Студент жастардың фестивалі басталды

Өңірде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі жоспары аясында талантты жастарға арналған жыл сайынғы «Студенттік көктем-2023» облыстық фестивалінің ашылу салтанаты өтті.  

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының  «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен бұл шараға зиялы қауым, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.

Жастардың шығармашылық қызметін арттыру үшін жағдай жасау, олардың адамгершілік және мәдени әлеуетін сақтау және көбейту, студенттерді эстетикалық тәрбиелеу жүйесін жетілдіру және жастардың белсенді азаматтық ұстанымын, әлеуметтік жауапкершілігін, патриоттық сезімін оятуда мұндай іс-шаралар жиі өткізіледі. Аталмыш іс-шараның конкурстық бағдарламасы театрлық зияткерлік, ақпараттық-технологиялық және вокалдық бағыттарды қамтиды. Фестиваль  «Cover нұсқа», «Тапқырлар алаңы», «STUD KOKTEM» аруы және «Үздік мобилограф» сияқты номинациялардан құралады. Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев іс-шараның салтанатты ашылуына орай, құттықтау сөзін айтып, жастарға жылы лебізін білдірді.

–Көктемгі мереке осындай шараға қатысып жатқаныма қуаныштымын. «Студенттік көктем-2023» талантты жастар фестивалі бірнеше жылдан бері өткізілуде. Оған біздің көптеген дарынды да талантты балаларымыз құлшына қатысады. Биылғы жылы ол 4 номинация бойынша өтеді. Біз осыны жастар арасында сауалнама өткізіп, осы төрт бағытты таңдадық. Облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған аталмыш іс-шараның жақсы өтетініне сенімдімін. Бүгінгі таңда біздің облысымызда мемлекетімізде болсын   жастар саясатына  әрдайым қолдау көрсетіледі. «Жастар саясаты туралы» заңға өзгерістер енгізілді, сондай-ақ, 2023-2029 жылдарға арналған жастар саясаты тұжырымдамасы да бекітілді. Әрқашан біз жастар қоғамның қозғаушы күші деп айтамыз. Осыған орай, оларға деген сенім мен үміт күн сайын артуда. Жастарға тек сәттілік, биік белестерді бағындыруларыңызға тілектеспін,−деп түйіндеді өз сөзін Сабырхан Кенжебаев.

Конкурстық бағдарламаның әр номинациясы бойынша ұйымдастыру комитеті қазылар алқасын құраған. Оның құрамын ұйымдастыру комитетінің төрағасы бекіткен. Әрбір номинацияны «Үздік мобилограф» номинациясының қатысушылары бейнежазбаларға түсіріп, фестиваль соңында «Үздік мобилограф» номинациясы бойынша үздік мобилографтарды анықтайтын болады. Фестиваль лауреаттары дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады. «Студенттік көктем-2023» фестивалі 21 сәуірге дейін созылады.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар