Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қоғамдық келісім мен татулық – бар игіліктің бастауы - АРҚА АЖАРЫ

Қоғамдық келісім мен татулық – бар игіліктің бастауы

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында «Болашақ» сарайында облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Ермек Маржықпаевтың Ақмола ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының өкілдерімен кездесуі өтті.

Мерекеге арналған іс-шараға мемлекеттік қызметөкілдері, ақсақалдар мен аналар кеңестері, ғылыми-сараптамалық топ, этномәдени бірлестіктер, облыс жұртшылығы, жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кеше ғана Қазақстан халық Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөзінде  этникалық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру бойынша бірқатар міндеттерді атап өтті. Бұл ретте, Президент қазақстандықтардың назарын жалпыұлттық бірегейліктің нышанына тағы да аударды. Халқымызды қоғамдық келісім мен бірлік айналасында шоғырландыруға бағытталған жұмысымызда аға буын өкілдерінің білімі мен тәжірибесінің алар орны ерекше, −деді Ермек Маржықпаев өзінің құттықтау сөзінде.

Кездесуде сөз алған Зеренді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралбек Бекішев бүгінгі таңда Ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесінің бейбітшілік және ынтымақтастықты сақтау мен нығайтуда  аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

−Әр халықтың бойында ықылым заманнан бері қалыптасқан қасиеттері болады. Біздің халқымызда осындай қасиеттер көп.  Үлкенді сыйлау,оның сөзін тыңдау сынды әдеттер ертеден қалыптасты. Көне замандардан бері, қазыналы қариялар елді бірлікке ынтымаққа және адал еңбекке жетелеген, ешкімнің ала жібін аттамаған. Қазір де тәрбие басын осыған бұрсақ еш ұтылмаймыз, −деді ол.

Бүгінде облыстағы 51 этномәдени бірлестік өздерінің кәсіби және қоғамдық жұмыстары арқылы бірлік пен келісімді, азаматтықты нығайту ісіне баға жетпес үлес қосуда. Бұл туралы «Манас»этномәдени орталығы»қоғамдық бірлестігінің төрағасы Закирдин Жоробеков те айтып өтті.

Қазіргі уақытта қоғамды толғандыратын мәселелердің бірі – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Әлеуметтік желіде жантүршігерлік жайттар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті үйде болып жатады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы жуырда еліміздің әлеуметтік дамуы бойынша кеңейтілген жиында айтып өтті. Осы кезеңде өкілетті органдармен бірлесіп, балалар арасындағы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасы құндылықтарын дәріптеу өте маңызды. Ақмола облысында бірнеше этнос өкілдерінің басын қосқан Бұланды ауданының Әкімбаевтар, Зеренді ауданының Ибраевтар пен Бурабай ауданының Қабылбаевтар отбасылары барша елге танымал. Осыған орай,тоғыз ұлттың қырық төрт баласын бауырына басқан Әкімбаевтар отбасында тәрбиеленген  Бұланды аудандық полиция бөлімінің кіші жедел уәкілі Геннадий Вездецкий өзінің өмір жолын алға тартты.

−Мен ұлтым поляк. Өкінішке орай, тағдыр тауқыметіне байланысты ата-анамнан ерте айырылдым. Сондықтан, 2001-2008 жылдар аралығында балалар үйінде тәрбиелендім. 2008 жылы мені бауырларыммен бірге Макинск қаласында Әкімбаевтар отбасы асырап алды. Бұл үшін мен оларға осы күнге дейін шексіз алғысымды білдіремін. Сол жылы мен Балуан Шолақ атындағы лицей-мектебін бітіріп, Көкшетау жоғары техникалық колледжіне түстім және оны бітіргеннен кейін Қарулы Күштер қатарына шақырылдым. Әскери борышымды атқару кезінде мен өз тағдырымды құқық қорғау органдарымен байланыстырғым келді,−деді ол.

Жиынға қатысушылар Қазақстан халқының бірлігі мерекесі ұлтты біріктіруге, қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтауға бағытталған маңызды оқиға екенін атап өтті. Кездесу соңында облыстың қоғамдық-саяси және мәдени өміріне, қоғамдық келісімді нығайту ісіне белсенді түрде қатысып жүрген бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен және сертификаттармен марапатталды.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек Данияров.

Өнегелі ғұмыр иелеріне шынайы алғыс

Сол күні облыс әкімі Ермек Маржықпаев аймағымыздың бірнеше отбасында болды. Алдымен құрметті теміржолшы, Ақмола темір жол бөлімшесі соғыс және еңбек ардагерлері өңірлік кеңесінің төрағасы Серік Сүлейменовке зор денсаулық тілеп, басқа да қошеметін білдірді. Серік Уәйісұлы осы салада 45 жыл қызмет атқарған. Таяуда жетпіс жасқа толды. Ол жалпы еңбек өтілі 500 жылды құрайтын теміржолшылар әулетінің өкілі.

Сондай-ақ, Ермек Маржықпаев облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының басшысы Герихан Точиевтің шаңырағында да болып, оны жарқын мерекемен құттықтады. Герихан Магомедұлы қатардағы маманнан бас зоотехник лауазымына дейін көтерілген білікті басшы. Алты бала тәрбиелеп өсірді. Күні бүгінге дейін облыс орталығының қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысады.

Бұл күні Ұлы Отан соғысы қатысушысының жесірі, тыл еңбеккері Антонина Белоног та аймақ басшысының өз үйінде болғанына шын қуанды. Ол еңбек жолын 1938 жылы курьер болып бастаған. 1940 жылы Жезқазғанға қоныс аударып, Жұма-Түркістан артелінде фабрикада еңбек етті. Ұлы Отан соғысы басталғанда ата-анасына оралып, Имантау селосында Ворошилов атындағы колхозда өзгелермен бірге ұлы Жеңісті жақындатты. 1946 жылдан бері Көкшетау қаласында тұрып, әртүрлі қызметтер атқарды. Төрт бала тәрбиелеп өсірді, оның екеуін бауырына салды.

–Сізге және барлық ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне ұлы Жеңісті қамтамасыз еткені үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда сіздер қираған қалаларды, зауыттар мен халық шаруашылығын қалпына келтірдіңіздер. Отбасы құндылығын сақтауда, жас ұрпақты тәрбиелеуде де еңбектеріңіз өлшеусіз, – деді облыс әкімі.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар