Дастарханымыз мол болсын десек…

Астананың азық-түлік белдеуін дамыту айрықша маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесте айрықша назар аударған болатын.

Өңірдің аумақтық әкімшілік ерекшелігі ескеріле отырып, Астананы азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуінің негізгі салмағы бізге жүктеліп отырғандығын айта кетуіміз керек. Бұл зор жауапкершілік әрі біздегі ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін мейлінше мол мүмкіндік деп айтсақ та болады. Себебі, өндірілген өнім қай уақытта да өз тұтынушысын табады.

Жалпы қашықтығы 300 шақырымдық аймақты құрайтын азық-түлік белдеуіне өңірдің 17 ауданы тегіс өз үлесін қосуда. Бүгінгі таңда 130-ға жуық кәсіпорын өздері өндірген, сұранысқа ие әрі сапалы азық-түлік өнімдерін Астананың 44 сауда нүктесінде тұтынушыларға ұсынуда. Олардың қатарында «Магнум», «Астықжан», «Смол» дүкендері мен «Евразия», «Әлем» және «Шапағат» тәрізді базарлар бар. Сөз арасында астаналық тұтынушыларға ет және ет өнімдерінің, сүт және сүт өнімдерінің  68 түрі ұсынылатынын айтар болсақ, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өнім түрлері жыл өткен сайын түрленіп, молайып келе жатқанын айқын аңғаруға болады. Демек, бұл тарапта тұтынушы көңілінен шықсам деген талпыныс та, нарық заманының бәсекелестік талаптарын қанағаттандыратын жауапкершілік те бар. Одан өзге өсімдік шаруашылықтарының өнім түрлері де талап деңгейінен шығуда. Бұл бағытта жоғарыда аталған сауда сөрелеріне 54 түрлі өнім қойылуда. Олардың арасында астықты өңірдің даңқын шығарып тұрған сапалы ұн, картоп, көкөніс және өсімдік майы тәрізді өнімдер бар.

2022 жылы астаналық тұтынушыларға 115,2 мың тонна сүт және сүт өнімдері жеткізілді. Бұл – жалпы қажеттіліктің 31 пайызы. Алдағы уақытта өнімнің бұл түрі әлі де көбейеді деген жоспар бар. Үстіміздегі жылы өңірде бірнеше тауарлы-сүт фермасы ұйымдастырылады. Бұл жұмысқа 9,2 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл жобаның инвестициялық жоба екенін айтсақ, азық-түлік молшылығын жасауға және сол арқылы табыс табуға айрықша көңіл бөлініп отырғандығын ұғынуға болады. Өткен жыл ішінде Астанадағы сауда сөрелеріне 29,5 мың тонна ет және ет өнімдері жеткізілді. Бұл – жалпы қажеттіліктің 31 пайызы. Ішкі резервті мүмкіндігінше тиімді пайдалансақ, астаналықтардың дастарханына қойылатын ет және ет өнімдерін әлі де көбейте түсуге болар еді. Берекені молайту, ырысты көбейту бұл бағыттағы жұмысты ширатуға байланысты. Ойдағы жоспар жүзеге асатын болса, оның игі әсері ауыл тұрғындарына да тимек. Мал сүмесімен күн көріп отырған ағайын бесбатпан бейнетін арқалап өсірген төрт түлігін лайықты бағамен саудалап, отбасылық бюджетін толықтыра алады. Үстіміздегі жылы мал бордақылау алаңдарының кеңейтілуі межеленуде. Бұл мақсатқа 0,3 миллиард теңге инвестиция құйылмақ.

Құс етін және жұмыртқа өндіруге де мейлінше мән беріліп отыр. Егер азықтық жұмыртқаны 262 миллион данаға жеткізсек, Астана тұрғындарының жалпы қажеттілігінің 80 пайызын өтер едік. Бұл бағытта да бұрынғы көрсеткішті жақсартатын, сайып келгенде ел игілігін молайтатын жобаларды жүзеге асыру межеленіп отыр. Үстіміздегі жылы 4 құс фабрикасын салу жоспарлануда. Бұл игі іске 19,5 миллиард теңге инвестициялық қаржы құйылмақ. Міне, осы кезде жалғыз астананы ғана емес, облыс тұрғындарын сапалы құс етімен, жұмыртқамен қамтамасыз етуге болады.

Өңірдегі картоп шаруашылығына да жіті назар аударылуда. Облыстың өз тұрғындарын картоппен толық қамтамасыз етудің мол мүмкіндігі бар. Ал, астаналық тұрғындарға өткен жыл ішінде 104,8 мың тонна картоп жеткізілді. Бұл елордадағы барлық тұтынушылардың қажеттілігін 85 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Алдағы уақытта да бұл тараптағы жұмыс ширатыла түседі. Мәселен, осы уақытқа дейін картоп тапшылығы тек көктемде туындайды. Оның бір себебі, картоп сақтайтын қоймалардың жетімсіздігі. Әйтпесе, картоптың егілуі, жиналуы аз емес. Көктемнің жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер қара өзек шағында, оңтүстіктегі картоп әлі пісіп жетілмеген уақытта аздаған тапшылықтың бой көрсететіні бар. Алдағы уақытта мұндай олқылыққа жол бермеу үшін өңірде 12  астық және картоп сақтайтын қоймалар салу көзделіп отыр. Оған 7,5 миллиард теңге көлеміндегі инвестициялық қаржы құйылмақ. Міне, осы жоспар жүзеге асқан кезде өңірдің әрі Астананың тұтынушылары картоп тапшылығын сезінбейтін болады. Әрі бұл жұмыс нарықтағы бағаға әсер етуі де ықтимал. Сауда сөрелерінде өз өніміміз толып тұрса, жергілікті азық-түліктің бағасы да шарықтап кетпейді ғой.

Бүгінгі күні Астанада «Аqmol» сауда желісінің үш дүкені облыс өңіріндегі «Capital Projects LTD», «Ижевский», «Гормолзавод», «Родина» агрофирмасы»  серіктестіктерімен және бірнеше шағын фермерлік шаруашылықтармен тікелей жұмыс істеп тұр. Мұндай әдістің бір артықшылығы, екі ортада бағаны жөн-жосықсыз өсіретін делдалдар жоқ. Демек, өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің де бағасы қолжетімді болады. Қазір ең бастысы, азық-түлік бағасын қымбаттатпау. Міне, осы тарапта делдалсыз жұмыс істеудің неғұрлым тиімді болатындығын бір ауыз сөзбен айта кетсек, артықтығы болмас. Өткен жылы осы дүкендердің жылдық айналымы 1,3 миллиард теңгеге жетті. Осы қаржыға қаншама азық-түлік жеткізіліп, астаналық тұтынушылардың дастарханына береке бітіргендігін аңғаруға болады.

Үстіміздегі жылы азық-түлік белдеуін одан әрі жетілдіру үшін жалпы құны 48 миллиард теңге болатын 47 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалардың тағы бір тиімділігі жаңадан жұмыс орнының ашылатындығында. Жаңа жұмыс орны дегеніміз ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту болып  табылады. Межеленген осы жоспар жүзеге аса қалған кезде 414 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар туралы айтқанда алдымен бордақылау алаңдары, тауарлы-сүт фермалары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, суармалы жерлердің көлемін көбейту тәрізді игілікті істер бар екендігін айта кетуіміз қажет.

Алдағы уақытта Астананы сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысы жалғаса беретін болады. Ең бастысы, қарапайым халықтың қамын ойлау. Азық-түліктің санын молайтып, сапасын жақсарту арқылы бағаны тежесек, оң болар еді.

Серік БАЛЖАНОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы және жер
қатынастары басқармасының басшысы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар