Шынайы достық – пейілден

Көпұлтты қазақ даласы ұлы достықтың қуатымен алға қадам басуда. Қоғамдағы игілікті істерге ұйытқы болар алапат күш достық деп білемін.

Біздің чуваш халқы түркі этносына жатады. Жалпы саны бір жарым миллионға жуық. Халқымыздың негізгі бөлігі Ресейді мекендегенімен, есте жоқ ескі кезеңдегі тағдырдың тәлкегімен төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен. Соның ішінде ең бақытты да бақуаттысы, мамыражай күн кешіп жатқаны қазақ даласында екендігін ашық айтуымыз керек. Үлкен өзеннің бір арнасы тәрізді чуваш халқының біраз бөлігі Ақмола облысын мекен етеді. Біз осы жерді, осы елді өзіміздің тарихи Отанымыз санап, перзенттерімізді өсіріп, қазақ халқының қонақжай пейілін көріп, ізгі адамгершілігін танып, саясы мол құшағында бір үйдің баласындай күн кешіп отырмыз. Арғы-бергі тарихымызды ақыл таразысына салып безбендесек, біздің жұрт пен қазақ халқының ұқсастығы көп екен. Ең бірінші бейбітсүйгіштігіміз, достыққа берік, жолдастыққа адал қасиеттеріміз тым ұқсас. Сайып келгенде, чуваш деген сөздің өзі бейбіт деген мағына береді.

Шындығын айтқанда, жиырмасыншы ғасырдың басында чуваш музыкалық мәдениетінде халықтың өлең айту дәстүрі ғана сақталып қалды. Алмағайып заманда өкінішке орай, чуваш халқы өзінің сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан мәдени мұрасынан ажырап, ұлттық рухани байлығының тамырын үзіп  ала жаздаған да күн болған. Халықтық өлең айту дәстүрінде тұрмыстық және тарихи өлеңдердің жұқанасы сақталды. Бір кездегі ел басына төнген нәубет чуваш халқының арыстарын ғана емес, әр көкірекке рухани нәр құйып, сәулесін шашатын ежелгі тамырын тарылтты. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін ес  жиып, арыдағы арыстардан қалған ұлы өнердің жылғасын кеңейтуге мүмкіндік алдық. Іздендік, уақыт шымылдығы тұмшалаған тарихи мұраның жұқанасын қайтадан қалпына келтіруге тырыстық. Осы арада ерекше бір айта кететін жай, қазақ елі ат төбеліндей ғана чуваш халқының өзіндік салт-дәстүрі мен мәдениетінің қайтадан бүр жаруына, сөйтіп, замандастарымыздың рухани таным көкжиегін кеңейтуге көп жағдай жасады. Шынтуайтында бұл біз тәрізді аз ұлттың көсегесі көгеруіне үлкен қамқорлық еді.

Бүгінгі таңда біздің бірлестігіміз Көкшетау мен Қорғалжынның кең көсілген даласында тұратын чуваштардың басын біріктіріп, мақсат-мұратын бір арнада тоғыстырып, қал-қадірінше ауқымды жұмыс істеуде. Ең бастысы – халықтар арасындағы ұлтаралық қатынас пен ұлы достың арқауын нығайту. Алдымызға қойған басты мақсат та осы. Қазіргі күні достықтың ұлы қуатымен нұрланған осы бір ғажайып өлкені мәңгілік мекен еткен чуваштар туралы, оның ішінде өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа әдемі үлгі болуға әбден лайықты тұлғалар жөнінде, жоғары оқу орнында білім алып жатқан студенттер туралы мәліметтер жинақтаудамыз. Өзге ұлт тәрізді біздің арамызда да Қазақстанның мәртебесін асыруға, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бір кісідей үлес қосып жатқан адамдар аз емес.

Біз қазақ халқының ғажайып салт-дәстүрін, тілін, мерейлі мәдениетін оқып, үйренуді қолға алғалы қашан. Қазір чуваш жастарының арасында жергілікті ұлт тілін жете меңгергендері көптеп саналады. Олар қоғамдық істерге белсене араласады.

Есте қаларлық ажарлы мерекенің бірі – ұлыстың ұлы күні Наурыз. Бұл мерекені біздің чуваш халқы да тойлайды. Мәселен, Наурыз мерекесі біздің тілде «нарос-ойахе» деп аталады. Аталуы басқа болғанымен, түпкі мақсаты, мазмұны бір. Осы бір көңіліңе көктем шуағын ұялататын  әдемі сәтті еске алып отырғанымның себебі, кез-келген ізгі мұрат, игі дәстүрдің қалай аталса да, түпкі қазығы бір. Айналып келгенде, ұлы достықты меңзейді. Ендеше, жалпақ әлемде жақсылық нұрын себетін достығымыз әрдайым бекем болғай.

Елена МАЩИНСКАЯ,
Ақмола облыстық чуваш ұлттық-мәдени орталығының төрайымы.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар