Таяуда Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінде Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына орай, техникалық және кәсіптік білім беретін колледж студенттері арасында облыстық пікірсайыс турнирі болып өтті. Іс-шараның ашылу салтанатына Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин қатысып, пікірсайысшыларға сәттілік тіледі. Жиынға колледж студенттері, зиялы қауым, өңіріміздің бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.
− Бүгінгі ұйымдастырылып отырған тіл сайысы бұл біздің қазақ халқында ертеден келе жатқан өнер. Мұны еңсеру, әрі қарай жалғастыру, қалыптастыру біз үшін үлкен міндет. Өйткені, елді алға бағыттайтын, елді дамытатын тек жастар. Мемлекетіміздің болашағы болашақ ұрпағымыздың қолында,− деді Алмас Алин.
Сонымен қатар, жиын барысында Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығының жастармен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Әсия Закенай да сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.
− Орта арнаулы оқу орындарында білім алушы жастардың жан-жақты дамуында, олардың азаматтық белсенділігі мен интеллектуалды ізденісін, қоғамда дұрыс саяси бағдарларын қалыптастыруда пікірсайыс додаларының орны ерекше. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінің тарапынан да пікірсайыс ойындарын жаңғырту, дамыту ісіне көп көңіл бөлінуде. Бүгінгі турнир өте қызу түрде өтіп, қатысушылардың шабыттары оянып, жеңіске жетем деген ынталары байқалып, ойларын еркін жеткізуге деген мүмкіншіліктері пайда болды. Алдағы уақытта да әлі талай шараларды бірлесе өткізетінімізге кәміл сенемін,−деді ол.
Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған аталмыш іс-шара қоғамда орын алған өзекті проблемалық жағдайларды талдау және жария талқылау, өңір жастарының әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру, нақты мәселелерді шешу жолдары мен тетіктерін қалыптастыру мақсатында өтті.
Турнирге екі адамнан құралған командалар американдық парламенттік формат бойынша мемлекеттік және орыс тілінде өз пікірлерін ортаға салып, өзара бақ сынасты. Сөз додасы екі кезеңнен тұрды. Оның қорытындысы бойынша қазақ лигасында жеңімпаз атанған Ж. Мусин атындағы қазақ жоғары педагогикалық колледжінің «Ғасыр перзенттері» командасы бірінші орынды иеленді. Ал, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің «Құлагер» командасы жүлделі екінші орынды қанжығасына салды. Шағалалы ауылындағы Агротехникалық колледжінің «Зияткер» командасына қола жүлде бұйырды. Орыс лигасында Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінен «Лидер» құрамасы жеңіске жетті. Екінші орынды Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанындағы көпсалалы колледжі «Шокановцы» құрамасы иеленді. Үшінші орынды Шучинск қаласының педагогикалық колледжінен қатысқан «Алаш Прайд» командасы алды.
Шара соңында жеңімпаздар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталып, сертификаттар табыс етілді.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.