Мүмкіндігі шектеулі адамдардың жүріп-тұруында кедергі болмауы тиіс

Қазіргі заманда мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалардың қоғамда шеттетілмеуі, басқа азаматтармен тең дәрежеде өмір сүруі, олардың әлеуметтік, экономикалық, құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Қоғам олардың тәуелсіз өмір сүруі үшін тұрғын үй және қоғамдық ғимараттарға, көлік және коммуникация құралдарына, еңбек етіп, білім алуға, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу еркіндігі мен таңдауды қамтамасыз етуі тиіс. Әлеуметтік саясат мемлекет және қоғамның даму факторы болып табылады.

Мемлекет басшысы елімізде тұрақтылық орта қалыптастыру бойынша нақты міндеттер қойды. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті, Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асыру мақсатында мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды әлеуметтік қорғау саласында бірқатар жұмыстарды бірігіп атқаруда.

Оның бірі кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ, заңды тұлғалардың мүмкіндігі шектеулі жандардың объектілерге кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасауы бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру болып табылады.

Мысалы 2022 жылы департамент тарапынан осы мақсатта 90 тексеріс жүргізілді, оның ішінде профилактикалық бақылау 45, жоспардан тыс бақылау 45 тексерісте қамтылды.

Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 45 нұсқама, 4 қорытынды, 41 акт берілді. 5 651 235 теңге көлемінде 19 әкімшілік айыппұл салынды. Барлық айыппұлдар облыстық бюджет есебіне өндірілді.

2021 жылдан бастап AMANAT партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы шеңберінде Ақмола облысының 2025 жылға дейін қолжетімділік картасының барлық нысандарын кезең-кезеңімен бейімдеу қарастырылған. Ал, бұл тұтастай алғанда 1294 нысан.

Аталған бағытта Ақмола облысының қалалары мен аудандарында аумақтық мониторинг топтары құрылды. Осы мониторингтік бақылаумен 2021-2022 жылдары Ақмола облысы бойынша 517 нысан қамтылды. Мониторинг топтары қолжетімділікті қамтамасыз ету бөлігінде анықталған кемшіліктерді жою жөнінде меншік иелеріне ұсыныс хаттар жолдап, соның нәтижесінде бүгінгі таңда департамент жүргізген бақылау бойынша 423 нысан толығымен бейімделді.

Департамент кәсіпкерлік кодексінің талаптарын ескере отырып, мониторингтік топтардың ұсынымдары орындалмаған жағдайда, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзудың нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары негізінде жоспардан тыс тексерістер де жүргізеді. Егер көрсетілген фактілер нақтыланса, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 83-бабына сәйкес лауазымды тұлғалар – 50 АЕК (172 500 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар 120 АЕК (414 000 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілер 200 АЕК (690 000 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілері 400 АЕК (1 380 000 теңге) мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік институттардың даму тенденциясы күшейтіліп, мемлекеттік саясаттың қалыптаса түсуі арқасында әлеуметтік қорғау саласындағы инфрақұрылымның қолжетімділігін жете қамтамасыз етудеміз.

Сонымен қатар, нысандарда мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділіктің жоқтығы немесе оның толықтай сақталмауы фактісі анықталған жағдайда, дәлелді негіздерді ұсына отырып, Көкшетау қаласы, А.Пушкин көшесі, 23 үй, 2-қабат, 207-бөлме мекенжайы бойынша немесе 8 (7162) 25-09-87 байланыс телефоны арқылы хабарласуға, сөйтіп, өтініш беруге болады. Ол өтініш тиісті заңда қарастырылған белгіленген тәртіп бойынша қаралады.

         Сералы ТӘЖІХАНОВ,
Қазақстан Республикасы Еңбек және
әлеуметтік қорғау комитетінің Ақмола облысы
бойынша департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар