Тергеу қызметінің майталманы

Алда болатын кәсіби мерекесі – тергеу органдарының құрылғанына 60 жыл толуы қарсаңында полиция подполковнигі Виктор Руф бізге өз қызметінің ерекшеліктері туралы айтып берді. Қазіргі уақытта ол Көкшетау қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары.

Болашақ офицер Сандықтау ауданы Балкашино ауылында дүниеге келген. 2005 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Ішкі істер министрлігінің академиясына оқуға түсті. Бұл мамандықты таңдау кездейсоқ емес еді, ол жастайынан өз өмірін Отанға қызмет етуге арнасам деп шешті. 4 жыл бойы таңдаған мамандығының негіздерін игеріп, 2009 жылы туған жеріне оралды.

Алдымен Сандықтау ауданының полиция бөлімінде тергеуші болып жұмыс істеді, ал, 2012 жылы осы бөлімнің аға тергеушісі болып тағайындалды. Осы міндетті атқаруда өзінің ең жақсы қасиеттерін көрсете отырып, 2015 жылдың қазан айында Есіл аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары болып тағайындалды. Ал, 2022 жылдың қазан айында Виктор Руф Көкшетау қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары қызметіне ауыстырылды.

Қызмет барысында Виктор Николаевич көптеген қылмыстық істерді тергеді. Оның ішінде екі немесе үш кісі өліміне байланысты күрделі  істер де болды. Әңгіме барысында өзі айтқанындай, тергеушілердің жұмысындағы ең бастысы, кез-келген істе шындықты анықтау, өйткені, қылмыстық істердің артында адам тағдыры жатыр.

–Тергеуші мамандығы оңай емес. Біз, тергеушілер қылмыскерлерді өзіміз ұстамасақ та, біздің міндетіміз – болған оқиғаның ақ-қарасына жетіп, кінәлілердің жазалануы, – дейді В.Н.Руф. – Бұл ретте, аналитикалық ақыл-ой, жауапкершілік, шыдамдылық пен зейіннің болуы өте маңызды. Тергеушілерге психология туралы білім де қажет, өйткені, біз күн сайын әртүрлі адамдармен кездесеміз.

Иә, полиция жұмысының құрамдас бір бөлігі болып табылатын тергеуші қызметін ешкім де жеңіл деп айта алмайды. Осы жолда табанды да сауатты жұмысымен көзге түсіп келе жатқан Виктор Николаевич Руфқа және әріптестеріне тек сәттілік тілейміз!

 Әсем ӘБДІКӘРІМОВА,
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар