Қырғыздың қызы, қазақтың келінімін

1 мамыр күні еліміз үшін аса жарқын, әрі мейірімді мерекелердің  бірі – Қазақстан халықтарының бірлігі күнін тойлайды. Бұл достық пен сыйластықтың, ынтымақтың мерекесі. Осы айтулы мерекені көтеріңкі  көңіл-күймен  қарсы  алуға  толық  негіз бар. Бейбітшілік пен  татулықтың  арқасында бізді болашақта бұдан да жарқын, баянды күндер күтіп  тұрғанына  сенімдімін.

«Бірлік бар жерде бақыт бар» дейді дана халық. Отан – әр адамның  жүрегіне жылы тиер қасиетті сөз, біздің туған жеріміз, өзіміздің туған-туысқанымыз,  дос-жаранымыз  бен тұратын еліміз.

Қазақтың байтақ даласы бүгінгі күнде 130-дан  артық  ұлт  өкілдеріне  ортақ Отан  болып тұр. Мұнда  ұлтына,  нәсіліне  қарамай,  барлық  халық өкілдерібір-біріментуысқандай болып кеткен. Қазақстанның  шаруашылығы мен  мәдениетін  дамытуға  барлық  ұлт  өкілдері  белсене  қатысып, бірлесе еңбек  етіп  келеді. Сондықтан да, 1 мамыр – Қазақстан  халқы үшін  ең  ірі  мерекелердің  бірі.  Бұл  мерекенің  мақсаты,  ел ішіндегі  түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ  құндылықтарды насихаттау. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды құндылығымыз. Осы  жетістіктерді  бағалау,оны  сақтау  жолында  аянбай  еңбек  ету  әрбір  ұлт  азаматтарының  міндеті.

Еліміздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру мақсатында  «Достық үйі» атты бір шаңырақ астында шоғырланған ұлттық-мәдени орталықтар мерекеде ән айтып, би билеп,  дәстүр  мен  салтқа  толы  түрлі  көріністер көрсетіп, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырады. 1995 жылдың наурыз айында дәл осы күні ұлтаралық татулық пен  тұрақтылықтың  кепілі– Қазақстан  халықтары  Ассамблеясы  құрылды.

Бүгінгі күні әрбір ұлт өкілдеріне салт-дәстүрлерін жаңғыртуға,  мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілін жетілдіруге қамқорлық  көрсетілуде. Осының  барлығы  қоғамдағы  азаматтық  ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық  қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында  мүмкін  болуда.

Біздің мемлекет бейбітшілікті жақтаушы, тыныштықты сақтаушы ел. «Бірлігі жоқ ел  тозады, бірлігі күшті ел  озады» деген халық мақалы да тегін емес. Халқымыз достық, ынтымақтастыққа ерекше мән берген «Қырғыз-қазақ бір туған», «Өзбек – өз ағам», «Түбі бірге түркімен» деп қырғыз, өзбек, түркімен және тағы басқа ұлттарды ынтымақтастыққа шақырған. Халқымыздың бірлігі отбасынан басталады, бүкіл елдің, барлық адам баласының бірлігімен ұласады. Халқымыздың қанға сіңген осы берік бірлігі, ұйымшылдығына, басқа халықтармен одақтасып, достаса білуіне халық куә,  тарих куә!

Оған өз отбасым туралы айтсам да толық көз жетеді. Мен қырғыздың  қызымын, ал жолдасым қазақ  жігіті. Алып Алатаудың  арғы  беті мен  бергі  бетін  ен жайлаған  қазақ пен қырғыз ежелден  төскейде  малы, төсекте  басы қосылған халық. Екі елдің төрт түлігі бір  далада жайылып, қыз алысып, қыз  беріскен, құда-жекжат болып етене араласқан туыстығымыз ерекше. Қырғызстанның Нарын  қаласында  орта мектепті бітірген соң 1982 жылы Көкшетауға келіп, оқуда  жүрген  кезімде   жолдасым Маратпен танысып  бірге  оқыдық. Кейін  отбасын  құрып,  екеуміз  ұл, қыз тәрбиелеп,   қазіргі кезде немере сүйген бақытты ата-әжеміз.

Осы  жылдар аралығында  ұстаздық  қызмет  етіп,   ұлтымыздың   сәндік-қолданбалы өнерін, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілік  болмысымызды  қайта  жандандыруға, балалардың ұлттық  қолөнерге  деген қызығушылықтарын  арттырып,  ұлағатты  ұл,  инабатты  қыз  тәрбиелеуге өз  үлесімді  қосудамын.

Жас  ұрпақ  қыздарымызға   ұлттық  қолөнерді  үйретіп, бірлігі  жарасқан  көп ұлтты қаламыздағы №2 мектеп-лицейінде қызмет етіп келемін.   Сонымен қатар,  қоғамдық  жұмыстарға да белсене  қатысып, қаламыздағы  «Достық» үйінің жанынан ашылған  Қазақстан  халқы  Ақмола  ассамблеясы жанындағы сәндік-қолданбалы өнер шеберлері одағының төрайымы,  Қазақстан халқыАқмолаассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің  мүшесімін.

Осы орайда,ойыма мына бір аңыз оралып отыр. Баяғыда бір кісі  бармақтай   құсты  ұстап  алып,  торға  қамап  қояды.  Тұтқын  құс  күні-түні  дамыл  көрмей, «Отан,Отан, Отан…» деп шырылдай  береді.  Құстың  иесі: «Мұның  да  Отаны  болғаны ма, ал, Отаны  болса қайда  екен?» деп құсты ұшырып  жіберейін  де, ұшқан жағына қарап, ғажайып елге апаратын  жолды  біліп  алайын»  деп  ойлайды.  Сөйтіп, торды ашып, құсты босатып  жібереді.  Құс ұшып шығып бар болғаны 10 қадам жердегі тастақты тақырдың  арасында өскен жалғыз түп ағашқа  барып  қонады. Сөйтсе, әлгі бұтада  ұясы бар екен. «Демек,  құстың  Отаны – ұя  салған  жері  болды ғой» деп  ойлайды  жаңағы  адам.  Шынында да,  адам  түгілі  құстар да  ұя  салып,  мекендеген  жеріне   бауыр  басып  кетеді  екен.

Кеңпейілді қазақ халқының дархан даласын жайлаған барша ұлт  өкілдері қазақ жерін Отаным  дейді. Мұндай  мақтаныш  сезімімен  айтылған   сөз жанымызды жадыратады. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым  сыйластық  үстемдік құрған жерлерге қашанда игі істердің жұғысты келетіні белгілі.

1 мамырмерекесі қарсаңында баршаңызға бақыт, зор денсаулық,  еңбектеріңізге табыс тілеймін. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың   достығы, өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі  ұлтаралық татулықәрдайым берік болып, ынтымақ, бірлік басты қағидамыз бола берсін.

Гульбара  НАМАЗБЕКҚЫЗЫ,
Қазақстан  халқы  Ақмола ассамблеясы  жанындағы  сәндік-қолданбалы  өнер  шеберлері  одағының  төрайымы,  Аналар  кеңесінің  мүшесі, Көкшетау қаласындағы №2 орта  мектеп-лицейінің көркем еңбек  пәнінің  мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар