Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Астананың айналасындағы елді мекендер көркейіп келеді - АРҚА АЖАРЫ

Астананың айналасындағы елді мекендер көркейіп келеді

 Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев кезекті жұмыс сапарымен Қосшы қаласы мен Целиноград және Аршалы аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмыс барысымен танысып, алдағы міндеттерді белгіледі.

ҚОСШЫ. Өңір басшысы алдымен Қосшы қаласында таяуда ғана ашылған  «AQ ANYZ» кондитерлік цехына барып, ондағы жұмыс ахуалымен танысты.  Қазіргі таңда онда 25 адам жұмыс істейді. Торттар мен бәліштердің түр-түрі, дәмді десерттер мен  бауырсақтар, сан түрлі тоқаштар қала тұрғындары арасында аса сұранысқа ие.

– Болашақта екі ауысымда жұмыс істеуді, шамамен 50-60 жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз, – деді кондитерлік цехтың басқарушысы Азат Хамзин. – Қазіргі таңда біз ассортиментті кеңейтіп, өзге де өнімдерді сатылымға шығармақшымыз. Қалада нан өнімдерін сату үшін бірнеше дүкен ашуды да жоспарлап отырмыз,– дейді ол.

Бұдан кейін облыс әкімі Ермек Маржықпаев «Нұрай» тұрғын-үй кешені  аумағында орналасқан 1200 орындық мектеп құрылысы жүріп жатқан нысанға барды. Құны 3,6 миллиард теңге болатын нысан осы жылдың үшінші тоқсанында тапсырылуы тиіс. Алайда, атқарылып жатқан жұмыс көңіл көншітпейді.

– Асфальт, қиршық тас төселді, спорттық жолдар салынды, айнала абаттанып жатыр. Жасыл желектер отырғызылды, – деді «Астана көктем С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Бұл серіктестік аталмыш нысанның  мердігерлік ұйымы.

Алайда, өңір басшысы өткен жылдан бері мұнда ештеңе өзгермегенін атап өтіп, қатаң ескерту жасады. Сонымен қатар, көптеген кемшіліктерді де жіпке тізгендей айтып беріп, мердігердің нысанда 100 адам жұмыс істейтіні туралы  айтқан сөздері шындыққа еш жанаспайтынын баса айтты…

– Қаржы  жеткілікті көлемде бөлініп жатыр, ал, сіздер өз жұмыстарыңызға салғырт қарайсыздар. Жүктелген міндетті орындау керек!, –  деп қатаң талап қойды өңір басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі жұмыс сапары барысында үлгілік жоба бойынша өрт сөндіру депосының құрылысымен танысты. Ауданы 2269 шаршы метрді құрайтын жобаның құны 1,9 миллиард теңге. Жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр. Штат 95 адамға қарастырылған. 4 техника сатып алынған. Мұнда қызметкерлерге арналған баспана салынуда, онда бір үш бөлмелі пәтер, екі екі бөлмелі және үш бір бөлмелі пәтер орналасқан.

– Бұл – алты пәтерлі үй  жедел жұмыс істейтін депо қызметкерлеріне арналған. Айта кету керек осындай типтік деполар Қоянды, Қараөткел, Талапкер елді мекендерінде салынатын болады, бұл мақсатқа  жер телімдері бөлінген.

Облыс әкімі өңірдегі су тасқынының алдын алу мәселесін үнемі қатаң назарда ұстайды.  Осыған орай ол  былтырғы жылы су астында қалған Абылай хан көшесіне барып, бүгінгі жағдайды көзбен көріп, көңілге түйіп қайтты.

– Биылғы жылы су тасқынының  алдын алу шаралары жүйелі жүргізілгенінің арқасында қазіргі таңда бұл учаскедегі жағдай қауіп төндірмейді. Қар көп шығарылды, жағдай бақылауда, –  деп атап өтті өңір басшысы.

Бұдан кейін Ермек Маржықпаев Ұлы Отан соғысының ардагері, екінші топтағы мүгедек Нұрғасым Әжітаевтың үйіне барып, қариямен сұхбаттасып, жылы лебізін білдірді. Қара шаңырақтың киесі 98 жастағы ақсақал жеті бала тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасының иесі. Сол ұрпағынан өрбіген 10 немере мен 9 шөбересі бар.

ЦЕЛИНОГРАД.

Биылғы жылы Целиноград ауданында алдын ала жүргізілген абаттандыру жұмыстарының арқасында су тасқыны жағдайы салыстырмалы түрде біршама қалыпты деуге негіз бар. Бұрын су тасқынынан зардап шеккен үйлер биылғы жылы қатаң назарға алынып,  арықтар тазартылып, еріген су еркін өтетін су өткізу құрылыстары салынған.

Қараөткел мен Талапкер ауылдарында кентішілік көше-жол желісін жөндеу және автомобиль жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда.

– Қараөткел ауылының жол желісі 108 шақырымды құрайды, оның 77 шақырымы асфальталған. Ендігі арада жаяу жүргіншілер жолын салу,  жол жиектерін жабдықтау мәселесін қолға алып жатырмыз. Сонымен қатар, электрмен жабдықтауды жүргіземіз, – дейді аудан әкімі Бахыдбек Оспанбеков.

– Жаңа шағын аудандарды салу кезінде жобалық-сметалық құжаттарды ресімдеу мәселесін кешіктірмеу керек. Кенттегі құрылыстың ретсіз салынуына жол бермеуіміз қажет. Барлығы құрылыстың бас жоспарына сәйкес салынғаны абзал. Жол, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау бойынша жобалардың барлық құжаттары дұрыс болуын бақылауда ұстаңыз», –  деп тапсырды облыс әкімі.

Қоянды ауылында Ермек Маржықпаев мемлекеттік тілде білім беретін биылғы жылы 280 балаға лайықталып салынған  екі қабатты «Ай-Көркем» балабақшасында болды. Мұнда орталық сумен жабдықтау және автономды жылыту қарастырылған. Облыс әкімі ғимараттың сапасын, интерьерді, жайлы жабдықталған жатын бөлмелерді, музыка залын, асхананы аралап шығып, оң баға берді. Сөз арасында сыртқы жұмыстардағы кішігірім кемшіліктерді түзетуді тапсырды.

АРШАЛЫ.  

Аршалы ауданында Ермек Маржықпаев Жібек жолы ауылындағы 2 шақырымдық «Безымянная» бөгетін аралап көрді. Бөгеттің тозығы жеткен, 1965 жылы салынған екен. Аудан әкімі Мұрат Балпанның айтуынша, ең алдымен Есіл өзенінің арнасын тазалау қажет.

Облыс әкімі өз сөзінде су өткізгіш құрылыстары тосқауыл ретінде емес, толық көлемде жұмыс істеуі керек екендігін қадап айтты. Сонымен қатар, кенттің ойпатта орналасқандығы айтылып, алдын алу шараларын жүйелі жүргізу қажеттігіне тоқталды.

Сондай-ақ, өңір басшысы Жібек жолы ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысының барысымен танысты. Жобаның құны 1,7 миллиард теңге. Ермек Маржықпаев мердігер ұйым басшыларына мектеп құрылысына қатысты біршама кемшіліктерді алға тартты. Алдағы уақытта мектеп құрылысының сапасына баса мән беріп,  жұмыстың қарқынды жүргізілуін талап етіп, белгіленген мерзімде тапсыруды жүктеді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар