез-келген дамыған құқықтық мемлекет жүйесіндегі негізгі буындардың бірін құрайды. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының тергеу аппараты тарихи мерзім бойынша салыстырмалы түрде жас. Теориялық білім, заңдарды дұрыс және сауатты қолдана білу бұл аталмыш қызметтің негізі болып табылады. Осының барлығы қызметкерден үнемі өз білігін жетілдіруді, табандылық пен шыдамдылықты талап етеді. Тергеушіге өз ісінің жоғары да білікті маманы болу үшін қажырлы еңбек, жоғары адамгершілік қасиеттер, адалдық, сатылмаушылық, әділеттілік және өз кәсібіне деген сүйіспеншілік қажет.

Ағымдағы жылы Ақмола облысында да тергеу қызметінің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында тағылымды іс-шаралары өткізілуде. Наурыз айының 2-сі күні облыс тергеу қызметкерлерінің арасында «Ең үздік тергеуші» атты сайыс өткізілді. Оның барысында тергеп-тексеру хаттамаларын толтыру және қару-жарақты қолдану бойынша тергеу қызметінің үздіктері, сондай-ақ, заңнамаларды жетік меңгерген қызметшілердің білімі анықталып, бұған қоса, спорттық іс-шаралар болып өтті. Мерейтойға арналған спартакиадаға облыстың жиырма ауданының тергеу қызметкерлері қатысты.

Жалпы, біздің өңір бойынша 165 тергеу қызметкері жұмыс істейді. 2022 жылы тергеу қызметінің қорытындысына сәйкес, өндірісте 15 мыңнан астам қылмыстық іс болды. 9 269 қылмыстық іс тергеліп, сотқа 1 699 іс жіберілді. Өткен жылы тергеушілердің арасында өздерінің  жұмыстарын мінсіз атқарған қызметшілер де аз болмады. Қайғылы қаңтар оқиғасы кезінде тергеуші,  полиция капитаны Марат Шакенов Алматы қаласына аттанды. Ол оқиға орнында аса ауыр қылмыстық істерді тергеп, оларды толық және жан-жақты зерттеді. Сөйтіп, үздік көрсеткіштері үшін қызмет көрсету орнына мерзімінен бұрын қайтарылды және өзі тергелген істер бойынша барлық іс жүргізу шешімдерін ойдағыдай аяқтады. Өзінің қажырлы еңбегі үшін Алматы қаласы полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Марат Сексенұлының Алғыс хатымен марапатталған бұл тергеушіге әріптестер алғысы мол. Сондай-ақ, тергеу қызметіне аянбай тер төккен осы саланың ардагерлеріне келсек, бүгінгі таңда өңірде 80-нен астам осындай тергеу қызметінің ардагері тұрады.

Мәселен, Татьяна Кривошеева құқық қорғау органдарына жұмысқа сонау 1962 жылы қабылданды. Ол еңбек жолын Қарағанды облысында бастап, кейін біздің облыста осы қызметті атқару барысында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 1994 жылы зейнетке шықты. Оның осы салаға еңбек сіңірген жылдарында алған 8 медалі, 11  грамотасы мен Алғыс хаты бар.

Зеренді ауданының тумасы Бейбіт Қабаев та тергеу қызметіне өмірінің жиырма жылын арнады. 1996 жылы Зеренді аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар бөлімі жөніндегі учаскелік инспекторы қызметінен араға бір жыл салып, осы полиция бөлімшесінің анықтаушысы лауазымына тағайындалды. Осылай Зеренді аудандық полиция тергеу бөлімінде қылмыспен үздіксіз күрес жүргізіп, сол жерден 2016 жылы зейнетке шықты.

Тергеу саласы қаншалықты қиын болса да, оның қызметкерлері күрделі де қажырлы әрі жауапты жұмысты жүргізіп қана қоймай, мемлекеттік және үлкен қоғамдық маңызы бар міндеттерді шешеді. Сыбайлас жемқорлыққа, қылмысқа, экстремизмге қарсы күреске зор үлес қосып, іс жүзінде заң мен әділеттіліктің үстемдігін қорғайды. Қазіргі уақытта, қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізуде, оның ішінде елдегі іскерлік ахуалды жақсартуда және қоғамды ізгілендіруде  тергеушілер маңызды орын алады.

Бұл күнде облысымыздағы тергеушілер жұмысына Ақмола облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Фархад Мұратбекұлы Омаров жетекшілік етеді. Осы басшының тікелей бас-көз болуымен өңірде тергеу ісінің бұрыннан қалыптасқан берік дәстүрі одан әрі жалғасын табуда. Бұған әрине, осы салада мол тәжірибе жинақтап, өз істеріне жан-тәндерімен берілген қызметкерлердің үлкен шоғыры игі ықпал етіп келе жатқандығы анық. Мәселен, тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Талғат Дәуренбекұлы Жұманов тергеу құрылымдарында 20 жылдан астам жемісті қызмет атқарып келеді. Сол сияқты, басқарма бастығының орынбасарлары Алмас Уәлиденұлы Ілиясов пен Дулат Серікұлы Кенжесейітовтардың ортақ іске қосып жүрген үлестері аз емес. Ал, Марат Серікұлы Шәкеновтың көптеген ауыр қылмыстарды тергейтінін атап өткен жөн. Осы жауапты салада қыз-келіншектерден де өз біліктіліктерімен тергеу қызметінің бел ортасында жүрген іскер мамандар баршылық. Солардың бірі басқарманың аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция майоры Меруерт Оралбекқызы.

Осы орайда, тергеу қызметінің жыл сайын жас мамандармен де толығатынын, олардың да арасынан өз міндеттерін ұқыптылықпен атқаратын жастардың өсіп келе жатқанын айта кетпей болмайды. Айталық, бұл күнде сағат сайынғы тынымсыз жұмыспен, қажырлылықпен келетін жақсы лебізге жас тергеуші, полиция капитаны Гүлжан Досымбекова ие болып жүргенін айтқан орынды. Сонымен еліміздің полиция құрылымындағы үлкен жауапты саланың бірі – тергеу қызметіне 60 жыл толғалы отыр. Осы саладағы барлық қызметкерлерді жақындап қалған мерекелерімен алдын ала құттықтап, отбасында амандық, жемісті белестер тілейміз!

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар