Өңірлерді дамыту ерекше мәнге ие

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Астрахан және Егіндікөл аудандарының тұрғындары алдында есеп беру кезінде өзекті мәселелерді көтере отырып, ортақ істің шешуі тұрғындардың да қолында екендігін атап өтті.

Астрахан. Өңір басшысы Петровка ауылының ажарына ризашылық сезімін білдірді. Тұрғындар алдындағы есеп беруі кезіндегі ауданның қазіргі тыныс-тіршілігі мен болашақтағы дамуының сипаты туралы егжей-тегжейлі тоқталды. Өткен жылы аудан 5,8 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Бұл көлем 2021 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық. Биыл қаржыландыру көлемі 2,5 миллиард теңгені құрауда. Бұл көрсеткіш 2015 жылғы межеден екі есе жоғары.

–Биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіш көңіл тоғайтарлық емес, – деп атап өтті аймақ басшысы, – өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларының қарқыны төмендеген. Инвестиция көлемі 47 пайызға азайған. Дәл осындай жағдайда даму болмайтындығы анық. Бастамалар жетіспейді. Ауданда кәсіпорындар аз, шағын және орта бизнес нашар дамуда. Осының барлығы айналып келгенде халықтың табысына әсер етеді.

Аудан әкімі Нұрлан Сейілов таяуда жағдайдың өзгеретінін тілге тиек етті. Әкімнің айтуына қарағанда, 50 мың тонна астық тапсырылған. Алдағы уақытта 7 тауарлы-сүт фермасын іске қосу межеленіп отыр.

Әлеуметтік саланың жай-күйі туралы айта келе, облыс басшысы білім беру саласындағы бірқатар оң өзгерістерді атап өтті. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Колутон, Таволжан ауылдарының мектептеріне күрделі жөндеу жүргізілген. Білім ошақтарына 25 миллион теңгеге 8 қазандық алынды. 2023 жылы жаңа модификация кабинеттерін салу жоспарлануда. Ескі Колутон және Жалтыр ауылдарының мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Өрнек ауылының мектебінің шатыры жаңартылады.

Білім бөлімінің басшысы Полина Барахоева саладағы серпілістер туралы баяндады. Оның айтуына қарағанда, білім сапасы бұрынғы 50 пайыздан 58 пайызға көтеріліпті. Қосымша біліммен қамту көлемі 91 пайызға жеткен. Балалардың жетілуі үшін үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді.

Соңғы үш жыл ішінде аудандағы екі клуб, балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі, дене шынықтыру-сауықтыру кешені жөндеуден өткізілді. Мәдениет үйінің шатыры жаңартылды. 2023 жылы Новочеркаское ауылында жанында спорт ғимараты бар мәдениет үйін салу жоспарлануда. Бұл жобаның құны 1,1 миллиард теңге. Первомайка мен Колутон ауылдарында ауылдық клубтар салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Петровка ауылында жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алты елді мекенде көше жолдарын орташа жөндеуден өткізу межеленуде.

Жиын барысында Первомайка ауылдық округінің тұрғыны Дүйсебек Ілдебаев тұрмыстық қалдықтар полигонының қажеттігі туралы мәселе көтерді. Бұл сұраққа облыс әкімі:

–Бұл мәселені бір облыс бойынша шешіп жатырмыз. Аудан әкімімен міндетті түрде тығырықтан шығар жолды пысықтаймыз. Негізінде полигонды рәсімдеп, жеке кәсіпкер бұл мәселені шеше алады, – деп атап өтті.

Егіндікөл. Мұндағы жақсы мысалдар өзгелерге өнеге бола алады. Мәселен, «Шарафутдинов және К» АШК» серіктестігі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дұрыс атқаруда. Кәсіпорынның қаражатына салынған спорт залда жаттығулар үзбей өткізілуде. Ауыл жастары баскетбол және футзалдардың игілігін көріп отыр. Кәсіпорын директоры Игорь Шарафутдинов жастарға жақсы жағдай туғызған. Тіпті, сонау тоқсаныншы жылдары ел қамын ойлаған кәсіпкер бос тұрған бала бақшаны сатып алып, спорт мектебін жабдықтаған. Дәл осы жерде 2011 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері және 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы Ілияс Сүлейменов жаттыққан. Жақсыдан шарапат деген осы. Ғимараттың жанында орналасқан хоккей корты да ел игілігіне жаратылуда.

–Біз бизнесті әрдайым қолдаймыз, – деп атап өтті Ермек Маржықпаев, – хоккей кортын ауданның балансына тапсырыңыз. Біз оның заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуіне көмектесеміз.

Бір айта кетерлігі, осындай тамаша жобалар облыста жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда Егіндікөл ауылындағы №2 жалпы білім беретін мектепте 370 оқушы оқып, білім алуда. Білім ошағына 2022 жылы 293 миллион теңгеге жөндеу жүргізілген. Әйтсе де жұмыс әлі аяқталмапты.

Халықпен есепті кездесуде өңір басшысы әлеуметтік-экономикалық даму оң сипатта болса, ел еңсесі көтерілетіндігіне тоқталды. Бір әттеген-айы, құрылыс жұмыстарының көлемі қарқын ала алмай тұр. Мұнан соң Егіндікөлдің жағдайын жақсартуға ұмтылыс бар екендігін айтып өтті. Кездесу барысында көтерілген өзекті мәселенің бірі – аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту. 1967 жылы салынған су құбырының әбден тозығы жеткен. 2022 жылы Егіндікөл, Ұзынкөл, Тоғанас, Буревестник ауылдарын ауыз сумен жабдықтау бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылғанымен жағдай жақсара қойған жоқ.

Аудан тұрғындары рұқсат етілмеген жерлердегі қоқыс алаңдары, электрмен жабдықтау, жол құрылысы, медициналық қызмет төңірегіндегі толғағы жеткен мәселелерді көтерді.

Өңір басшысы ауданды сақтап қалу үшін барлық шаралардың жүзеге асырылатындығын айтып өтті. Бұл тарапта тұрғындардың өздері де қол ұшын беруге тиісті. Көп болып жұмылғанда ғана әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жақсармақ.

Наталья ЯКОВЛЕВА,
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Астрахан, Егіндікөл аудандары.

Суреттерді түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар