Қауіпті кезеңге қапысыз дайындық

 Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Думан Дәлешов және өңірлік орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Арман Тұрымбаев өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық барысы жөнінде брифинг өткізді.

Облыстың орман қоры 1,1 миллион гектар алқапты құрайды.  405,1 мың гектар жер өңірлік табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының иелігінде.  Оған қоса облыстың 6 ауданының және 2 қаласының әкімшілік аумақтарында орналасқан 13 орман шаруашылығы мекемесі  бар. Қазіргі уақытта мемлекеттік орман күзетінің штат саны шамамен 500 адамды құрайды.

−Облыс әкімдігінің ағымдағы жылғы 4 сәуірдегі «Ақмола облысының мемлекеттік орман қоры аумағында осы жылға арналған орман өрттерінің алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар туралы» қаулысын орындау мақсатында орман шаруашылығының барлық мекемелері өрт қауіпі жоғары кезеңге барлық техниканы, байланыс құрылғыларын жөндеуден өткізді. Төтенше жағдай департаменті мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы облыстың өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметімен бірлесіп, іс-қимыл жоспарын бекітті. Орман шаруашылығы мекемелерінде өрттің алдын алу жұмыстары жүргізілуде.  Өртке қарсы тақырыпта 298 аншлаг, 8970 парақша, ауыл шаруашылығы құрылымдарына 277 ұйғарым таратылып, 383 дәріс өткізілді, бұқаралық ақпарат құралдарында 114 мақала жарияланды,−деді Думан Дәлешов.

Өткен жылы материалдық-техникалық базаны жарақтандыру үшін жергілікті бюджет есебінен жалпы сомасы 300 миллион теңгеге 22 техника сатып алынды. Өрт қаупі жоғары маусымға орман шаруашылығы мекемелерінде 130 тонна жанар-жағар май қоры дайындалды. Ақылы қызметтерді көрсетуден түскен қаражат есебінен азық-түлік қоры толықтырылды.

− Қазіргі күні 27 өрт-бақылау мұнарасы мен 26 өрт-бақылау пункті бар. Кіші Түкті орман шаруашылығы мекемесіне өрт-бақылау мұнарасын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Оның құрылысы ағымдағы жылы басталмақ, −деп түйіндеді өз сөзін Арман Тұрымбаев.

Брифинг соңында спикерлер тұрғындарға орманда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салып, қауіпсіздік шараларын естен шығармауды өтінді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар