Заңсыз сақталған қаруды тапсырғандар жауапкершіліктен босатылады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде  өткен брифингте әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары  Азамат Байғазин және осы басқарманың бөлім басшысы Арман Нұрсейітов пен инспекторы Олег Шапилов халықтан тіркелмеген қаруды сатып алу, оның тәртібі мен мән-маңызы туралы баяндады.

Ақмола облысының полиция департаменті өңірде тұрғындардан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акция жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Бүгінгі таңда, заңсыз сақталған қаруды, жарылғыш заттарды, оқ-дәрілерді тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

− Сондай-ақ, 1 және 100 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе 3 450 теңгеден 345 мың теңгеге дейін ақшалай сыйақы белгіленді. Бұл – қарудың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың техникалық жағдайына байланысты болып келеді. Талдау көрсеткеніндей, қылмыстар мен суицидтердің көпшілігі ішкі істер органдарында тіркелмеген атыс қаруын қолдану арқылы жасалады.

Бұл жоғары қауіптің көзі және ауыр салдарға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, егер сізде немесе туыстарыңызда заңсыз сақталған қару болса, оны ішкі істер органдарына тапсыру арқылы дұрыс шешім қабылдауларыңызды өтінемін. Өйткені, ол кез-келген уақытта әр үйге, отбасына қайғы әкелуі мүмкін.

Заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды тапсыруға ниетті азаматтар полиция бөліміне жазбаша өтінішпен жүгінуі немесе тұрғылықты жері бойынша кез-келген учаскелік полиция қызметкеріне хабарласуы қажет. Ол үшін тек өтініш, куәліктің көшірмесі және сіздің банктегі есеп шотыңыздың көшірмесі қоса берілсе болды,−деді Азамат Байғазин. Атап айтқанда, өтініште жазылған деректерде азаматтар тапсырылатын қару-жарақ, жарылғыш заттардың атауын, маркасын, калибрін, нөмірін және оқ-дәрілердің санын көрсетуі керек.

Бірінші санаттағы қаруға пайдалануда болмаған не жарамды, тауарлық түрін жоғалтпаған қару, екінші санаттағы қаруға пайдаланылуына кедергі келтірмейтін бөлшектердің шамалы коррозиясын қоса алғанда, жекелеген техникалық ақаулары немесе ақаулары бар қару кіреді. Сондай-ақ, негізгі бөлшектерді ауыстырмай немесе қалпына келтірмей немесе тазалау немесе майлау арқылы жөндеуге болатын қару да екінші санатқа жатады.  Ал, үшінші санаттағылар техникалық немесе экономикалық себептер бойынша жөндеу, қалпына келтіру, техникалық ақаулардың болуы салдарынан одан әрі пайдалануға жарамсыз немесе пайдалануға қауіпті қарулардан тұрады.

− Бұл акция Қазақстан аумағында 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазірдің өзінде тұрғындардан 133,4 миллион теңгеге 2 миллион қару сатып алынды. Қаруды тексеруді ішкі істер органдары, яғни, учаскелік инспекторлар мен қару айналымын бақылау жөніндегі инспекторлар жүзеге асырады, − деді Олег Шапилов.Осы орайда, қару сақтау ережелерін бұзған азаматтарға Әкімшілік кодекстің 484-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделетінін және 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын да айта кеткіміз келеді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар