Банкроттық туралы қалай өтініш беруге болады

  Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Көкшетау қаласындағы  өңірлік өкілдігі басқармасының басшысы Гүлнәр Омарова жеке тұлғалардың банкроттығы жөнінде кеңінен баяндап берді.

Өткен жылы 3 наурызда Президент 2022 жылғы 30 желтоқсанда қол қойған «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы өз күшіне енді. Осыған байланысты, заңның бірінші рәсіміне сәйкес соттан тыс банкроттық шеңберінде азаматтар банктерге, микроқаржы ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге қатысты қарыздарын есептен шығару жөнінде өтініш бере алады.

−Мұндай рәсімді қолында мүлкі жоқ адамдар пайдалана алатыны және олардың жиынтық несиелік міндеттемелері 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспау керектігі жөнінде айта кеткен жөн. Сондай-ақ, қатарынан 12 ай өз міндеттемелерін өтемеу басты міндеттің бірі болып табылады. Екінші рәсім 1600 айлық есептік көрсеткіштің шеткі мәннен асатын сомаға міндеттемелері бар барлық борышкерлер кіреді.  Бұл өлшемге сәйкес келетін азаматтар тіркелген жері бойынша сотқа банкроттыққа өтініш бере алады. Үшінші рәсім «төлем қабілеттілігін қалпына келтіру» деп аталады. Одан өткен борышкер банкрот деп саналмайды. Бұл ретте мұндай рәсімді жиынтық міндеттемелері олардың мүліктерінің құнының мөлшерінен аспайтын азаматтар пайдалана алады,−деп баяндады Гүлнәр Омарова.

Сонымен қатар, қарыз алушы жеке тұлғаның банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдындағы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын болса, онда ол соттан банкроттық рәсімін қарастыра алады. Алайда, бұл қызметтің өзінің талаптары бар.

−Ең бастысы, қарыз алушының атына тіркелген ортақ меншіктегі мүлік болмауы тиіс. Өтініш берілген күні қатарынан 12 ай ішінде ол кредиторлардың, коллекторлардың алдында өз міндеттемелері бойынша төлем жасамай, жеті жыл бойы банкроттықты қолданбауы керек. Соттан тыс банкроттыққа өтініш берілген күні 5 жылдан астам уақыт бойы өз берешегін өтемеген қарыз алушы жеке тұлғалар жүгіне алады, −деп толықтырды спикер.

Сондай-ақ, Гүлнәр Омарова өтінішті қалай беру керектігі жөнінде айтып өтті. Оның айтуынша id.mkb.kz сайты арқылы дербес кредиттік есеп алу қажет. Онда ең аз мерзімі өткен күндерді көрсетумен қатар, ағымдағы міндеттемелердің сомасы көрсетіледі.

−Бұл қызмет тегін ұсынылады және оны кез-келген электрондық оның ішінде мобильді құрылғылар арқылы алуға болады. Өтінішке кредитормен қарызды реттеу туралы құжатты қоса беру керек.  Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішті eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы жіберген жөн. Өтінішті қарау нәтижесін www.egov.kz сайтындағы жеке кабинеттен, ол берілген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде алуға мүмкіндік бар, −деп түйіндеді өз сөзін спикер.

Сот арқылы банкроттық рәсімінде азаматтар 1600 айлық есептік көрсеткіштен асатын және кредиторлар алдындағы борыштардың барлық түрлері бойынша қолдана алады. Оның барысында борышкердің мүлкі сауда-саттық кезінде сатылады. Алайда, бұл жерде ескеретін тұстар да бар. Кредитор сот арқылы банкроттық барысында борышкердің жалғыз баспанасын тек ол кепіл нысанасы болған жағдайда ғана алып қоюға құқылы. Ал, қалған өтелмеген соманы борышкердің жосықсыздығы белгілері болмаған жағдайда есептен шығаруға болады. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тұрақты кірісі бар азаматтар қолданады. Ол борышты 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін сот арқылы алуды көздейді. Аталмыш рәсімнің басымдылығы борышкерге «банкрот» деген мәртебе берілмейтіндігінде және  қарыз алушының шетелге шығу түрінде шектеуі жоқ.

Жалпы, егер қарыз алушы кредитормен қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша келісімге келмеген жағдайда, ол Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Бұл ретте, қарыз алушы міндетті түрде  өзінің банкке немесе микроқаржылық ұйымдарға өтініш бергенін және өзара тиімді шешімге қол жеткізе алмағандығын растауы қажет.  Берешекті реттеудің бірыңғай тәртібі туралы толығырақ 1459 нөмірі бойынша call-орталық не «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы агенттікке жүгіне отырып ақпарат алуға болады.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар