Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен жаңа тәсілдер әзірленіп, мемлекеттік қызмет туралы заңға бірқатар өзгерістер енгізілді.
Біріншіден, жоғары оқу орындарын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, белгіленген мәннен төмен емес оқу нәтижесімен бітірген адамдар оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен аудандық, ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға орналаса алады. Бұл мемлекеттік қызметке білікті жастарды тарту, жас мамандарды ауылдық жерлерге қайтып оралуына ынталандыру және аймақтардағы кадр тапшылығын азайтумен қоса мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.
Екіншіден, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылды.
Үшіншіден, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның келісімі бойыншаконкурссыз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріледі. Бұл бірінші басшылардың тағайындау кезіндегі жауапкершілігін күшейтеді.
Төртіншіден, Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын мемлекеттік қызметшілердің қызметіне бағалау жүргізу тәртібі мен мерзімдеріне сәйкес «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі қанағаттанарлықсыз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, ал төменгі бос лауазым болмағанда – қызметтен шығарылады. Бұл мемлекеттік аппаратты тиімсіз қызметшілерден босатуға ықпалын тигізіп, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді.
Мемлекеттік қызметке кіру тәртібін одан әрі жеңілдету әрі цифрландыру мақсатында мемлекеттік қызметке онлайн режимде іріктеу ағымдағы жылдың 1 наурызында бастап пилоттық сынақтан өтуде. Оған Ақмола облысының, Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдары, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі енді.
Іріктеудің бұл форматы мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинаудан босатып отыр. Яғни үміткер туралы ақпаратты өзге ақпараттық жүйелерден алу, біліктілік талаптарына сай келуін қарау – мұның бәрі автоматты түрде жүйеде қалыптасатын болады.
Толығырақ тоқталатын болсақ, мемлекеттік қызметке түскісі келетін кандидаттар «Е-қызмет» интернет-порталында электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы тіркеледі. Өтінім беру кезінде кандидат пилоттық іріктеу тәртібімен танысып, орнатылған талаптарды сақтауға міндеттенеді және жеке мәліметтерін пайдалануға келісімін береді. Тіркелгеннен соң кандидаттың электрондық жеке ісі автоматты түрде толтырылады. Бұл жерде барлық мәліметтер басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Кандидат жеке іске жинақталған мәліметтердің дұрыстығын тексереді, әрбір еңбек жазбасы бойынша функционалдық бағыттарды енгізеді және қажет болған жағдайда жеке іске қосымша мәліметтер енгізе алады.
Содан кейін кандидат осы порталдағы өзінің жеке кабинетінде Қазақстан Республикасының заңнамасын және мемлекеттік тілді білуіне тестілеуден өту үшін бір күнтізбелік күн бұрын өтінім қалдырады. Тестілеу күні мен уақытын өзі таңдайды. Қазақстан Республикасы заңнамасын білуіне тестілеу 4 заңды қамтитын 1 бағдарламадан тұрады, олар: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы заңы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңы, Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі. Тестілеу нәтижесі бойынша тиісті балл жинаған жағдайда нәтиженің жарамдылық мерзімі 1 жылды құрайды.
Аталған тестілеуден оң нәтижемен өткен соң кандидат сол порталда бос лауазымдарды иеленуге жарияланған конкурстар тізімімен таныса алады. Таңдаған конкурстарға сол жерде өтінім жіберіп, іріктеуге қатысады.
Іріктеуге қатысуға өтініш берген кезде кандидатқа жүйемен оған жеке идентификациялық номер беріледі. Бұл кандидат туралы жеке мәліметтердің көрсетілмеуін қамтамасыз етеді.
Әрі қарай конкурс талаптарына сәйкес кандидат жеке қасиеттерін бағалау бойынша тестілеуден, сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға арналған тестілеуден, басшылық лауазым болған жағдайда эссе жазудан және әңгімелесуден өтеді.
Конкурстық рәсімнің бұл форматы үміткерлерге әлемнің кез келген бұрышынан конкурстың барлық кезеңдеріне қатысу мүмкіндігін беріп отыр.
Сондай-ақ, іріктеу кезеңдерінің толық цифрландырылуы, адами фактордың мейлінше азайтылуы мемлекеттік қызметке кірудің ашықтығын арттыра түседі.
Думан Әбілев,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы.