Бәріміздің тілегіміз ынтымақ пен бірлікке келіп тоғысады

Достық – ұлы күш. Қоғамдағы ұлтаралық келісімнің, өзара тіл табысудың, түсіністіктің, риясыз сыйластықтың алтын арқауын бекіту барысында сан салалы жұмыс атқарылып жатыр. Осы ауқымды істің бәрі елімізді мекендеген сан алуан ұлыстардың өз төл мәдениетін, тілін, әдет-ғұрпын мейлінше  жетілдіре отырып, жалпы адамзатқа ортақ ыстық ықылас пен мерейлі мейірге тұнып тұрған сыйластықтың өрісін кеңіте бермек.

Қоғамдық келісім мекемесі соңғы жылдары өз жұмысын жаңғыртып, заман талабына сай жетілдіріп, арнасын кеңейтіп, мәні мен мазмұнын үстеп еңбек етуде. Бейнелеп айтқанда, сан салалы шаруаның темірқазығы іспетті. Сөзіміз дәлелді болуы үшін «Қазақтану», «Мың бала», «Қазақстан этностарының жалпы азаматтық бірегейлігін қалыптастыру», «Этносаралық ортадағы жанжалды көріністерден бас тартуға бағытталған әлеуметтік көзқарастарды әзірлеу арқылы медиация институтын дамыту», «Көп этникалық Қазақстан: этномәдени генезис», «Этносаралық ортадағы қазақстандық алуан түрлілікті рухани-мәдени насихаттау» тәрізді жобалардың қолға алынып, оң нәтижесін беріп отырғандығын айта кеткен ләзім.

Осы жобалар ішінде есепті кезеңде барлығы екі мыңнан астам адамды қамти отырып, әртүрлі форматтағы 49 онлайн және офлайн іс-шаралар өткізілді. Әрбір шараға мейлінше мән берілді. Өйткені, әр шара адамдардың жүрегіне жететін, көкірегіне сәуле құюы шарт. Сонда ғана көздеген нәтижеге қол жетеді. Осы арада өткен жылы «Мәміле» мемлекеттік тілді дамыту пікірталас клубының ашылғандығын және осы бір жағымды жаңалықтың жұртшылықты елең еткізе түскендігін екпін түсіріп айта кетсек артықтығы болмас. Нәтижесі де жақсы.

Клубқа  мемлекеттік тілді еркін меңгергісі келетін ынталы адамдардың жасына, ұлтына қарамастан кез-келгені қатыса алады. Клуб жұмыс істей бастағалы жергілікті ұлт тілін жете меңгеруге ынталы адамдардың көп екендігін көріп, көңіліміз тоғайып қалды. Негізінде тіл – достық дәнекері емес пе? Адамдар осы тіл арқылы бір-бірімен ұғысып, ортақ мақсат-мұраттарын тереңірек таниды. Клуб өз жұмысын бастағалы жүздеген адам келіп қатысуда. Осы топтың ішінде облыс орталығында жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім алып жатқан жастармен қатар, қарапайым жұмысшылардың да бар екендігін көргенде тіл үйренуге деген ынтаның қаншалықты екендігін аңғаруға болады.

Жалпақ жұртты бір арнада топтастырып, бірліктің берекесін келтіретін айтулы шараның бірі – Наурыз мерекесі. Көктем шуағы тәрізді әр көңілде жылылық құятын ежелгі мейрам ұлттар мен ұлыстарды бір арнада топтастыруға үлкен септігін тигізуде. Соңғы жылдары бұрынғы халықтың көзі үйреніп, жаттандылыққа ойысып бара жатқан соқпақтан шығып, жаңа қиядан жол іздеуге ұмтылудамыз. Мәселен, «Сәнді сәукеле және киелі кимешек» атты әйелдердің ұлттық бас киімін жасау бойынша облыстық конкурс өткізілді. Сәукеленің сәні мен салтанаты белгілі, ал, кимешектің киесі жастар үшін құпия сыры мол тылсым дүние болуы әбден ықтимал. Осы шара барысында ұлттық ұғымның ұңғысындағы ғажайып сырдың беті ашылды.

Бұл шараға облыстағы 26 шебер қатысты. Олардың сәндік қолданбалы өнерінің туындылары халқымыздың ғажайып салт-дәстүрінің жаңа беттерін ашып, уақыт шымылдығын ашып, өскелең ұрпаққа жарқырата көрсетіп, саналарына сәуле құйды. Қоғамдағы әйел мен ананың рөлін, отбасы құндылықтары мен отбасы институтының маңыздылығын, сондай-ақ, жастар мен болашақ ұрпақты рухани адамгершілік және патриоттық тәрбиелеудегі ата-ананың рөлін арттыруға бағытталған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы ортақ іске айрықша серпін беретін жаңа бағыт. Осы жоба аясында барлығы мыңнан астам адамды қамтыған отыздан астам іс-шара өткізілді.

Олардың ішінде ата-аналарға арналған «Әкелер мен аналар» семинарын бөле-жара айта кетуге болады. Облыс орталығындағы Әл-Фараби атындағы ІТ лицейде өткізілген ілкімді шараның тиімділігі көзге көрініп тұрды.Жалпы, қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында этномәдени бірлестіктер мен өзара іс-қимыл жүйелі түрде әрі нәтижелі жүргізілуде. Сөз арасында өңірде 51 этномәдени бірлестіктің ортақ мақсат төңірегінде оңтайлы жұмыс істеп жатқандығын айта кетуіміз керек. Олардың әрқайсысына жағдай туғызылып отыр.

Мәселен, облыс орталығындағы Достық үйінің ғимаратына этномәдени бірлестіктердің 11 кабинеті орналасып, қоян-қолтық жұмыс істеп жатқандығын айта кетуге болады. Ортақ мақсат айқын. Бірлесе атқарған іс нәтижелі. Оның ішінде шын мәнінде ауызбірлікті нығайтатын шаралар аз емес. Масленица мерекесі, «Шопен кештері», «Соллал» корей жаңа жылы, «Ақ қалпақ» ұлттық мерекесі, әз-Наурыз мейрамы осындай мейірім шуағын төгетін, әрбір ұлттың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ғажайып салт-дәстүрін жарқырата көрсетіп, насихаттау арқылы бір-бірімізді тереңірек танып-білуге, бір-біріміздің мәдениетімізді құрметтеп, өнерімізді ұлықтауға септігін тигізетіні сөзсіз. Айналып келгенде әртүрлі этностардың өкілдерін бір мақсатта топтастырудың кілті де осылай табылады. Соның ішінде негізгісі, мемлекеттік тілді және этностардың тілдерін зерделеу дер едім. Осы бір әркім үшін өте өзекті мәселені жан-жақты дамыта отырып, ешкімнің меселесін қайтармай, этностардың төл мәдениетін, әдет-ғұрпын дамыта отырып, бірлік атты бәйтеректің тамырын тереңге жіберуге болады.

Орталықтың бастамасымен өңірде әртүрлі іс-шаралар өткізілуде. Соның ішінде мәні мен мазмұны жақсы басты-бастыларына тоқтала кетуге болады. Айталық, «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» зияткерлік ойыны, «Мен қазақша сөйлеймін», «Ұлыстың ұлы күні» интернет акциялары тиімділігі тәуір шаралар болды.

1 ақпаннан бастап Қазақстан этностарының өкілдері үшін мемлекеттік тілді оқыту курстары ашылып отыр. Бұл – заман талабы. Курстарға келушілер өздерінің ынта-ықыласын байқатуда. Жалғыз курс қана емес, әлеуметтік желілерде де қазақ тілін оқытып үйретудің тиімді әдістерімен құрастырылған бейнебаяндар орналастырыла бастады. Жергілікті ұлттың тіліне деген құрметті көріп отырып, этнос өкілдерінің бойында ізгілікті сезімнің адамгершілікке негізделіп, молынан бүр жарғанын айқын аңғаруға болады.

Достық үйінің базасында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының 9 қоғамдық құрылымы жұмыс істейді. Оның ішінде айрықша маңыздысы – ақсақалдар кеңесі. Ілкі заманда қазақ қоғамында өмірлік тәжірибесі мол аға буынды құрметтеу, олардың ақыл-кеңесін басшылыққа алу, айтқанын екі етпеу тәрізді үлгі қалыптасқандығын тәптіштеп айтып жатудың өзі артық. Бүгінгі ақсақалдар кеңесі жалпақ жұрттың қамын ойлап, ел ертеңіне жауапкершілікпен қарайтын ұйым. Олар өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімді дарытумен қатар, ел бірлігін бекемдеп, егемен елдің ертеңіне жұмыс істейді. 2023 жылдың қаңтар айында құрылған кеңес жұмысы уақыт өткен сайын нығайып, айрықша маңызға ие болып келе жатыр.

Осы лекте аналар, медиация кеңестері жұмыстарының тиімділігін айта кеткен жөн. Халқымыздың қайырымдылық қағидаттары да өрістеуде. Бұл істің де жастарды тәрбиелеуге, қоғамдағы бірлікті бекемдеуге тигізер септігі аз емес. Этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық құрылымдарының өкілдері, еріктілер одағы  әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қол ұшын беруде. Бір ғана дерек келтіре кетелік, есепті кезең ішінде 460-қа жуық қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылып, жалпы сомасы 57 519 000 мың теңгенің көмегі көрсетіліпті. Бұл қаражат тұрғын үй сатып алуға, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетуге, тағы сол тәрізді жанашырлыққа бағытталған.

Сөз соңын қорыта айтқанда, өңірдегі қоғамдық келісім өз деңгейінде жұмыс атқаруда. Бар шаруаның бір арнада тоғысқан ұлы мұраты – ел ішіндегі бірлікті бекемдеу. Ал, бірлік бар жерде береке де болады.

Ермек НҰҒЫМАНОВ,
«Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы,
Ақмола облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар