Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қорғалжын ауданы дамып келеді - АРҚА АЖАРЫ

Қорғалжын ауданы дамып келеді

Әкім: халық алдында жауаптымын!

Қазақстан Республикасының Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев орталық атқарушы органдар басшылары мен әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізудің жаңа тәртібін бекіткен болатын. Сол тәртіп бойынша  барлық деңгейдегі әкімдер  халыққа есеп беру кездесулері барысында елде іске асырылып жатқан реформалар, өңірді одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, проблемалық мәселелер және оларды шешу бойынша жоспарлар туралы хабардар етіп,  есеп беру кездесуін өткізерден бір күн бұрын және одан кейін азаматтарды жеке қабылдаулары керек.

 Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың Қорғалжын ауданында есеп беру кездесуін өткізіп, өңірге осы шара аясындағы жұмыс сапарын Жантеке ауылынан бастады.  Облыс әкімі алдымен мешітке соғып, ауыл ақсақалдарымен кездесті.

Қорғалжын ауданының Қарашалғын ауылдық округіне қарасты Жантеке ауылы Астана қаласынан 100 шақырым жерде орналасқан. Өткен жылдың аяғында ел халқы облыс әкіміне ауыл көшелерін жарықтандыру мәселесін айтып, өз өтініштерін білдірген болатын. Ағымдағы жылы өңір басшысының тапсырмасымен бұл мәселе оңтайлы шешіліп, бірқатар жұмыстар қолға алынған.

Биыл Жантеке ауылында жарықтандыру желілерін салуға 19 миллион 683 мың теңге бөлінсе,  осындағы Ж.Жабаев, Ж.Шаяхметов, К.Күмісбеков, С.Сейфуллин көшелеріне жөндеу жұмыстарын  жүргізу үшін облыстық бюджеттен 111 миллион 295 мың теңге қарастырылған.

Жалпы, Жантеке ауылы іргесі сөгілмеген, ынтымағы жарасқан, салт-дәстүрді берік ұстанған берекелі ауыл. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, ел азаматтары жергілікті тұрғындарға қолдау көрсетуде. Бір ғана мысал, ауылдағы «Ақжол-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Жеңіс Жарылқасымовтың қолдауымен ауылда жаңа футбол алаңы мен ойын алаңы орнатылған.

Бұл мақсатқа 12 миллион теңге қаражат жұмсалған екен. Біз ауылға барған күні ауа  райы да тамылжып,  елдегі бар бала сол футбол алаңында доп қуалап, мәре-сәре болып жатқан сәтіне тап болдық. Ауыл балаларының тәрбиесі де керемет емес пе?! Бірінен соң бірі ақжарма көңілмен амандасып, жатырқамай үлкендерге ізет танытып жатты.

– Бұл ауыл балаларына бұқаралық спортты насихаттап, оларды салауатты өмірге бейімдеу мақсатында жасалған игі қадам болатын. Алдағы уақытта біздің Жантеке ауылынан әлі талай белгілі спортшылар шығады деп ойлаймын. Қазіргі таңда ауыл балалары «Жігер» спартакиадасына қызу дайындалып жатыр, – деді ол.

Бұдан кейін өңір басшысы серіктестік жұмысымен жақынырақ танысты. «Ақжол-2030» 1999 жылы құрылған. Алғашқы кезде мал шаруашылығымен айналысып, кейінгі жылдары егін өсіруді қолға алған. Жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылуда. Серіктестіктің 2000 тоннаға шақталған жеке астық қоймасы да бар.

Өңір басшысы серіктестік жұмысына оң баға беріп, бұдан кейін Абай ауылына жол тартты. Мұнда жаңадан ашылған «FISH PRODUCTS KZ» серіктестігінің жұмысымен танысты.

Балық өнімдерінен жартылай фабрикаттарды өңдеп, өндіретін  серіктестік өз қаражаты есебінен балық өңдеу цехын салыпты. Электр желілерін салу және өткізу, сумен жабдықтау мен кәріз желілері де тартылып, барлық қажетті жағдайлар жасалған. Жеке инвестициялар көлемі 20 миллион теңгені құрап отыр.

– Біздің цехта мұздатылған жартылай фабрикаттар, ысталған, басқа да балық өнімдері шығарылады. Дайын өнім бірінші кезекте ауданымыздың дүкендерінде, одан кейін облыс бойынша және Астана қаласындағы сауда орындарында сатылады, – дейді серіктестік директоры Азамат Темірбеков.

Өңір басшысы серіктестік жұмысымен танысқаннан кейін, Қорғалжын ауылындағы «Балауса» балабақшасына барды.  1992 жылы пайдалануға берілген мектепке дейінгі білім беру мекемесі 140 балаға лайықталып салынған. Мұнда ойын залы, ас үй, медициналық кабинет, балалардың дамуына қажетті жабдықтардың барлығы бар. 2020 жылы ғимаратқа ағымдағы жөндеу жүргізуге облыстық бюджеттен 17 миллион 808 мың теңге бөлініпті. Балабақша меңгерушісі Заря Қайратқызының айтуынша, алдағы уақытта бақшада санаторлық топ ашу жоспарда бар.

Облыс әкімі Қорғалжын ауылының мәдениет үйінде аудан тұрғындарының алдында есептік кездесу өткізді. Жиын барысында алдымен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып өтіп, алдағы міндеттерді ортаға салды.  Өз сөзін:

– Жалпы, соңғы үш жылдың барысында ел өңірлері арасында Ақмола облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі индикаторларын орындау бойынша алдыңғы қатардың біріндеміз. Осының барлығы біздің бір мақсат, бір мүдде жолында аянбай еңбек еткеніміздің нәтижесі.

Ауыл шаруашылығы тиісті мемлекеттік қолдаудың арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігіне ие болып,  өткен жылы 122 миллиард теңгені құрап отыр. Облыстың шамамен 2 мың ауыл шаруашылығы  тауар өндірушілері 55 миллиард теңгеге субсидиямен, қайтарылмайтын қаражатпен қамтылды.

Бұл дегеніңіз, ауыл жұмыскерлері үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалғандығының бір мысалы. Қазіргі таңда көктемгі дала жұмыстарын сапалы өткізуге жақсылап дайындалу біз үшін бірінші кезекте тұрған міндеттердің бірі, – деп бастаған облыс әкімі әрі қарай өңірімізде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды саралап берді.  Өткен жылғы көрсеткіштерге ден қоятын болсақ, инвестициялардың негізгі капиталы 567 миллиард теңгені құрап отыр.

Бұрнағы жылдармен салыстырғанда өсім 2 есе. Осы орайда, барлық инвестицияның 80 пайызы жеке инвестициялар екендігін атап өтуіміз керек. Олардың құрамында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жылжымайтын мүлік, көлік, ​ тағы басқа маңызды басымдықтар бар. ​ Жалпы, 2022 жылы 3,5 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 231 миллиард теңгеге ​163 жоба жүзеге асырылды.

– Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін халықты сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету бойынша ​ ​ нақты міндеттер белгіледі. Қазіргі уақытта Ақмола облысының қалалары ауыз сумен жабдықтау қызметтерімен 95,2 пайызға, ауылдық елді мекендердің тұрғындары 89,3 пайызға қамтамасыз етіліп отыр. Облыс халқын ауыз сумен қамтамасыз ету  мақсатында 177 ауылда нақты жұмыстар жүргізіледі деп жоспарлануда. Тек биылдың өзінде облыстың барлық өңірлерінде сумен жабдықтау бойынша, 48 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Сонымен қатар, облыс әкімі өз баяндамасында  халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқандығын баса айтты.  Сондай-ақ, өңіріміздің өркендеуі жолында атқарылып жатқан өзге ауқымды істерді де тілге тиек етті.  Біздің өңірдің даму жолында қай саланы алып қарасаңыз да, алға ілгерушілік байқалады.

Осы және басқа да нәтижелі жұмыстарға тоқталған өңір басшысы Қорғалжын ауданында атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын бірқадау істерге де тоқталып өтті. Жалпы ауданда жолдарды жөндеу, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша көңіл бөлінуде. Ауданның инфрақұрылымын дамыту үшін соңғы үш жылда 3,5 миллиард теңге қаражат қарастырылған.

Оның ішінде Қорғалжын ауылының 12 көшесі, жалпы ұзындығы 18 шақырым жол жөнделеді деп жоспарланған. Сабынды ауылының 7 көшесі де жөнделмекші. Жалпы ағымдағы жылы аудан жолдарын жақсарту мақсатына 1,6 миллиард теңге қаржы бөлінген. Ауданда ауыл шаруашылығы саласы өркендеп келеді. Өткен жылы ауданда бес мал фермасы ашылыпты.  Ағымдағы жылы тағы үш мал фермасы ашылады деп жоспарланып отыр.  Сонымен қатар, биыл 630 миллион теңгеге  үш инвестициялық жоба жүзеге асырылмақшы.

Бұл жобалар сәтті жүзеге асырылса, отызға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Ауқымды жобалардың бірі етті мал шаруашылығы болса, екіншісі сүт өңдеу бойынша, ал, үшіншісі суару жобасы екен. Ауданда тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі де басты назарда.  2020-2021 жылдары 8,5 шақырым магистральдық су құбыры желілері ауыстырылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен сумен жабдықтау желілеріне 200 миллион теңге бөлінді. Ал, 2023 жылы Жұмай, Үшсарт, Ұялы және Садырбай ауылдарындағы су тазарту станцияларын жөндеуге 27,5 миллион теңге бөлініп отыр.

Жиын соңында дәрігерлер тапшылығы, мал жайылымының тарлығы, ауыз судың сапасыздығы, кейбір ауылдардағы серіктестік басшыларының халықтың жағдайына селқостығы, тағы басқа әлеуметтік мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, тұрғындар өтініштеріне әкім  нақты жауаптар берді. Есептік кездесу соңында облыс әкімі аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың мұң-мұқтажы мен талап-тілектеріне назар аударды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

    Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар