Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сессиядан көп әсер алдым - АРҚА АЖАРЫ

Сессиядан көп әсер алдым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзін зейін қойып, мұқият тыңдадық. Мемлекет басшысы қоғамдағы бірліктің бастау алар тұсын кеңінен тарата айтып, ел назарын түйінді тұстарына аударды. Мәселен, «Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде.

Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Қазақстан олар үшін  туып-өскен, ер жеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс». Мемлекет басшысының осы пікірі санамен салмақтаған адамға ой салатын мейлінше мазмұнды, астарына атан түйеге жүк болар салмақ бөккен аталы сөз. Біздің татар-башқұрт этносы жергілікті жұртпен біте қайнасып кеткелі қашан. Егер мен біздің жұрт қазақтың болмысын бойына сіңіргендігі туралы таратып айтсам, алысқа ұзап кетер едім. Қасиетті Көкше жерін мекендеген татар-башқұрттар осы ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем, ырысы мол өлкені өздерінің кір жуып, кіндік кескен туған жері, Отаны санайды.

Өйткені, бұл жерді біз ғана емес, біздің ата-бабаларымыз мекен еткен. Тағдыр маңдайымызға қандай тарту тартса да, қай сынағын алдымыздан тосса да, біз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, пенденің пешенесіне жазылар сыбағасын бірге көріп келеміз. Таржол, тайғақ кешуден де бірге өттік. Алдағы арайлы күндерге де қол ұстасып бірге аттанып барамыз. Ал, салт-дәстүр мәселесін сәл ғана таратып айтатұғын болсақ, тіпті пәлендей айырма да жоқ. Оған татар-башқұрт халқы әр жыл сайын өткізетін ұлттық мерекесін көзімен көрген жерлестеріміз куә. Біздің арамыздағы аға буын өкілдері қазақ халқынан көрген мейірімді, шапағатты үнемі айтып, жастарға үлгі қылып отырады. Аға буынның жергілікті жердің салт-дәстүрін ұстанатыны соншалықты, екі ұлттың дүние-танымында, ұлттық құндылығында жік қалмай біте қайнасып кеткендей.

Дәстүрлерлің осылайша біте қайнасуы сайып келгенде этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайта түседі. Өзге мәдениетке толерантты болумен қатар, өзіміздің төл мәдениетімізді барынша дамытып, кейбір ұмытыла бастаған құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, ұрпақ кәдесіне жаратуға мол мүмкіндік алып отырмыз. Ақыл таразысына салып безбендейтін болсаңыз, біздің де, қайырымы мол қазақ халқының да бойында әдептілік, жаяуға жалғыз атын түсіп беретін жомарттық, қонақжайлылық басым. Бұл қай жерде болсын кісіліктің тамырын тереңге жіберетін ғажайып қасиеттер. Тұтас ұлттың бойындағы тамаша қасиет әр адамның жеке басындағы ізгілік иірімдерімен молая түспек. Демек, Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздегі үйлесімді этносаралық қатынастың сыры да осында.

Рафаил СУЛКАРНАЕВ,
облыстық татар-башқұрт қоғамдық бірлестігінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар