Көкшетауда Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, оған қалалар мен аудандардың әкімдері, өңірдің мемлекеттік органдарының басшылары қатысты.
Отырысты аша отырып, өңір басшысы сыбайлас жемқорлық елдің тәуелсіздігіне ғана емес, қауіпсіздігіне де кедергі келтіретінін, өмір саласына кері әсерін тигізетінін және халықтың әл-ауқаты мен қоғамның дамуын төмендететінін атап өтті.
Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат отандық тәжірибе мен озық шетелдік тәжірибені ескере отырып, қоғамның сұраныстары негізінде үнемі жетілдіріліп отырады. Жаңа тәсілдер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне барлық мемлекеттік құрылымдарды тартуды көздейді, бұл ретте қойылған міндеттерді орындау үшін әрбір мемлекеттік органның кәсіби жауапкершілігін арттыру қажет.
«Өткен жылдан бастап облыстық басқармаларда №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл»үлгілік базалық бағыты іске асырылуда. Қазіргі уақытта бұл жұмысқа аудан әкімдіктері де қосылды. ҮББ-4 іске асыру үшін 90 мемлекеттік қызметші жұмылдырылды. Осы бағытта кешенді тәсілді жалғастыру керек», — деді Ермек Маржықпаев.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Арман Рахимов өз сөзінде қатысушылардың назарын ауылдық округтер әкімдерінің қаржылық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жобаларды уақтылы және сапалы іске асыруды қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.
Отырыста жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі қызметі қаралды. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы және Целиноград ауданының әкімі баяндама жасады.
Талқылау қорытындысы бойынша облыс әкімі ведомстволық бағынысты мекемелердің басшылығына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.
Дереккөз: www.gov.kz