Инвестиция тарту – экономиканы дамытудың қозғаушы күші

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Бұланды, Ақкөл аудандары мен Степногорск қаласы тұрғындарымен есеп беру кездесуінде Ақмола аймағының соңғы үш жылдың ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, жетістіктер мен олқылықтарды сарапқа салды.

–Өткен жылды табысты аяқтадық. Өнеркәсіптің 113 пайызға өсуі еліміздегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарының 105,8, инвестиция тартудың 104,3, ауыл шаруашылығы көрсеткіштерінің 122 пайызға асыра орындалуы да алдыңғы қатардағы нәтижелер. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан асқан жоқ. Бұл еліміздегі орташа көрсеткіштен төмен, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Облыс бойынша өнеркәсіп көлемі 1,5 триллион теңге, құрылыс жұмыстарының көлемі 270,5 миллиард теңге өсім берді. Ауыл шаруашылығы саласы жалпы өнімінің көлемі 1,1 триллион теңгеге жетті.

Ермек Боранбайұлы агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктердің  мемлекеттің қолдауы арқасында келгендігіне тоқталды. Егер өткен жылы бұл көрсеткіш 77 миллиард теңгені құраса, биылғы бөлініп отырған қаржы одан 50 миллиард теңгеге артық. Шамамен алғанда, екі мың ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі 55 миллиард теңгенің төңірегінде қайтарылмайтын субсидиялар алды.

–Бүгінгі күннің басты міндеті көктемгі дала жұмыстарын мезгілінде сапалы атқарып шығу болып табылады, – деді одан әрі облыс басшысы екі аудан тұрғындарына қарата, – биыл біз 5 миллион 200 мың гектар алқапқа ырыздық дәнін сепкелі отырмыз. Мен аграршылардың биыл да бұл міндет үдесінен көрінетініне сенімдімін. Субсидияларды қайтару, қосалқы бөлшектерді жеткізу бойынша мәселелер бар, бірақ, олар біртіндеп шешілу үстінде.

Аймақ басшысы еліміздегі подшипниктерді түгелдей біздің облыс шығарытынын атап өтті. Сондай-ақ, 65 пайыз ауыл шаруашылығы техникасы, 55 пайыз алтыны бар руда, 43 пайыз комбайндар, 41 пайыз тракторлар да бізде өндіріліп, шығарылады. Кірпіш шығаратын бес нысан іске қосылды. Мәселен, «SG Brick» жылына 120 миллион дана кірпіш шығаратын еліміздегі ең үлкен зауыт. Бұл күнде әрбір үшінші келі құс етін шығаратын Макинск құс фабрикасының үшінші кезегі салынып жатыр. Облыс әкімі слайдтар арқылы ауыз сумен жабдықтау, жолдарды жөндеуден өткізіп, жаңа құрылыстар арқылы одан әрі кеңейту мәселелеріне тоқталды. Бұл орайда, рас, жұмыста жауапсыздыққа жол беретін мердігерлердің салдарынан барлық жобалар іске қосыла қойған жоқ. Алайда, осы саладағы жұмыстарға қомақты қаржы бөлініп отырғаны ақиқат.

Облыс әкімі оқушылар үшін жайлы мектептер салу мәселесіне тоқталды. Әлі де болса апатты жағдайдағы мектептер бар. Бұрынғы 300-400 оқушы оқитын кең де үлкен мектептер бұл күнде небары 50-70 бала білім алатын шағын комплектілі мектептерге айналған жерлер де бар. Оларды ұстап тұру өте қиын. Жаңа кабинеттер мен жабдықтау да тиімсіз. Сондықтан, мұндай мектептерде болашақ жоқ екенін мойындауымыз керек. Соған орай, интернаттар салудамыз. Ата-аналар оларға балаларын беруге қорықпаулары тиіс, – деп санайды аймақ басшысы.

2025 жылға дейінгі алдағы үш жылда мемлекеттік бағдарлама бойынша 38 денсаулық сақтау нысанын жөндеуге және жаңадан салуға тиіспіз. Бұланды ауруханасы жөнінде де тиісті жоспар бар. Осы ретте, инвестицияларға арқа сүйеу қажет. Облыс басшысы аудан әкімдерінің алдына осындай міндеттер қойды.

–Инвестициялар тарту – ол біздің бүгінгіміз және болашығымыз. Мұндайда құрылыстағы экологиялық талаптар, басқа мәселелер, бәрі де ескерілуі керек. Сол үшін де мемлекеттік қызметшілер өз орындарында отыр. Бұл мәселелермен күн сайын айналысып, олқылықтарды түзету қажет. Өткен жылы көрсеткіштердің жақсы болғаны бәрімізге де мерей. Бірақ, мұның бәрі енді тарих еншісіндегі цифрлар. Біз одан әрі алға ұмтылуымыз керек, – деген әкім сөзі жиналғандарға, әсіресе, басшыларға ой салуы тиіс екені айтпасақ та түсінікті.

Осы айдың аяғында жоғарыда айтқан респубикадағы ең ірі Макинск құс фабрикасының үшінші кезегі іске қосылады. Сөйтіп, кәсіпорынның қуаты жылына 90 мың тонна құс етін өндіруге жететін болады. Бұл ретте, мұндағы басшылардың өздері біз өндірістік қуатты 92-93 мың тоннаға жеткізетін боламыз. Қазір бізде 1980 адам жұмыс істесе, жұмысшылар санын таяу арада екі мың адамға жеткіземіз деп отыр.

–Сөз жоқ, елімізде осы сала бойынша бұл кәсіпорынға тең келетін өндіріс орны жоқ. Солай бола тұра, қауіпсіздік технинасына, арнайы техникаларды пайдалану үрдісіне сақ болған жөн, – деп облыс әкімі кейбір мәселелерді де ескертпей тұра алмады. Әкім сонымен бірге «Бота-2015» жобасын аудандағы таңдаулы жобалардың бірі ретінде атады. Күнбағыс пен рапс шемішкесін, сояны өңдеу ісін жіті ұйымдастырып, тәуліктік қуатты 600 тонна мөлшеріне жеткізіп отырған бұл зауыттың көмегі көп. Қазірдің өзінде 260 мың тонна шикізат өңделіп, 17 мың тоннадан астам өсімдік майы өндірілген. «Өте бір инновациялық зауыт» деген облыс әкімінің сөзінің жаны бар. Сол сияқты, аймақ басшысы жолдарды жөндеу және олардың құрылысын жүргізу бағытында атқарылған қыруар жұмысты да жақсы жағынан атап өтті. Мына бір фактілердің өзі назар аударарлық. Егер 2019 жылы аудан республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге алса, өткен жылы 6 миллиард теңге алды. Ал, биыл бұл көрсеткіш 8 миллиард теңгеден асқалы отыр. Мұның өзі аз ақша емес. Демек, осындай қыруар қаржы бағытталып жатқан жол, ауыз су, басқа да мәселелерді күнбе-күн назарда ұстамаса болмайды.

Биыл аудандағы жол жөндеу жұмыстарына шамамен 1,4 миллиард теңге көзделіп отыр. Макинск қаласында Зауыт және С.Сейфуллин көшелерін жөндеу осы қаржының есебінен жүргізілмекші. Сол сияқты, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде Қараөзек, Никольское ауылдарының көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары іске асырылатын болады. Мұнымен бірге, республикалық бюджеттен Вознесенка селосындағы көпір құрылысына және көшелердің орташа жөндеуіне 321 миллион теңге республикалық бюджет қаржысы бөлінетіні де үлкен көмек. Бұл жөнінде айта келіп, Ақмола облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков Жалтыр-Макинск бағытының 55 шақырымындағы көпір құрылысы шілдеде аяқталатынын жеткізді. Осы сәтте залдан мердігерлердің жұмысына наразылықтар да айтылып қалды.

–Бұл үлкен проблема, – деді осыған жауап берген облыс басшысы, – конкурстық рәсімдерді өткізгенде басқа аймақтардан қатысатын компаниялар уәдені үйіп-төгеді. Өкінішке орай, үш жолда да кемшіліктер бар. Сұраған қаржыны біз бөлдік, енді мердігерлер қайда? Ең бастысы, ақша республикадан бөлінді. Егер оны уақытында игермесек, бұл ақшаны екінші қайтара бермейді. Ал, жергілікті бюджет бәрінің бірдей көздеген ақшасын бере алмайды. Демек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі, аудан әкімдігі мердігерлермен күн сайын жұмыс істеулері керек. Байқасаңыздар, осы үш жыл бойынша біз қаншама қаржыны игере алмадық.

Осы сөзден кейін мәлім болғанындай, С.Сейфуллин көшесінде 321 миллион теңгеден 65 миллион теңге игерілмеген. Сот шешімі бойынша жауапсыз мердігер басталған жұмыстарды аяқтауға міндеттеліп отыр. Зауыт көшесі бойынша да осы жағдай.

–Егер асфальттің үстіңгі қабатын қырып, жаңасын төсеп үлгермесеңіздер, қыс ішінде жолдың негізі бүлінеді, сапасы жоғалады деген сөз. Сондықтан, аяқтамаған жерлерде жұмысты қайта бастауларыңыз керек. Бұл мәселені күн тәртібінен алынатындай етіп біржола шешіңіздер, – деді облыс әкімі.

Залдан тағы да көшелерді жарықтандыру жөнінде сауал түсті. Бұл жұмыстарға да бас мердігер бар, таяу күндері жарық болады.

–Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көріп отырсыздар. 2011 жылы салына бастаған қазандық жөнделді, сөйтіп, өткен жылы іске қосылды. Қазір бұл нысан жылуды дұрыс беріп  отыр. Мазутпен жағылатын қазандыққа уақытша консервация жасалды. Оны қосалқы бөлшектер мен металл қалдықтарына бұзып алып жүрмеңіздер. Мұның бәрі ертеңгі күні керек болатын біздің резервіміз. Жылу желілері мүмкіндік берсе, алдымен көп қабатты үлкен үйлерді, сосын қалғандарын орталықтандырылған жылуға қосамыз. Өмір сапасы дегеніміз осы. Бұдан отыз жыл бұрын Макинск қаласының жағдайы қалай болғандығы есте. Біз көптен жылу болмаған үйлерді жылуға қосу деңгейіне жеттік. Бұл соңғы үш жылдағы нәтижені көрсетеді. Жылу желілерімен әрі қарай да үздіксіз айналысуларыңыз керек, – деп әкім жауапты тұлғалардың міндет жүгін еселей түсті.

Соңғы үш жылдың ішінде ауыз сумен жабдықтау және су бөлу желілері бойынша жиырма шақырым желі жөндеуден өткізілген. Оған 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. Капитоновка селосында су құбырларына реконструкция жасалды. Ауданда мұндай желілердің ұзындығы 157 шақырым. Халықтың 81,1 пайызы осы желіні пайдаланады. Биыл ауданда алты ауылда аталмыш желілер одан әрі жөнделмекші. Төрт ауылда скважиналар қазылып, су бұру пункттері жабдықталады.

Степногорск қаласындағы есеп беру кездесулерінде Ақсу селосындағы проблемалық үйлер көп сөз болды. Тұрғындардың айтуынша, жару жұмыстарын жүргізетін «Алтын Алмас АҚ» акционерлік қоғамы бұл үйлерді бүліну жағдайына жеткізген. Елімізге алтын керектігі түсінікті, бірақ, тұрғындар осы бір өткір мәселені шешуді де талап етті. Олардың сөзі бойынша барлық экологиялық нормалар өрескел бұзылуда, соған орай, ауыл тұрғындарының денсаулықтарына да зиян келмей қоймауда. Облыс әкімі бұл сауалдарға жауап беру барысында мәселенің өз бақылауында болатынын жеткізді.

Азаматтарды қабылдағаннан кейін аймақ басшысы көпбейінді спорт алаңын аралап көрді. Жасанды жабындысы бар, биіктігі бес метр қоршаумен қоршалған бұл спорт алаңы өткен жылдың күзінде пайдалануға берілген. Онда футбол, баскетбол және волейбол ойнап, жаттығулар өткізуге болады. Жобаның құны 46205 мың теңге. Алаң бойында 5 тренажер және балалардың ойын алаңы, 4 қатарлы орындық, 2 бейнебақылау камерасы қойылып, жарық тартылған. Сондай-ақ, зауыт кентіндегі жалпы білім беретін мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан Ермек Маржықпаев бұл жұмыстардың жеделдетілуін де негізгі міндеттерді бірі етіп қойды. Қос ғимараттан тұратын мектеп өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған. Мұнда екі тілде 545 оқушы білім алады. Жөндеу жұмыстарының құны 436,2 миллион теңге. Биыл облыстық бюджеттен 218,1 миллион теңге бөлініп, жұмыс одан әрі қолға алынған. Енді жөндеудің аяқталатын күні де алыс емес деп болжауға болады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суреттерді түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар