Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерейментаулықтар өз мұқтаждарын ортаға салды - АРҚА АЖАРЫ

Ерейментаулықтар өз мұқтаждарын ортаға салды

Қазақстан Республикасының Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев орталық атқарушы органдар басшылары мен әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізудің жаңа тәртібін бекіткен болатын. Сол тәртіп бойынша  барлық деңгейдегі әкімдер  халыққа есеп беру кездесулері барысында елде іске асырылып жатқан реформалар, өңірді одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, проблемалық мәселелер және оларды шешу бойынша жоспарлар туралы хабардар етіп,  есеп беру кездесуін өткізерден бір күн бұрын және одан кейін азаматтарды жеке қабылдаулары керек.

  Ақмола облысының әкімі Ермек МАРЖЫҚПАЕВ Ерейментау мен Шортанды аудандарында болып, осы өңірлердің халқымен есеп беру кездесулерін өткізді. Кездесулер барысында аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму барысы сөз болып, өзекті мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді.

ЕРЕЙМЕНТАУ.  Облыс әкімі осы аудандағы  жұмыс сапары барысында  алдымен, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық нысандарды аралап, олардың тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысты. Алғашқы барған нысанның бірі Торғай ауылында орналасқан «Сыроделкино» деп аталатын отбасылық ірімшік шығаратын өндіріс орны. 2017 жылы негізін қалаған өндірісте  айына 10 тонна жергілікті сүт қайта өңдеуден өтіп,  сол өнімнен йогурт, ірімшіктердің сан түрі шығарылады.  Өндірістің  жалпы құны 25 миллион теңге көлемінде. Жобаның жалпы қуаты айына 1000 келі ірімшік өндіріп шығаруға шақталған.  Мекеменің басшысы Александр Шевченко әуелде Астана қаласында тұрған екен. Кейін Елордадағы пәтерін сатып, ауылға қоныс аударыпты. Ауылда өзінің сүйікті ісімен айналысып, қазіргі таңда жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Облыс әкімі өндіріс орнын аралап көріп, жеке кәсіпкердің бастамасына оң баға берді.

– Бүгінде талғамы жоғары тұтынушылардың талабын орындау оңай емес. Бұл іс үнемі тынымсыз ізденісті, іскер ұйымдастырушылықты, озық технологияларды қолдануды талап етеді.  Өзіміздің өнім өзгеден артық болмаса, кем түспейтіні анық. Біз қашанда жергілікті өнім шығаратын кәсіпкерлерді қолдауға дайынбыз, – деді ол.  Расында да, өндірістегі ірімшік өнімдері өзіндік жасалу технологияларымен, табиғи құнарлығымен ерекшеленеді.

Бұдан кейін облыс әкімі ауылдағы мектепке ат басын бұрып, ұжыммен кездесті. Ауылдағы білім ошағы 310 оқушыға лайықталып, 58 жыл бұрын салынған. Қазіргі таңда оған күрделі жөндеу қажет. Мектеп директорының айтуынша, ауылға көшіп келіп жатқан тұрғындар қатары жыл сайын артып келеді. Сәйкесінше, мектепте оқитын балалар саны да арта түскен. Аралас мектепте қазіргі таңда 264 оқушы оқиды. Екі жылға жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстары мердігер компания «ГрадСтройСервис» серіктестігіне сеніп тапсырылған. Білім ошағын аралап шыққан облыс әкімі жоспарланған қаражаттың тиісті мерзімде игерілуін, мердігер компанияның өз ісіне аса жауапкершілікпен қарау керектігін баса айтты. Сонымен қатар, алдағы уақытта жаңа жиһаз сатып алу мәселесін де қарастыру керектігін тапсырды.

Жалпы, Ерейментау өңірі төрт түлікті түлетуге өте қолайлы. Бүгінгі таңда бұл жерде мемлекеттік қолдаудың арқасында мал саны біртіндеп көбейіп келеді. Мәселен, ауылдағы «Торғай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне  2011 жылы Американың Монтата штатынан «Абердин Ангус» асыл тұқымды 247 бас қара  мал әкелінген екен.   Серіктестік директоры Валерий Кармелюктің айтуынша, олар басында асыл тұқымды емес мал шаруашылығымен, сондай-ақ, өсімдік шаруашылығымен айналысқан. Кейіннен асыл тұқымды ферма құрып, шетелдік асыл тұқымды ірі қара мал өсіруді шештік дейді ол. Ет тұқымдары арасындағы сауалнама мен талдау нәтижесінде Ангус ет тұқымына тоқталса керек. Қазіргі таңда өз таңдауларында қателеспегендеріне көз жеткізіпті. Біріншіден, Ангустың генетикалық артықшылығы, ерте жетіледі екен, жаңа туған бұзау он айдан кейін 300 келіге дейін салмақ арттыра алады, бір жылдан кейін оның орташа салмағы 800 келіге дейін артады екен, сондай-ақ, олар климаттық жағдайларға жақсы бейімделеді.

Серіктестік жұмысымен танысқан өңір басшысы бұдан кейін  ауылдық амбулаторияға барды.  Қазіргі таңда мұнда 1504 ересек және 448 бала тіркелген.  Алдағы уақытта амбулаторияны жаңа ғимаратқа көшіру мәселесі сөз болды.

Облыс әкімімен өткен есепті кездесуге ерейментаулықтар көптеп жиналды. Жиналған халық назарына ауданның қолөнер шеберлерінің жетістіктері көрініс тапқан шағын көрме де ұйымдастырылыпты. Облыс әкімі жиналған жұртшылыққа өңірімізде өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы хабарлап, алдағы жоспарларды да ортаға салды. Соңғы жылдары облысымызды алға ілгерілетіп жатқан ілкімді істер көп. Мәселен, барлық аудан орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда жаңа үйлер салынуда, жыл сайын 100-ге жуық мектеп жөнделсе, әр ауданда 3-5-тен білім ошақтары жаңартылуда. 1000 шақырымға жуық жол желісін жөндеу және салу жоспарланған. Ақмола облысы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша республикамыздың алдыңғы қатарында. Жаңа кәсіпорындар ашылып, мыңдаған адам жұмыспен қамтылуда. Денсаулық, білім, мәдениет саласына қажетті жаңа нысандар бой көтеруде. Ерейментау ауданында да әлеуметтік жаңа нысандар салынуда. Мәселен, өткен жылы Ерейментау қаласында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Заманауи жабдықталған спорт кешенінде екі жүзу бассейні бар.  Новомарковка ауылдық клубына күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл ауданда 45 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, аудан орталығында 60 пәтерлі коммуналды тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа 50 миллион теңге қаражат бөлінген. Аудандағы жолдарды жақсарту үшін 2 миллиард теңге бөлінген.

Ерейментау ауданында әкімнің жеке қабылдауына келушілер жол, ауыз су, жайлымдық жердің жетіспеуі жөнінде мәселелер көтерді.

Шортандылықтар әр міндеттеріне жауапкершілікпен қарауда

 ШОРТАНДЫ. Шортанды ауданына кіре берістен-ақ, көшелерінің мұнтаздай таза екендігін аңғардық. Күн райының күрт өзгергеніне  қарамастан, көшедегі тазалыққа көз тояды. Облыс әкімі Ермек МАРЖЫҚПАЕВ алдымен аудан орталығында орналасқан Ш.Рақымжанов атындағы орталық саябаққа барды.

Мұнда өткен жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл мақсатқа 70 миллион теңге қаражат жұмсалған. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, біз бұл орайда, мердігер «Фортуна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын атап өтсек дейміз. Шынымен де, аудандық саябақ көз танымастай құлпыра түскен. Балалар ойын алаңы,  скейтодром, воркаут сияқты демалыс орындары заманауи жабдықталған. Жабдықтардың өзі сапалы әрі эстетикалық талғаммен жасалған. Алдағы уақытта жастарға арналған би алаңы, сквер, Ауған соғысының ардагерлеріне арналған монумент орнатылмақшы. Көгалдандыру мәселесі де ерекше назарда. Саябақта 20 пихта, 80 қарағай, 20 қайың ағаштары өсіп тұр. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев мердігер компанияның жұмысына жоғары баға беріп, алдағы істеріне сәттілік тіледі.

Бұдан кейін облыс әкімі Северная көшесінің жол желісін жөндеу барысымен танысты. Жобаны іске асыру құны 134,4 миллион теңге. Ұзындығы 2720 метр. Жұмыстың аяқталу күні 30 маусым деп белгіленген. Жалпы биылғы жылы ауданда республикалық «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Шортанды, Жолымбет кенттерінде, Петровка, Новокубанка ауылдарында жұмыстар жүргізілетін болады. 200-ден астам бағдарлама аясында өңір бойынша 1 мыңға жуық жол жөнделмекші. Бұл жұмыстарға республикалық және облыстық бюджеттен 73 миллиард теңге бөлінді.

Халыққа есеп беру кездесуінде облыс әкімі өңір жетістіктерін айта келіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталды. Өткен жылы аудан жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында қазынадан 2,6 миллиард теңге қаражат бөлінген. Новокубанка-Белое озеро, Новоселовка-Новопервомайск, Бозайғыр, Жолымбет, Пригородное-Андреевка, Ключи елді мекендерінің жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік саланың дамуы туралы баса айтқан болатын.  Әсіресе, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және жұмыспен қамту бағытында айтарлықтай игі істер жүзеге асатындығы айтылды. Ауданда әлеуметтік сала қарқынды дамуда. 2025 жылға дейін Ключи, Пригородное, Новокубанка, Төңкеріс елді мекендерінде жаңа амбулаториялар салынатын болады. Биыл Жолымбет кенті мен Дамса ауылындағы әлеуметтік арнайы қызмет көрсету орталықтарында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 65 миллион теңге қаражат қарастырылған. Сонымен қатар, Бектау, Пригородное ауылдарында көпфукционалды алаңдар мен Раевка және Бозайғыр ауылдарында ойын алаңдары орнатылатын болады. Сондай-ақ, аудандағы 17 мектепке жылыту маусымына қазандықтар сатып алу үшін де қаражат қарастырылған.  Кездесу барысында тұрғындар  сапалы ауыз су, жол мәселелерін көтерді.  Жалпы, аудандағы ауыл жолдарын жөндеп, су желілерін жаңғыртып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, тұрмысын түзеу бағытына біраз қаражат бөлініп отыр, ауқымды жұмыстар да атқарылуда. Ендігі мәселе, тұрғындардың елді мекендердің тазалығын қадағалап, жүргізіліп жатқан құрылыстардың сапасына зер салып, белсенділік танытуы. Көрсетілген қолдау, бөлінген қомақты қаражат екпінді еңбекке ұласуы керек.

Сапарды қорытындылаған өңір басшысы шортандықтардың өткен жылы атқарған істеріне оң баға бере келіп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын міндеттерді белгілеп берді. Ермек Маржықпаев өз сөзінде жекеменшік және мемлекет арасындағы әріптестікті дамыту, шаруашылық нысандарын, әлеуметтік мекемелер мен ғимараттарды жөндеу, күтіп ұстау жұмыстарына көптеп тарту қажеттілігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жұмыс сапарының қорытындысы бойынша ауданды дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

Есептік кездесуден кейін Шортанды ауданының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініш-тілектеріне назар аударып, тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар