Ақмола облысында жалған хаттама толтырған полиция қызметкері сотталды

– Ақмола облысында жұмыс көрсеткішін ұлғайтып көрсету үшін әкімшілік хаттаманы бұрмалаған Қосшы қалалық полициясының учаскелік инспекторы сотталды. Сот оған бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Қосшы қаласының прокуратурасы полиция қызметкері тарапынан әкімшілік хаттамаларды бұрмалау деректерін анықтаған.

«Мәселен, учаскелік полиция инспекторы 2021 жылдың мамыр және тамыз айларында полицияда профилактикалық есепте тұрған Қосшы тұрғынына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 437-бабы «тыныштықты бұзу» және 408-бабы «иттер мен мысықтарды ұстау ережелерін бұзу» бойынша екі хаттама толтырады. Бұл ретте ол құқық бұзушының қолы мен түсіндірмесін бұрмалаған. Сонымен қатар, ол азамат 2021 жылдың мамыр айында Ресейге барған, яғни хаттама жасау кезінде, тіпті Қазақстан Республикасының аумағында болмаған. Осылайша, учаскелік инспектор өзінің ведомстволық көрсеткіштерін жасанды түрде арттырды», – деді ведомстводан.

Қала прокурорының наразылығы бойынша сот әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы заңсыз қаулылардың күшін жойды. Ал, полицейге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелерді бұрмалағаны үшін Қылмыстық кодекстің 416-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеуді Ақмола облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары жүзеге асырды.

«Қосшы қалалық сотының үкімімен полиция қызметкері бір жылға бас бостандығынан айырылды. Осыған қоса, рақымшылық актісі бойынша негізгі жазадан босатылып, бес жылға мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза қолданылды», – деп толықтырды ведомстводан.

Үкім заңды күшіне енді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда кәсіпкерден ақша талап еткен төтенше жағдай қызметкерлері сотталғанын жазған едік.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар