Күрмеуі қиын көктемгі егіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде бірқатар маңызды мәселелермен бірге азық-түлік қауіпсіздігіне де назар аударды. Осы орайда, ырыздықтың бастау көзі болып саналатын көктемгі егісті ұйымшылдықпен өткізудің мәні зор.

Жауапты науқанға мұқият дайындық бар делінгенімен, қолбайлау болатын, көптен бері қордаланып қалған мәселелер де аз емес. Айталық, жанар-жағар майды уақытылы жеткізу, бұрын бөлінген субсидиялар бойынша электрондық шот-фактураларға түзету енгізу, сондай-ақ, соңғы жылдары өңірдің үш-төрт ауданын мекендейтін ақбөкендердің қара жердің қойнауына сіңірілген дән қылтиып шығысымен басып тастайтыны тәрізді жайлар бар.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, көктемгі егіске дайындалып, алапат шаруа алдында белдерін бекем буып отырған диқандар үстіміздегі жылы 5,2 миллион гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірмек. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар да бар. Сөз арасында мұндай дақылдардың көлемі биылғы жылы 54,3 мың гектарға көбейе түсетіндігін сыналап айта кетелік.

Ең бастысы, көктемгі егісті уақытылы, ұйымшылдықпен, барынша сапалы өткізу. Бұл орайда, жұмысты ілкімді ұйымдастыру, агротехникалық шаралардың уақытылы, мұқият атқарылуы, алқаптағы ылғалды сақтап қалуға септігін тигізбек. Осы орайда, әр күні жылға азық болатын жауапты науқан кезінде кідіріссіз жұмыс істеуі үшін жанар-жағар майдың уақытылы жеткізілуі де айрықша маңызды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп дизель отынын жеткізу үшін арнайы кесте түзген. Осы орайда, өңір диқандарының алдында бірқатар өзекті мәселенің туындап отырғандығы да рас.

–Ең бастысы, тасымалдаушы вагондардың жүйелі түрде жүктелмеуі. Мұнай өңдеу зауыттары белгіленген вагондық норма 65  тонна көлемінде болса, іс жүзінде 58-59 тонна ғана құяды. Нәтижесінде әр вагоннан 5-6 тоннадан жетіспейді. Цистерналар вагонының жүк көтеру мүмкіндігі 62 тоннаға дейін екендігі ескерілмейді, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Гүлден Хаметова.

Жалғыз ол ғана емес, дизель отынын жеткізу мәселесінде тағы бір түйткіл бар. Еліміздің өзге өңірі көгеріп көктем келгенде, гүл жайнап тұрғанымен, солтүстіктің ауа райының ахуалы белгілі. Жазғы дизель отыны қатып қалуы да әбден ықтимал. Өңірлік кәсіпкерлік палатасының сарапшылары біздің өңірдегі ауа райының жағдайын ескере отырып, осы мәселеге көңіл аударуда. Айталық, Павлодар мұнай химия зауытының өнімі – 13С суыққа дейін төтеп береді. Ал, Шымкент мұнай өңдеу зауытының өнімі – 6 С градусқа дейін ғана. Демек, табиғаты қатал біздің өңір үшін Павлодар өнімі дұрыс тәрізді. Оның үстіне жолдың қашықтығын да ескеру керек.

Ендігі бір мәселе, ауыл шаруашылығы құрылымдарының  басшылары қажетті тыңайтқыштарды уақытылы субсидиялауға айрықша көңіл бөліп отыр. «Кенесары бидай»  серіктестігінің директоры Қуанышбек Ыбыраевтың айтуына қарағанда, 2023 жылы бөлінген қаражат өңірдің ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жеткіліксіз.

–Биылғы жылы еліміз бойынша көктемгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізу үшін субсидияның уақытында төленуі өте маңызды, – дейді Қуанышбек Ыбыраев.

Айтса айтқандай, биыл өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары қаржы тапшылығын сезінетін түрі бар. Өйткені, өткен жылдың астығы әлі сатылып біткен жоқ. Себеп, баға  төмен. Теріскейдегі көршімізде өткен жылы егін бітік шықты әрі саясаттағы жағдайға байланысты сата алмай отыр. Қазір Ресейдегі бидайдың әр тоннасы 90 мың теңгенің төңірегінде. Ақмолалық диқандар бидайдың тоннасын 100 мың теңгеге сата алмай отыр. Айтуларына қарағанда, алушы жоқ. Есесіне ресейлік астық заңды-заңсыз жолдармен Орталық Азия нарығын жауып тастады. Қырсығы біздің диқандарға тиюі әбден мүмкін.

–Егер біз бұдан арзанға сататын болсақ, шығынға белшемізден батамыз, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруа қожалығының өкілі Құлан Болатов, – өйткені, біздің бидайдың өзіндік құны осы шамада. Егер бұдан арзандап кетсе, жұмсаған шығынымыздың көлемін толтыра алмауымыз да мүмкін.

Бұл мәселе ауыл шаруашылығы саласына өте қауіпті. Оның үстіне астықты қоймаларда сақтаудың өзі қаншама шығын. Әлемдегі ахуалға көз жүгіртсек, былтыр Иранда да астық мол шыққан. 4,9 миллион гектар жерден 13 миллион тонна бидай жинапты. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 45 пайызға жоғары. 2022 жылдың өзінде Ресей Иранға 1,8 миллион тонна бидай сатқан көрінеді.

Ресей бидайының бағасы неліктен арзан? Біріншіден, өнімнің мол шыққандығы. Өткен жылы жалпы құны 260 миллиард рубльге бағаланатын ондаған миллион тоннаны қамбасына құйып алды. Жарым-жартысы әлі сатылған жоқ. Енді бекерге шығынға ұшырамау үшін арзанға өткізуге тырысуда. Міне, осындай астық нарығындағы ахуал ақмолалық диқандардың да қабырғасына батып тұр. Бидайдың өтпеуі көктемгі дала жұмыстары қарсаңындағы қаражаттың тапшылығын тудырады.

Ендігі бір мәселе, соңғы кезде диқандардың бас ауруына айналған ақбөкендер хақында. Өңірдің Атбасар, Астрахан, Егіндікөл, Жақсы, Жарқайың және Қорғалжын аудандарының ауыл шаруашылығы құрылымдары өткен жылы зар қақсаған. Олардың айтуларына қарағанда, егістік алқапқа миллиондаған қаражат салынуда. Оның басым бөлігі қарызға алынады. Енді келіп ойламаған жерден ақбөкеннің тұяғымен бірге қауіп ілесуде. Егістік алқаптарын қорғау үшін ауыл шаруашылығы құрылымдары дән көктесімен үзбей кезекшілік ұйымдастыруға мәжбүр. Бұл шаруа да қосымша қаражатты қажет етеді.

Миллиондаған гектар алқапты қас қақпай күзетіп тұру үшін қаншама техника, жанар-жағар май, адам қажет. Қазір мамандардың айтуларына қарағанда, ақбөкеннен келер зиян қара шегірткенің шапқыншылығынан кем түсер емес. Және бір айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы құрылымдары егістік алқаптарын Қызыл кітапқа енген, қасиетті саналатын ақбөкендерден сақтандыра алмайды екен. Себебі, сақтандырудың мұндай түрі жоқ. Тығырықтан шығар жол да айтылуда. Мәселен, жануарлардың ғасырлар бойы қалыптасқан бағытын нақты анықтап, қорықшыларды қаржыландыру. Ақбөкендерден келген залалды бағалау үшін құзыретті мемлекеттік органдар мен тәуелсіз сарапшылар қатарынан арнайы комиссия құру. Ақбөкеннің табанында тапталған егістік алқаптарға келген шығынды өтеу үшін республикалық бюджеттен қаражат қарастыру.

Міне, осындай басты-басты мәселелер алға ұмтылған диқанның адымына тұсау салуда. Бұған өңірде механизатордың, токарьдің, өзге де мамандардың қасқалдақтың қанындай болып тұрғанын ескерсеңіз, ырыздықты молайтып, дән егудің өзі қиын шаруаға айналып бара жатқандығын аңғарар едіңіз.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар